
Баяндамашының айтуынша, облыс аумағында шомылуға жарамды 117-ден аса суайдын бар екен. Республика бойынша жыл басынан бері 33 адам (13-і бала) суға батып қаза тапқан. Ал шомылу маусымы басталғалы 19 адам (7 бала) суға бату салдарынан мерт болған.
– Қаза тапқандардың басым көпшілігі 19 жастан 45 жасқа дейінгі еңбекке жарамды азаматтар. Статистика көрсеткендей, судағы оқиғалар көп жағдайда адамның кінәсінен, өз күші мен мүмкіндігін асыра бағалаудың, судағы жүріс-тұрыс ережелерін елемеудің, атап айтқанда, тыйым салынған және бейтаныс жерлерде шомылудың, масаң күйде болудың салдарынан болады.
Облыстық мәслихаттың шешімімен облыс аумағындағы 189 орында шомылуға тыйым салынған. Сондай-ақ облыс әкімінің қаулысымен су объектілерінде шомылуға рұқсат берілген 13 орын белгіленген.
Айта кетейік, суайдындарда демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша патрульдеу үшін стационарлық және мобильді 8 бекет қойылды. Суайдындарда адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында кең ауқымды алдын алу шаралары ұйымдастырылды. «Судағы қауіпсіздік» тақырыбы бойынша 41 баннер, 383 ескерту және тыйым салу белгілері, 29 көрнекі стенд орнатылды.
Шомылу маусымы басталғалы бірлескен рейдтер өткізу кезінде 88 бұзушылық анықталды. Ортақ су қағидаларын бұзу бойынша 31 адам жауапкершілікке тартылса, алькогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру бойынша 47 адамға хаттама толтырылып, 459 010 теңге айыппұл салынды. Ал суайдындардағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау бойынша 10 адамға хаттама толтырылды, – дейді Руслан Нұрланұлы.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ