
Ауданға қарасты Қарасаз ауылдық округінің шаруалары да шөп шабу және мал азығын дайындау науқанын үлкен қарқынмен бастады. Қысқы жемшөптің мол қорын дайындауға кіріскен шаруаларды бүгінде тек алқап басынан табатынымыз анық.
Қарасаз ауылындағы «Қуат» шаруа қожалығында да орақ науқанының басталғанына бірнеше күн болыпты. Шөптайлағыш агрегатты тіркемесіне алып, төңіректі еңбек әуеніне бөлеп жүрген «ГАЗ-53» жүк көлігінің кабинасынан шаруа қожалықтың басшысы түсіп, өзін Қуат Сыздықбаевпын деп таныстырды. 2003 жылы құрылған шаруа қожалықты бастапқыда әкесі Нұржан Сыздықбаев құрып, басқарса, кейіннен бар жұмысты ұлы Қуатқа сеніп тапсырыпты.
Әкесі Нұржан Сыздықбаев Қарасаз ауылында туған. Ауыл мектебін аяқтаған соң Шымкент қаласындағы техникумда оқиды. Ауылға келген соң мектепте шаруашылық меңгерушісі болып жұмысқа орналасады. Әрі қарай «Бірлік» өндірістік кооперативінде ферма меңгерушісі болып ұзақ жыл еңбек еткен. Ал кейін ветеринария саласында жұмыс істеп, сол мекемеден зейнетке шығып, қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көруде.
– Қожалыққа тиесілі 10 гектар жеріміз бар, оның барлығы – шабындық жер. Түсім жаман емес. Мына жоңышқа алқабы гектарына орта есеппен 150-ге жуық түктен беріп жатыр. Алдыңғы жылдары біз бұл алқаптан 200-250 түк жинаған болатынбыз. Шөп оратын және жинайтын техникалардың барлығын жалға аламыз. Тайланған шөпті жинауға ұлдарым қолғабыс етуде. Екі ұлым кішкентайларынан техникаға жақын болып өсті. Мен де олардың бетін қайтарған жоқпын. Керісінше, олардың үйренгені өздеріне жақсы. Қазіргі таңда олар техниканың барлық түрін жүргізеді. Көктемгі дала жұмыстарында, шөп жинау науқанында да екі ұлымды жанымнан тастаған емеспін. Бұзылып қалған техникаларды өзіміз жөндей береміз. Орақты бір апта бұрын бастадық. Өзімде трактор мен шөптайлағыш болмаған соң көршілес шаруа қожалықтардың тракторларын жалға алдық. Шөптің түсімі өткен жылға қарағанда аз. Мұны біз жауынның аз түсуінен деп жорамалдап отырмыз. Енді бұйырса, бір-екі күнде орылған жоңышқа сәл дегдісе болды, тайлауға кірісеміз. Тайланған шөптің біраз бөлігін үйге жинап алған соң, қалғаны ауыл тұрғындарына сатылады. Әзірше бәрі ойдағыдай, – дейді шаруа.
«Қуат» шаруа қожалығы егіншаруашылығымен қатар, мал өсірумен де айналысады. Үй іргесінен мал тұратын жылы әрі жарық қоражай салынған. Қожалықтың қолдағы төрт түлік малының қысқы шөбі мен жемі қарамағындағы 10 гектар егістік алқабынан дайындалады. Күнделікті шаруашылық жұмыстарына ұлдары қолғабыс жасауда.
– Көктем айларындағы жауынның аз болуы шаруаға кері әсерін тигізді. Өткен жылы қара күзге дейін бір алқапты үш-төрт мәрте орып алған болатынбыз. Бұл жолы олай оруға келмейді. Биыл дала жұмыстары басталғанда бағасы шарықтап шыға келетін жанар-жағармайды да мемлекет жеңілдетілген бағамен ұсынып отыр. Мұның өзі шаруаларға үлкен көмек, – дейді Қуат Нұржанұлы.
Қожалық төрағасы орақ науқанын аз күнде аяқтап, мал азығының мол қорын дайындайтынына сенімді.
Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
журналист,
Жуалы ауданы