
Осы жауапты қызметті абыроймен атқарып келе жатқан аудандық электр тарату мекемесінде бүгінде 60 қызметкер еңбек етеді екен. Мекеме теңгерімінде 12 техника бар. Мекеме басшысы Рабат Сәрсеновтің айтуынша, қазіргі таңда аудан аумағындағы 10 100 жеке тұрғын үй тұрақты түрде электр қуатымен қамтамасыз етілсе, 134 заңды тұлға осы мекеме арқылы жарыққа қосылған.
– Аудандағы тұрғындарды және заңды тұлғаларды сапалы электр энергиясымен қамту – күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе. Қазіргі таңда аудан көлемінде тұтынушыларға электр қуатын жеткізу мен тарату қызметі заңнамалық талаптарға сәйкес атқарылуда. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментінің тиісті хаты негізінде және «Жамбыл электр желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің №11 өкіміне сәйкес тұтынушылардың санатына қарай сараланған тариф енгізілді. Жаңа тариф бойынша жеке тұлғалар үшін электр энергиясының орташа босату бағасы – қосылған құн салығын есептемегенде 34 теңге 32 тиынды, қосымша құн салығын қоса алғанда 38 теңге 44 тиынды құрайды. Ал заңды тұлғалар үшін қосымша құн салығынсыз 64 теңге 52 тиын, ал қосымша құн салығымен 72 теңге 26 тиын болып белгіленді. Аудандық электр тарату мекемесіне қарасты негізгі қосалқы стансалар Ерназар және Айша бибі ауылдық округтерінде орналасқан. Олардың қуаты 35/10 кВт-қа тең. Аудан аумағында жалпы ұзындығы 220,4 шақырым болатын 10 кВт-тық және 226,6 шақырым болатын 0,4 кВт-тық әуе электр желілері бар. Сонымен қатар тұтынушыларды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ететін 105 трансформаторлы тарату қосалқы стансасы жұмыс істеп тұр. Өткен жылы осы қосалқы стансалардың 17-сі толық күрделі жөндеуден өткізілсе, тағы 50-і ағымдағы жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар Ащыбұлақ, Еңбек, Ерназар және Шайқорық елді мекендерінде жүзеге асырылды. Ал осы жылы Тастөбе, Қарасу, Еңбек, Қостөбе, Аса және Жамбыл ауылдарында 10 кВт-тық әуе желілеріне ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп, Ф-17, Ф-21, Ф-16 бағыттарындағы қосалқы стансаларға тиесілі электр желілерің бойы тал-дарақтан арылып, ол маңдарға санитарлық тазарту жұмысы жүргізілді. Бұған қоса Аса ауылдық округінің Жетітөбе, Қаратау, Төле би, Мақашев және Мірхалықов көшелеріндегі қосалқы стансалар толық көлемде күрделі жөндеуден өткізіліп, жергілікті тұрғындарға жарықты үздіксіз жеткізуге жағдай жасалды, – дейді Рабат Полатұлы.
Өткен жылы ауданда электр жүйесін жаңғырту бағытындағы инвестициялық бағдарлама аясында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылыпты. Осы инвестициялық бағдарлама негізінде Шәкен Ниязбеков елді мекенінде электр желілері толықтай жаңартылып, инфрақұрылым сапасы айтарлықтай жақсартылған екен. Нақты айтқанда, қуаттылығы 250 кВт болатын 4 қосалқы трансформатор стансасы орнатылып, жалпы ұзындығы 11,225 шақырым болатын өздігінен оқшауланған (СИП) сым тартылыпты. Сонымен қатар ескі ағаш тіректердің орнына 173 «СВ-95» маркалы темір-бетон бағаналары орнатылды. Тұрғын үйлерге 304 заманауи электронды үлгідегі ДТЗ карталық, яғни дербес тұтынушы есептеуіш құрылғысы қойылып, есеп жүргізу автоматтандырылған екен.
Биыл ауданның өзге де елді мекендерінде электр желілерін жөндеу, жаңарту жұмыстары жалғасын тапқан. Мысалы, Айша бибі ауылында 5 қосалқы станса толық күрделі жөндеуден өткізіліп, желі бойындағы тал-дарақтар кесіліп, электр желілері тазартылған. Тастөбе елді мекенінің 0,4 кВт-тық әуе желілері мен қосалқы стансалары ағымдағы жөндеуден өткен. Ал Аса ауылындағы Төле би көшесінде орналасқан №34 қосалқы станса толық көлемде жөнделіп, жергілікті тұрғындар сапалы электр энергиясына қол жеткізу мүмкіндігіне ие болыпты.
– Биыл ауданда электр желілерін жаңғыртуға бағытталған инвестициялық бағдарлама аясында бірнеше елді мекенде ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Атап айтқанда, Ерназар ауылында – 3, Аса ауылында – 2, Қапал мен Жамбыл ауылдарында бір-бірден, барлығы 7 қосалқы трансформатор стансасын ауыстыру жоспарланған. Бұл жұмыстар шеңберінде ескірген ағаш және темір тіректердің орнына заманауи темір-бетон бағаналар орнатылып, әуе желілеріндегі ескі сымдар өздігінен оқшауланған сымдарға ауыстырылуда. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде. Аталған жоба аясында «СВ-105» маркалы 32 және «СВ-95» маркалы 611 темір-бетон бағана орнатылмақ. Сонымен бірге қуаттылығы 250 кВА болатын 10/0,4 кВт-тық 7 қосалқы трансформатор жаңасына қосалқы трансформаторға алмастырылады. Жалпы ұзындығы 23 515 метр болатын «СИП 4x50» маркалы сым ауыстырылуы тиіс. Бүгінгі күнге дейін Ерназар ауылында 270 темір-бетон бағана мен 1700 метр «СИП» сымы жаңартылып, тиісті жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Алдағы жылы да бұл жұмыстар жалғасын табады. Жоспарға сәйкес Өрнек, Аса және Ерназар ауылдық округтеріндегі тозығы жеткен тіректер мен сымдарды жаңалау көзделіп отыр. Айта кету керек, қазіргі таңда аудан бойынша жекеменшік пен бюджеттік мекемелердің теңгерімінде 515 қосалқы трансформатор және 227,490 шақырым әуе желісі тіркелген. Дегенмен олардың басым бөлігі әлі күнге дейін ағымдағы немесе күрделі жөндеуден өтпеген. Қыс кезінде бұл нысандар жиі ақауға ұшырап, тұрғындарға қолайсыздық тудырып отыр. Осыған байланысты электр тарату мекемесі тиісті ұйымдар мен меншік иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бірқатар кәсіпкер жөндеу жұмыстарына қолдау білдіруде. Алайда жекеменшік баланстағы қосалқы стансалар мен желілер жөнделмесе, аудандық деңгейде жүргізіліп жатқан күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының тиімділігі төмендейтіні анық. Сондықтан бұл мәселеге тиісті органдар мен жергілікті биліктің назар аударып, нақты шешім қабылдауы қажет, – деді аталған мекеме басшысы.
Р.Сәрсенов берген мәліметке сүйенсек, жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде ауданның бірқатар ауылында электр желілерінің сапасы жақсара түскен. Қазіргі таңда жоспарлы жөндеу мен жаңғырту шаралары тұрақты түрде іске асырылуда. Аудан тұрғындарын электр энергиясымен сапалы әрі үздіксіз қамтамасыз етуде атқарылар жұмыс сапасы негізінде осындай болса керек.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ