ҚОЛДАУ КЕҢ КӨЛЕМДЕ КӨРСЕТІЛУДЕ
Атап айтқанда, осы жобаға қатысқан ауыл тұрғындарының бірі үй іргесіндегі жерін қараусыз қалдырмай, оған көкөніс егіп, бау-бақшаға айналдырса, тағы бірі малшаруашылығын дамыту мақсатында жеңілдетілген несие алу арқылы төрт түліктің санын көбейтуде. Ауыл сыртындағы жерлерді игеруге де барынша қолдау көрсетіліп, диханшылыққа түбегейлі бет бұрғандардың да саны артты. Шаруаға ден қойғандар кооперативке бірігу арқылы ортақ мүддеге қол жеткізуде тізе қоса қимылдаса, енді бірі өз кәсібін ашып, ауылда шағын цехтар көбейе бастады. Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, 2024-2025 жылдары айналым қаражаты (револьверлік қаражат) есебінен 12,8 миллиард теңгеге 1936 жоба қаржыландырылыпты. Бұрнағы жылы аталған жоба аясында 8,7 миллиард теңгеге 1369 жоба жүзеге асырылған екен. Оның ішінде үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану, яғни бірінші бағыт бойынша 44,5 миллион теңгеге 6 жоба қаржыландырылған. Екінші – малшаруашылығын дамыту бағыты аясында 7 323,2 миллион теңгеге 1188 жоба іске асқан. Үшінші – ауыл сыртындағы жерді игеру бағыты шеңберінде 116,4 миллион теңгеге 6 жоба қолдау тапқан. Ал ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашуына, яғни бесінші бағытқа 1 275,0 миллион теңге бөлініп, 169 жоба жүзеге асыпты. Бұл жұмыстар өткен жылы да жалғасын тауып, 4,1 миллиард теңгеге 567 жоба қаржыландырылған. Бірінші бағыт бойынша 298,5 миллион теңгеге 41 жоба іске қосылған. Екінші бағытқа 301,4 миллион теңге бөлініп, 48 жоба жүзеге асқан. Ауылшаруашылығы кооперативтерін техникамен жабдықтауға қатысты төртінші бағыт бойынша 60 миллион теңгеге 2 жоба қолдау тауыпты. Бесінші бағыт аясында 3 426,5 миллион теңгеге 476 жоба қаржыландырылған. Бұдан бөлек 2024 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен жобаның төртінші бағыты – ауыл шаруашылығы кооперативтерін техникамен жабдықтау бойынша қосымша 1,4 миллиард теңгеге 60 жоба қаржыландырылған екен. Нәтижесінде 10,1 мың бас мал сатып алынып, жылыжай салу бойынша 44 жоба жүзеге асырылған. Сондай-ақ 631 бизнес-жоба іске қосылып, жалпы бір мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылыпты.
– 2025 жылы ауылдар мен шағын қалаларда кәсіп бастаймын деген адамдарға микрокредит пен лизинг беру тәртібіне сай қаржы қарастырылған. Бұл жұмыстарды жүргізу ісі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің өткен жылғы 16 маусымдағы бұйрығымен бекітілген қағидалар негізінде жүзеге асырылуда. Оның ішінде жобаның бесінші бағыты аясында ауыл тұрғындары өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Осы бағыт бойынша Байзақ, Жуалы, Меркі, Талас және Қордай аудандарында жалпы сомасы 650,5 миллион теңгеге 9 жоба қаржыландырылып жатыр. Оның бесеуі сүт өндіру бағытына арналған. Бір жоба бойынша ет өңдеу ісі қолға алынды. Екі жоба құс шаруашылығын дамытуға бағытталса, тағы бір жоба ауылшаруашылығы техникасын сатып алуды көздейді. Аталған жобалар нақты іске қосылған кезде 36 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Осы жұмыс орындарына еңбекке мұқтаж, табысы төмен немесе жұмыссыз ретінде тіркелген Д және Е санатындағы азаматтарды тарту көзделді. Жобалардың барлығы тиісті аудандардың даму жоспарларына енгізілген. Атап айтқанда, Байзақ ауданында «Дән» ауылшаруашылығы кооперативі сүт бағытында жұмыс істейді. Жуалы ауданында да «Азиз», «Ерасыл 2022», «Қуатбек-2020» кооперативтері сүт және сүт өнімдерін өндіруді қолға алды. Меркі ауданындағы «ЗагКом» кооперативі етті қайта өңдеумен айналыспақ. Талас ауданында да «ARTA ZA» кооперативі сүт өндіреді, ал «Агрохолдинг Талас» кооперативі техника алуды жоспарлап отыр. Қордай ауданында «Елибай 4937» және «Eco-Chiken» кооперативтері құсшаруашылығын дамытпақ. Бүгінде аудан әкімдіктері облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, жинақталған талдамалық ақпаратты нақтылап, пысықтап жатыр. Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес 30 қаңтарға дейін аудан деңгейінде жүргізілген зерделеу нәтижелері негізінде анықталған басым бағыттарға қай елді мекендердің сәйкес келетінін қарап, басқармаға ұсыну қажет болатын. Бұл жұмыстар қазіргі уақытта «AMANAT» партиясының облыс бойынша жобалық кеңсе үйлестірушісімен бірлесіп атқарылуда. 2026 жылы жоба аясында барлық ауданнан ұсынылған, жалпы сомасы 2,6 миллиард теңгені құрайтын 37 жобаны іске асыру көзделді. Оның ішінде екінші бағыт бойынша, яғни малшаруашылығын дамытуға 2 миллиард теңгеге 17 жоба ұсынылған. Ал ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашуына арналған бесінші бағыт аясында 665 миллион теңгеге жүзеге асуы тиіс 20 жоба бар. Қазір осы жобаларға жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Ұсынылған 37 жобаның 20-сы сүт өндірісіне, тоғызы ет бағытында, біреуі құсшаруашылығына, төртеуі балық өсіруге арналған. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу, су үнемдеу технологиясын енгізу және тыңайтқыш өндіру бойынша 3 жоба бар. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Аталған жоспар бүгінде қарауға ұсынылды, – дейді Сандуғаш Ермаханқызы.
Қазіргі уақытта аудан әкімдіктері мен облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасына «AMANAT» партиясының облыс бойынша жобалық кеңсе үйлестірушімен бірлесіп, бірқатар нақты міндеттерді жүзеге асыру жүктеліптті. Нақты айтқанда, жауаптылар аудан деңгейінде жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша айқындалған басым бағыттарға қай елді мекендердің сәйкес келетінін қарап, сол бойынша жинақталған талдамалық ақпаратты шұғыл түрде ұсыну қажет. Сонымен қатар аудандардың даму жоспарларына енгізу үшін жобалардың нақты тізбесін жасап, оларды іске асыру барысында қол жеткізілетін нысаналы көрсеткіштер мен индикаторларды айқындап, бекіту тапсырылып отыр. Бұл әр жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты нәтиже беретіндей етіп жоспарлануы үшін қажет көрінеді.
КООПЕРАТИВТЕРДІҢ ҚАТАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Жалпы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасы мемлекеттік бағдарлама болғаннан кейін «AMANAT» партиясы аталған жобаның орындалуына қоғамдық-саяси бақылау жасайтыны белгілі. Жобаның маңыздылығын халық арасында түсіндіріп, оның іске асуына мониторинг жүргізеді. Негізінен партия жанынан арнайы құрылған жобалық кеңселер аймақтардағы жұмысты үйлестірумен айналысады. Осы ретте біз Қазақстан Республикасы Үкіметі және «AMANAT» партиясының өңірлік даму жобалық кеңсесінің облыстық үйлестірушісі Айман Ақынбековамен тілдескен едік. Оның сөзіне сүйенсек, Әулиеата өңірінде кооперативтік жобаларды іске асыру және жеке қосалқы шаруашылықтарды тарту жұмысы қарқынды жүруде.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 28 қарашада ауыл әкімдерімен өткен Ашық диалог платформасында кооперацияны дамытудың және ауыл экономикасының белсенділігін арттырудың стратегиялық маңызын атап өтті. Президенттің айтуынша, әрбір ауыл әкімі халықтың табысын арттыруға бағытталған нақты нәтижелерге қол жеткізуі тиіс. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында «AMANAT» партиясының тәжірибесі негізінде «Әкімдер мектебі» жобасы аясында 151 ауылдық округ әкімі оқудан өтіп, 752 инвестициялық жоспарлы жоба дайындады. Кооперативтер саны – 142, оның ішінде 2025 жылға – 26, 2026 жылға 27 кооперативтік жоба жоспарланды. «AMANAT» партиясының өңірлік даму жобалық кеңсесінің тарапынан суйемелдеуге алынған жобалардың құжаттары толығымен жинақталып, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының кредиттік комитетінде мақұлданды. Бұл істі жүзеге асыруда кооперативтік жобаға кемінде 30 пайыз жеке қосалқы шаруашылықтарды тарту қағидасы сақталды. Бүгінгі күні қаражат алуға байланысты тиісті келісімшартқа қол қойылуда. Тарқата айтқанда, аталған ауылшаруашылығы кооперативтерімен нақты жұмыс ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Скрининг жасау, кооператив құрамына кемінде 30 пайыз жеке қосалқы шаруашылықтарды тарту және қажетті құжаттарды жинақтау шаралары 2025 жылғы 1 маусымнан бастап қолға алынған. Сүт өндіру бағыты бойынша «Қуатбек» ауылшаруашылығы кооперативі Жуалы ауданының Нұрлыкент ауылдық округінде жұмыс істеуде. Сондай-ақ «Ерасыл – 2022» кооперативі Жуалы ауданы, Күреңбел ауылдық округінде орналасқан. «Азиз» кооперативі де Жуалы ауданындағы Қошқарата ауылдық округінде сүт бағытында қызмет атқаруда. Байзақ ауданындағы Сазтерек ауылдық округінде «Дән-2017» кооперативі осы бағытта жұмыс жүргізіп келеді. Ет өңдеу саласында «Загком» кооперативі Меркі ауданының Жамбыл ауылдық округінде қызмет етуде. Құс шаруашылығы бағыты бойынша «Жуалы құс» кооперативі Жуалы ауданының Бауыржан Момышұлы ауылдық округінде жұмысын бастады. Аталған кооперативтер арқылы ауыл тұрғындарын ортақ іске жұмылдыру, олардың табысын арттыру басты мақсат ретінде қарастырылған. Аудан әкімдерімен және ауылшаруашылығы басқармасымен бекітілген өзге кооперативтік жобалар бойынша скрининг нәтижесіне және 30 пайыз жеке қосалқы шаруашылықтарды тарту талаптарына сәйкес келмегендіктен «AMANAT» партиясының өңірлік даму жобалық кеңсесі тарапынан аталған жобалар бойынша құжаттарды жинақтау және сүйемелдеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан мал шаруашылығы бағытындағы кооперативтердің кемінде 10 мүшесіне жалпы сомасы 100 миллион теңгеден аспайтын жеңілдетілген несие беру талабы нақты белгіленді. Осыған орай жергілікті жерлерде халықпен кездесулер өткізіліп, аталған талаптар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде кооператив құру жоспарланған ауылдық округтерде 10 және одан да көп жеке қосалқы шаруашылық кооператив мүшелігіне кіруге ниет білдіріп, жеңілдетілген несие алуға қажетті құжаттарын жинақтап, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына өтінімдер жолданды. Алайда аталған акционерлік қоғам тауарлық сүтті ірі қара малды сатып алуға қатысты жобаларды қабылдаудан және қаржыландырудан бас тартқан. Аталған шешім ауылшаруашылығы басқармасының белгіленген талаптарымен байланыстырылуда. Мұндай шектеу ауыл тұрғындарының кооперативтерге бірігуіне кедергі болып, жобалардың толыққанды іске асуына әсер етуде және облысқа бекітілген негізгі индикатордың орындалмау қаупін тудырып отыр, – дейді Айман Тұрғанғазиқызы.
Биыл «AMANAT» партиясының өңірлік даму жобалық кеңсесі «Ауыл аманаты» жобасын жүйелі түрде жүргізу және оны нығайту мақсатында бірқатар ұйымдастырушылық шараларын жүргізіпті. Сол үшін партия филиалдарының төрағалары, экономика және бюджеттік жоспарлау, ауылшаруашылығы басқармаларының басшылары, аудан әкімдерінің ауылшаруашылығы жөніндегі орынбасарлары, тиісті бөлім жетекшілері, сондай-ақ «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының өкілдері бірігіп, «WhatsApp» мессенджерінде арнайы чат ашылыпты. Бұл чат арқылы 152 ауылдық округтен скрининг кестелер жедел түрде жинақталған. Яғни, әр ауылдық округ өзінің жағдайын, басым бағыттарын және қажетті мәліметтерін осындай форматта жіберген екен. Ауданның жергілікті атқарушы органдары алынған ақпаратты қарап, талдап, ауылшаруашылығы саласындағы жергілікті уәкілетті органмен келісім жасайтын көрінеді. Осыдан кейін олар барлық мәліметті жинақтап, талдамалық ақпарат ретінде дайындамақ. Соңында бұл ақпарат аудан әкімінің қолтаңбасымен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға ұсынылады екен. Скрининг деректерін жүйелеу үшін «AMANAT» партиясының өңірлік даму жобалық кеңсесі арнайы бірыңғай талдамалық шаблон әзірлепті. Бұл шаблонда экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының ұсыныстары да ескеріліпті. Дайындалған бірыңғай формат аудандарға жолданған. Соның арқасында әр ауылдық округ мәліметтерін бірдей жүйеде енгізіп, талдау жұмыстары жеңілдеген. Бұл тәсіл жобаның тиімді орындалуына, деректердің дәлдігі мен ашықтығына септігін тигізіп жатқан сыңайлы.
– «Ауыл аманаты» жобасын 2026 жылы Жамбыл облысында тиімді іске асыру мақсатында жауапты органдар мен орындалу мерзімдері нақты айқындалған іс-шаралар жоспары жобалық офис тарапынан әзірленді. Жоспар облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау, ауылшаруашылығы басқармаларымен, сондай-ақ «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамымен бірлесіп қаралып, енгізілген ұсыныстар негізінде толықтырылды. Қорытындысы бойынша іс-шаралар жоспары бекітуге ұсынылды. Жамбыл облысында 2026 жылға арналған кооперативтік жобаларды дамыту жұмыстары бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Ең алдымен ұйымдастырушылық – талдамалық бөлім барлық ауданнан ақпарат жинап, жобаларды жүйелеп, талдау жүргізеді. Осы негізде ауыл тұрғындары мен кооператив мүшелеріне қолдау шаралары, несие мен техника алу мүмкіндіктері түсіндіріліп, өз кәсібін ашуға және дамытуға жағдай жасалады. Кооперативтік жобаларды ресми тіркеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті құжаттар жинақталады, одан кейін барып жобаларды қаржыландыру шаралары іске қосылады. Жобаларды іске асыру кезінде олардың жұмысын бақылау, нәтижесін бағалау және шағын өндірістік аймақта орналасуын қадағалау жүзеге асырылады. Сол кезде салықтық және статистикалық есептеулерге мониторинг жүргізіліп, кооперативтердің заңға сай жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі. «Ауыл аманаты» жобасын 2026 жылы іске асыру мақсатында ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе отырып аудан, ауылдық округтерден кооперативтік жобалар жинақталды. Облыс бойныша барлығы 37 кооператив, яғни Меркі, Қордай, Шу, Т.Рысқұлов аудандарынан екі-екіден, Жамбыл мен Мойнқұм аудандарынан үш-үштен, Жуалы мен Байзақ аудандарынан төрт-төрттен, Сарысу ауданынан 7, Талас ауданынан 8 жоба қаржыландырылмақ. Қаржыландыру сомасы 2,6 миллиард теңгені құрайды. Жоспарлы жұмыс іске асқан жағдайда берілген индикаторды орындауға мүмкіндік мол. Негізгі индикатор әр кооперативтік жобаға кемінде 30 пайыз жеке қосалқы шаруашылықтарды тарту екенін ескеруіміз керек. Әулиеата өңірінде кооперативтерге тартуға жоспарланған жеке қосалқы шаруашылықтардың саны 5 977-ні құрап отыр. Бастапқыда облысқа берілген индикатор бойынша бұл көрсеткіш 9 772 болған. Алайда жеке қосалқы шаруашылықтарды нақты кооперативтерге тартуда іс екшеліп, талданып, осы арқылы көрсеткіш азайтылып, қазіргі уақытта мәлімет нақтыланып ұсынылды. Кооперативтік жобаларды іске асыруға белсенді қатысатын аудандардың бірі – Жуалы ауданы. 2025 жылы осы аудан 4 кооперативтік жобаны жоспарласа, бүгінде оның барлығы қаржыландырылуда. Ал 2026 жылы кооперативтік жобаларды ұсыну бойынша белсенді аудандарға Талас және Сарысу аудандары қосылды. Осы аты аталған аудандармен жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Жобаларды тіркеу, қаржыландыру, бақылау және нәтижелерін талдау сияқты барлық жұмыс кезең-кезеңімен жоспар бойынша жүзеге асырылуда, – дейді Айман Ақынбекова.
ҚАМДАНҒАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫ
Десе де кооператив құру ісінде оның жұмысын дамытуға қажетті бірқатар мәселе бар. Скрининг нәтижесінде айқындалған сүт бағытындағы кооперативтердің кемінде 10 мүшесіне жалпы сомасы 100 миллион теңгеден аспайтын жеңілдетілген несие беру талабын орындау басты мақсаттың бірі. Асыл тұқымды ірі қара малдың бағасы жоғары және өңірде сатылым шектеулі. Одан бөлек, тасымалдау шығындары мен жеке қосалқы шаруашылықтар кепілдік сомасының төмендігін ескере отырып, тауарлық сүтті ірі қара малды сатып алу жолдарын қарастырса іс оңға баспақ. Кооперативтік жобаға кемінде 30 пайыз жеке қосалқы шаруашылық тарту талабын ескере отырып, кооперативке тартылатын жеке қосалқы шаруашылықтар санын есепке алу мақсатында жобалар мен тәуекелдерді басқаруда қолданылатын «битриск» кестесі жинақталуы қажет көрінеді.
Осы ретте облыстың түкпір-түкпірінде жүзеге асып жатқан жоба бойынша нақты бір ауданның жұмысына қысқаша тоқталсақ артық болмас. Мысалы, ауылшаруашылық саласына арқа сүйеген ауданның бірі – Талас ауданы. Мұнда халықтың басым бөлігі мал өсіруге ден қойса, қазіргі уақытта ауданда сала ісі әртараптандырылып жатқанын айта кетуіміз керек. Соңғы жылдары ауданда ауылдағы ағайынмен қоса Қаратау қаласы халқының табысын арттыруға, тұрғындарды кәсіпке тартуға бағытталған нақты жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. Соның арқасында бақытын ауылшаруашылық саласынан іздеген жұртшылық өнім өңдеу ісіне, қызмет көрсету саласына, шағын өндіріс ашуға бет бұра бастапты. Осындай бастамаларға дем берген бірегей тетіктің бірі – нақ осы «Ауыл аманаты» жобасы. Жоба аясында ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беріліп, жұртшылықтың өз кәсібін ашуға немесе қолда бар шаруасын кеңейтуге мүмкіндік жасалуда.
Аудан әкімдігі ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Жандос Құдиярханның айтуынша, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2023 жылғы 20 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес, ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына басымдық беріліп, «Ауыл аманаты» жобасының рәтін таластықтар да көре бастаған. Осы құжат негізінде 2025 жылға жалпы сомасы 311 миллион 900 мың теңгеге 44 кәсіпкерлік бастама қаржыландырылыпты.
– Өткен жылы қаржыландырылған жобалардың басым бөлігі Қаратау қаласында іске асты. Мұнда 35 жоба қолға алынып, оған 241 миллион 100 мың теңге бағытталды. Сәду Шәкіров ауылында 1 жоба жүзеге асырылып, 9 миллион 800 мың теңге бөлінді. Қызыләуіт ауылында 2 жобаға 15 миллион 400 мың теңге қарастырылды. Тамды ауылында 1 жобаға 5 миллион теңге, Ойық ауылында жүзеге асқан жобаға 6 миллион 500 мың теңге қаралды. Ақкөл ауылында 1 жоба 9 миллион 800 мың теңгеге жүзеге асырылса, Берікқара ауылында 1 жобаға 8 миллион теңге жұмсалды. Үшарал ауылында 1 жоба 8 миллион 200 мың теңгеге, ал Аққұм ауылында 1 жоба 8 миллион теңгеге қаржыландырылды. Аталған жобалар бірнеше бағыт бойынша іске асырылды. Ауыл шаруашылығы саласында 8 жоба қолға алынып, оған 61 миллион 150 мың теңге бөлінді. Оның ішінде 2 жылыжай, 4 түйе шаруашылығы, 1 биогумус өндіру ісі және 1 балық шаруашылығы бар. Тамақ өнеркәсібі бағытында 7 жобаға 51 миллион 560 мың теңге қарастырылды. Бұл қатарда 1 наубайхана, 1 кондитерлік өнім шығаратын орын, 3 кофе дайындайтын нысан және 2 сүт өнімдерін өндіру кәсібі бар. Құрылысқа қажетті өнімдер шығару саласында 7 жоба іске асырылып, 50 миллион 300 мың теңге жұмсалды. Оның ішінде 1 кірпіш өндіретін, 2 дәнекерлеу, 3 жиһаз жасау және 1 шеге шығаратын цех бар. Ең көп жоба қызмет көрсету саласында жүзеге асырылды. Бұл бағытта 22 жоба қолға алынып, 145 миллион 900 мың теңге бөлінді және 23 жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, 3 техникалық жөндеу орталығы, 5 тігін цехы, 3 медициналық орталық, 1 тренажер залы, 3 компьютерлік қызмет көрсету орны іске қосылды. Сонымен қатар полиграфия орталығы, садақ ату үйірмесі, мультимедиялық орталық, құрал-жабдықтарды жалға беру орны, жарнама қызметі, дыбыс жазу орталығы және күзет қызметі ашылды, – дейді Ж.Құдиярхан.

Қаратау қаласында жобаның шарапатын көріп отырған кәсіп иесінің бірі – Гүлім Балықбаева. Ол 2021 жылы тігін цехін ашқан екен. Бұрнағы жылы кәсіп аясын кеңейту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, мемлекет қолдауының арқасында 4,5 миллион теңгеге ие болған. Бүгінде аталған тігін цехында төрт адам еңбек етуде. Тігіншілер түскен тапсырысқа қарай айына 150 мың теңгеге дейін табыс табатын көрінеді. Цех негізінен ерлер мен әйелдерге арналған қазақша киім, биші өнерпаздарға арналған көйлек, мектеп бітіруші түлектерге киім тігу бағытында жұмыс істеп тұр.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ




