
Жақында облыстық қоғамдық кеңес ауылшаруашылық саласында субсидия ала алмай сергелдеңге түскен шаруалардың жай-күйі, малды асылдандыру жұмыстарының қазіргі деңгейі және салада атқарылып жатқан өзге де жұмыстар бойынша кешенді мониторинг жүргізді. Ауылшаруашылығы, жер қатынастары және табиғи ресурстар жөніндегі комиссияның төрағасы Амангелді Карентаевтың айтуынша, асыраушы салада шешімін күткен мәселелер жетерлік.
– Салада түйіні тарқатылмай тұрған түйткілдердің бар екені жасырын емес. Осыны ескере отырып, облыстық қоғамдық кеңес ауылшаруашылық саласын дамыту бағыттары бойынша кешенді зерделеу жұмыстарын жүргізген болатын. Оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, субсидиялау мен инвестиция тарту, техникалық инспекция және асылтұқымды малшаруашылығын қолдау, сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану сынды маңызды бағыттар қамтылды. Бірқатар кемшілік анықталғанымен, басқарма өз құзыреті шеңберінде мемлекеттік саясатты жүзеге асырып, тиісті жұмыстарды жүйелі түрде атқарып келе жатқанын айта кетуіміз керек, – дейді А.Карентаев.
СУБСИДИЯ АЛУДЫҢ ТАЛАБЫ ҚАНДАЙ?
Қоғамдық мониторинг кезінде, ең алдымен, ішкі аграрлық азық-түлік нарығын отандық ауылшаруашылық өнімдерімен және олардың терең өңделген түрлерімен молынан қамту бағытындағы жұмыстар жан-жақты зерделеніпті. Осы орайда облыста аграрлық секторды қолдау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты шаралар қабылданып жатқанын атап өткен жөн. Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, 2025 жылы жалпы 641,2 мың гектар жерге ауылшаруашылық дақылдарын орналастыру жоспарланыпты.
– Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 14,5 мың гектарға артық. Сонымен қатар биыл егіс алқаптарын әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінді. Көкөніс, бақша және майлы дақылдардың көлемін ұлғайтуға басымдық берілді. Бұл өз кезегінде өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң ықпал етеді. Сондай-ақ өңірде ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту бойынша да жүйелі шаралар қолға алынған. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыста 107,7 мың тонна қант өндірілген болса, биылғы жылдың алғашқы үш айында бұл көрсеткіш 48,8 мың тоннаны құрады. Бұдан бөлек 1,7 мың тонна сары май өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 105,8 пайызға, 3 мың тонна ірімшік өндіріліп, 170 пайызға артты. Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілері зардап шеккен кездегі шығыстарының бір бөлігі субсидиялау бағдарламасы аясында өтелетіні белгілі. Десе де субсидияланған жобалар мен алынған техника және құрал-жабдықтарға қатысты міндетті түрде тексеру актісі жасалады. Сонымен қатар Ауылшаруашылығы министрінің 2024 жылғы 25 маусымдағы №217 бұйрығымен субсидиялауға қатысты жаңа талаптар енгізілді. Атап айтқанда, бұйрыққа 25-тармақ қосылып, аудандық ауылшаруашылығы бөлімдеріне субсидия алған тауар өндірушінің мәлімдеген мал басының сақталуын қамтамасыз ету функциясы жүктелді. Мұнда бұрынғыдай жалпы мал саны мен аналық мал санына бөлу алынып тасталған. Бұл ретте төрт түліктің табиғи шығыны зоотехникалық норма аясында ғана есепке алынады. Мал санының сақталуын бақылау субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асады. Аталған жүйенің «Міндеттемелердің орындалу мониторингі» бөлімінде субсидияланған мал басының нақты сақталуы бойынша мониторинг жүргізіледі. Осылайша мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларының ауылшаруашылығын дамытуға бағытталуы, яғни нақты мақсатқа жұмсалуы қатаң бақылауда ұсталуда, – деген Қайрат Есенұлы халықаралық, аймақаралық байланыстарды жүзеге асыру бойынша да жемісті жобалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Тарқатып айтқанда, басқарма бүгінгі таңда жалпы құны 5 миллиард теңгені құрайтын «Zoomlion» және «Fmworld» маркалы тракторларды құрастыру бойынша 2 жобаны жүзеге асыра бастапты. Аталған жобалар фермерлерді қолжетімді ауылшаруашылық техникасымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ саладағы еңбек өнімділігін арттыруға оң ықпал ететін болады.
Су үнемдеу технологияларын өндіру бағытында нақты істер атқарылуда. Бүгінде қытайлық «Kazakh industrial stroi» компаниясы суару арналарына арналған бетон жабындыларын өндірумен айналысуда. Сол секілді осы елдің «Kazkaspi hydro» компаниясы жылына 8 мың тонна өнім өндіретін тамшылатып суару жүйелерін шығарады. Биыл қытайлық «Fufeng Group Ltd» компаниясы жүзеге асыратын жалпы құны 350 миллион АҚШ долларын құрайтын ірі инвестициялық жобаның құрылысы басталады. Жоба толық қуатына енгенде жылына 1 миллион тонна жүгеріні терең қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Ал алғашқы кезеңде, яғни осы жылдың өзінде 300 мың тонна жүгеріні өңдеу жоспарланып отыр. Биыл осы жобаның құрылыс жұмыстарына 56 миллиард теңге, ал 2026 жылы тағы 56 миллиард теңге инвестиция тарту көзделуде. Сонымен бірге құрылғыларды сатып алуға 2025 жылы 95 миллиард теңге, 2026 жылы 38,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Бұдан бөлек облыс аумағында өз өндірістерін орналастыруға ниет білдіріп отырған үш шетелдік инвестор бар. Қазіргі таңда бұл жобалар алдын ала пысықтау кезеңінде.
Басқарма басшысының айтуынша, облыста ауылдық жерлерді дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамту, инфрақұрылымды жақсарту бағытында да бірқатар жоба жүзеге асырылуда.
– «Ауыл аманаты» жобасы аясында биыл 5 миллиард теңге қаржы бөлу жоспарланған. Тиісті қаражат бөлінген жағдайда 740-қа жуық өтінімді несиелендіру көзделіп отыр. Сонымен қатар көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Агронесиелік корпорация» арқылы шаруаларға «Кең дала – 1» және «Кең дала – 2» бағдарламалары аясында жылдық 5 пайызбен жеңілдетілген несие берілуде. 2024 жылы осы бағдарламалар шеңберінде 145 шаруа қожалыққа «Кең дала – 1» бойынша 1,5 миллиард теңге, ал «Кең дала – 2» бағдарламасы аясында 1 миллиард теңге көлемінде несие берілді. Бүгінде ауылшаруашылық тауарын өндірушілер тарапынан 4,5 миллиард теңгеден астам сомаға өтінімдер қабылданса, соның 3,8 миллиард теңгесі мақұлданып, қаржы беріліп жатыр. Ауылшаруашылық техникаларын жаңарту мақсатында биыл облыс бойынша 400-ден аса өздігінен жүретін техника сатып алу арқылы техникаларды жаңарту көрсеткішін 6,5 пайызға жеткізу жоспарланған. Жылдың алғашқы 4 айының қорытындысы бойынша 90 трактор мен 3 комбайн сатып алынып, жаңару деңгейі 1,5 пайызды құрады. Қазіргі таңда ауылшаруашылық саласына қажетті кадрларды дайындау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру бағытында оқу орталықтары мен жоғары оқу орындарымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар шетелдік тәжірибе алмасу мүмкіндіктері де назарға алынған, – деген Қайрат Көшенов шығарылатын өнім түрлері бойынша өңірлік көрмелер, жәрмеңкелер тұрақты өткізілетінін жеткізді.
ЖӘРМЕҢКЕЛЕР ТҰРАҚТЫ ӨТКІЗІЛУДЕ
Облыс тұрғындарын қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласында былтыр барлық аудандардың атсалысуымен 27 ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіліпті. Жәрмеңкелерде жалпы құны 464,5 миллион теңгеге 612,3 тонна ауылшаруашылық өнімі сатылған. Ал биыл осы күнге дейін 38 жәрмеңке ұйымдастырылып, онда 124,1 миллион теңгенің 104 тонна өнімі сатылыпты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында жариялаған «Ауыл шаруашылығын дамыту» бастамасына орай құрылтай ұйымдастырылып, ауқымды көрме өткізілген. Сол секілді 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Тараз қаласындағы Жамбыл даңғылы, 18 д мекенжайында орналасқан «Әлеуметтік базар» жұмыс істей бастады. Базарда ет-сүт, жеміс-жидек, көкөніс, нан-тоқаш өнімдері үшін арнайы бөлімдер құрылып, қажетті жабдықтар орнатылған. Сондай-ақ қосымша 10 жұмыс орны ашылып, аз қамтылған азаматтарға тегін сауда орындары ұсынылуда.
ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАТЫН ЖОБА КӨП
Басқарма басшысының келтірген деректеріне сүйенсек, облыста мүйізді ірі қара саны 429,5 мыңға, қой саны 3 миллион 17,8 мыңға, жылқы 173,9 мыңға, ал түйе 7,8 мыңға жеткен. Селекциялық-асылдандыру жұмыстары 57 мың сиырға, 448,1 мың асылтұқымды және 557,8 мың тауарлы саулыққа қатысты жүргізіліпті. Осы жұмыстардың нәтижесінде облыста ұсақ мал басы 500-ден асатын асылтұқымды мал өсіретін 359 шаруа қожалық пен асылтұқымды мүйізді ірі қара өсіретін 59 шаруашылық тіркелген.
– Ет өндірісін дамыту мақсатында сыйымдылығы 1000 бастан жоғары 9 мал бордақылау алаңы жұмыс істеуде. Бұл алаңдардың жалпы қуаттылығы 25 800 бордақыға жетіп отыр. Сонымен қатар қуаттылығы тәулігіне 50 мүйізді ірі қара және 300 ұсақ мал сойып, өңдеуге қауқарлы 2 ірі ет өңдеу кәсіпорны бар. Олар – «Меркі ет комбинаты» мен «Первомайские деликатесы» жауапкершілігі шектеулігі серіктестігі. Осы ет комбинаттары бүгінде ырғақты жұмыс істеп тұр. Облыс көлемінде қуаттылығы 50-ден 600-ге дейінгі сауын сиыр ұстауға арналған 55 сүт-тауарлы фермасы бар. Бұл фермаларда жалпы саны 7 598 сиыр бағылуда. Аталған фермалардың біреуі 600 сиырға арналған ірі кешен болса, қалған 54-і – 50 сиырға шақталған шағын сүт фермасы. Құсшаруашылығы бағытында облыста 4 ірі өндірістік кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде құс еті бағытында «Әулие-Ата Феникс», «Алель-Агро» және «Әулие-Ата Құс» фабрикалары қызмет көрсетіп, өнімнің жалпы қуаттылығы 57 мың тоннаны құрады. Аталмыш зауыттардың нақты өндірісі 16 мың тонна көлемінде. Ал құс жұмыртқасы бағытында «Аса-Даму» ЖШС жұмыс істейді. Оның жобалық қуаты 70 миллион жұмыртқа болса, нақты өндірісі – 48 миллион. Бүгінгі күні барлық санаттағы шаруашылықтарда асылтұқымды мүйізді ірі қара үлесі 12,1 пайызды немесе 52 мыңды, ал асылтұқымды қой үлесі 26,2 пайызды, яғни 792,1 мыңды құрап отыр. Облыс аумағында таза қанды асылтұқымды мүйізді ірі қара өсірумен 104 шаруа қожалығы (52 061 сиыр), ал таза қанды асылтұқымды қой өсірумен 3 343 шаруашылық (792,1 мың уақ мал) айналысады. Жалпы малшаруашылығын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бекітілген ережелерге сәйкес 43 бағыт бойынша субсидиялық қолдаулар көрсетілуде, – дейді Қайрат Есенұлы.
Ауылдық жерлердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жол картасы шеңберінде былтыр аймақта жалпы құны 12 миллиард теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 201 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Ал 2025-2027 жылдар аралығында жалпы сомасы 67,4 миллиард теңгені құрайтын 22 жобаны іске асыру көзделуде. Оның ішінде 7 сүт-тауарлы ферманы іске қосу үшін 15 миллиард 183 миллион теңге қажет, бұл жобалардың 9 миллиард 290 миллионы несие қаражатын талап етеді. Сонымен қатар құс фабрикасына 16 миллиард 410 миллион теңге бағытталса, оның 12 миллиард 450 миллионы несиелендіруді қажет етеді. Үш көкөніс сақтау қоймасына 2 миллиард 600 миллион теңге бөлінсе, оның 1 миллиард 995 миллионы несие арқылы қаржыландырылмақ. Сондай-ақ 6 қайта өңдеу жобасына 27 миллиард 721 миллион теңге қажет болса, бұл соманың 21 миллиард 193 миллионына несиеге сұраныс жібермек. Одан бөлек 2 су үнемдеу қондырғысына 2 миллиард 960 миллион теңге жұмсалады деп жоспарланып отырса, оның да 2,5 миллиарды несиелік қаржы есебінен қаралады екен. Сол секілді 1 бордақылау алаңына 2 миллиард 300 миллион теңге қарастырылған болса, 2 миллиард теңгесі несиелік қаржы. Балықшаруашылығын дамыту жөніндегі 1 жобаға 240 миллион теңге бөлінсе, 150 миллионы несиелендіру арқылы іске асады.
Биыл әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағытында жалпы құны 37,3 миллиард теңгені құрайтын 18 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар осы жылы агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру бойынша ауылшаруашылық жануарларын, техниканы және технологиялық жабдықтарды сатып алуға кредит беру немесе лизингке алу кезінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасы бойынша жалпы 5 миллиард теңге бөлініпті. Бүгінгі күнге дейін 4,3 миллиард теңге сомасында 3 мың 34 шаруа қожалығына сыйақы төленіп отыр. Қазіргі уақытта қосымша 48 шаруа қожалығынан ұсыныс қабылданып, олар резервке енгізілген.
Тұқымшаруашылығын дамытуда да ілгерілеу бар. Жалпы тұқымшаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясат пен бақылау «Е-Лицензиялау» электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады. Тұқымшаруашылығы субъектілері портал арқылы өтінім беріп, уәкілетті орган тарапынан аттестаттаудан өтеді. Аттестаттау барысында әдістемелік және технологиялық талаптардың сақталуы, сорттық және тұқымдық бақылау жүргізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік органдар тарапынан тұқым сапасын анықтау, егілген сұрыптарды байқау, сынама алу және аккредиттелген зертханаларда сараптама жасау сынды жұмыстар атқарылады. Облыс аумағында тұқымшаруашылығын жүргізетін 4 аттестатталған агроқұрылым тіркелген. Олар – «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» Жамбыл филиалы, «Сыпатай батыр» ЖШС, «Злиха» ШҚ және «FeedCrop» ЖШС.
Өсімдіктерді қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бағытында 2025 жылы саяқ шегірткелерге қарсы 20 143 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Оның ішінде 9 228 гектары – шаруа құрылымдарының жері, ал 10 915 гектары – мемлекеттік жер қорының аумағы. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 50 миллион теңге бөлініп, химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін мердігер ретінде «Prest Mosq treatment» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталған, шарт сомасы – 17 миллион 643,8 мың теңге.
– Карантиндік зиянкестер мен аурулардан қорғау жұмыстарына да тоқталып өткенім жөн. Өсімдіктерді зиянды ағзалардан қорғауға арналған елімізде арнайы заң бар. Соған сәйкес егер бір аумақта зиянды жәндік не ауру анықталса, сол жер карантиндік аймақ болып белгіленеді. Егер үш жыл бойы ешқандай зиянкестер шықпаса, карантин алынып тасталады. Қазір облыс көлемінде бірнеше зиянкеске байланысты карантиндік аймақ белгіленген. Мәселен, 40 мың гектардан астам жерді жатаған у кекіре басқан. Сондай-ақ арам сояу 810 гектар, тікенекті алқа 14 гектар жерге таралған. Бұдан бөлек 72 гектарда бактериялық күйік ауруы бар. Қауіпті зиянкестер де кездеседі. Мысалы, америкалық ақ көбелек 36 гектар, калифорниялық қалқаншалы сымыр 23 гектар, ал Комсток сымыры 8 гектар жерден анықталған. Картоп дақылдарына зиян келтіретін алтын түстес жұмырқұрт 128 гектар жерді зақымдаған. Жалпы облыс бойынша зиянкестер мен аурулар таралған жердің көлемі 42 мың гектардан асады, – дейді Қайрат Есенов.
Қоғамдық мониторингте қаралған маңызды бағыттардың бірі – асылтұқымды малшаруашылығын дамыту. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде облыста асылтұқымды мал саны артып келеді. Қазіргі таңда 429 мың ірі қараның 52 мыңы, 3 миллион қойдың 792 мыңы асылтұқымды мал санатында. Жылқы мен түйе арасында бұл үлес аздау болса да өсім байқалған.
Мал сапасын жақсарту үшін селекциялық жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Әсіресе ет бағытындағы ірі қара тұқымын түрлендіру көрсеткіші 2023 жылы 24 пайыз болса, бүгінде 43 пайызға жеткен. Сүтті бағытта қолдан ұрықтандыру тәсілі кеңінен қолданылып, соңғы үш жылда 110 миллион теңге жұмсалып, 22 мың сиыр ұрықтандырылған. Қойшаруашылығын қолдауға 2022 жылдан бері 14,7 миллиард теңге бөлініп, қой саны 2,6 миллионнан 3 миллионға өскен. Асылтұқымды қой саны 792 мыңға жетіп, облыста таза қанды мал өсіретін 425 шаруашылық жұмыс істеп тұр екен. Жалпы мақсат – мал тұқымын асылдандырып, ет пен сүт өнімділігін арттыру.
Мониторинг нәтижесінде былтырғы тауарын өткізе алмай қалған диқандардың мәселесін ескере отырып, қант қызылшасын өсіруші шаруашылықтардың субсидияға қол жеткізуіндегі кідірістер мен зауытпен өзара есеп айырысу мәселелері бойынша басқарма басшысына нақты ұсыныстар жолданды. Сондай-ақ жеңілдетілген несиелердің қолжетімділігін арттыруға да назар аудару керектігі айтылды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ