Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ақылдың кені – ақсақалдар кеңесі

Ақылдың кені – ақсақалдар кеңесі
Автор
Бүгінгі қоғамда ұлттық тұтастық пен қоғамдық келісімді нығайту – мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстың алдыңғы шебінде келе жатқан құрылымдардың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңестері. Бұл – өмірлік тәжірибесі мол, даналық пен сабырдың иесі саналатын аға буын өкілдерінің жастармен рухани байланысын нығайтып, ел ішінде тұрақтылық пен бірлікті сақтаудағы атқарар рөлі ерекше ұйым.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесі бүгінде 221 адамнан тұрады. Оның ішінде облыстық кеңес құрамында – 31, аудандық деңгейде – 64, ауылдық округтерде 126 ақсақал бар.

Өңірлік ҚХА ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхановтың айтуынша, кеңес жұмысының басты мақсаты – қоғамдағы рухани тұрақтылықты сақтау, этносаралық татулық пен бірлікті нығайту, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беру.

– Ақсақал – қазақы қоғамда тек жасы үлкен кісі емес, рухани ұстаз, сөз бастаған шешен, ел басқарған көсем, дау шешкен әділ төре. Біз бұл жауапкершілікті түсіне отырып, жастармен тікелей жұмыс істеуге басымдық беріп отырмыз. Ақыл айтып, бағыт көрсету, ұлтжандылыққа баулу – біздің басты миссиямыз. Мектептегі оқушы да, ауылдағы жас кәсіпкер де, әскерге шақырылып жатқан бозбала да біздің назарымызда, – дейді Асқарбек Сейілханов.

2024 жылдың 12 айында кеңес мүшелері облыс, аудан, ауыл деңгейінде 586 іс-шара ұйымдастырып, 28 мыңнан астам адамды қамтыған. Бұл – тек сан ғана емес, сапалы мазмұнды жұмыстардың нәтижесі.

Мәселен, облыс аумағында өткен «Достық керуені» жобасы аясында кеңестің көшпелі отырыстары Меркі, Шу, Қордай, Байзақ, Сарысу, Жуалы, Т.Рысқұлов, Талас аудандары мен Тараз қаласында өтіпті. Жоба аясында медиация, аналар кеңесі, жастар ұйымдары және этномәдени бірлестіктердің қатысуымен 100-ден аса отырыс өтіп, тұрмыстық кикілжің, діни радикализм, тілдік және нәсілдік кемсітушілік, жалған ақпараттың алдын алу бағытында кешенді түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Ақсақалдар кеңесінің бастамасымен жүзеге асып жатқан маңызды жобаның бірі – «Адал азамат». Бұл – ел ішіндегі еңбегімен ерекшеленген азаматтарды дәріптейтін, жастарға үлгі ретінде ұсынатын бірегей жоба. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 10 аудандағы үздік еңбек иелері, әр саланың адал майталмандары марапатталыпты.

Жоба аясында қазақ тілін оқыту үйірмелерінің саны көбейіп, этнос жастары үшін мемлекеттік тілде сөйлеуге арналған интерактивті алаңдар құрылған. Сондай-ақ әскерге шақыру, артық ысырапшылдықтың алдын алу, хиджап кию сияқты өткір мәселелер бойынша нақты шешімдер ұсынылған.

Асқарбек Сейілханов облыстың этнос өкілдері тығыз шоғырланған Қордай, Байзақ, Меркі, Шу аудандарында тілдік, нәсілдік және діни қақтығыстардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын айтады. Әсіресе Қордай ауданындағы Қаракемер, Сортөбе, Масаншы ауылдық округтерінде өткен жиындарда мектептерде қазақ тілінде оқытылатын сыныптардың ашылуы, әскерге бару мәселесі және қоғамдық резонанс тудырған оқиғалардың себептері терең сараланған. Кеңес мүшелері аталған мәселе бойынша тиісті ұсыныстар әзірлеп, әкімдікке жолдап, орындалуын бақылауда ұстауда.

Ал «Даналық мектебі» клубы аясында ұйымдастырылған кездесулер, «дөңгелек үстелдер» мен сұхбаттар – жастардың тәрбиесіне бағытталған кешенді жұмыс жүйесінің бір бөлігі. «Аталы сөз», «Ардагерлеріміз – ардақтыларымыз», «Әке – бала өмірінің шамшырағы» сынды тақырыптарда ұйымдастырылған кездесулерде өмірлік сабақ пен ұлттық тәрбие үндесті.

Облыс әкімдігінің білім басқармасымен бірлескен «Біртұтас тәрбие» жобасы аясында ақсақалдар ата-аналармен кездесіп, баланың тәрбиесінде отбасының рөлін түсіндіруге де атсалысуда.

Сондай-ақ Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде кеңес бастамасымен қолға алынған «КӘСІПday» жобасы – өңірдегі кәсіпорындармен таныстыра отырып, этнос жастарын адал еңбекке баулуға, кәсіби бейімділігін арттыруға бағытталған. Жоба негізінде түрлі саланың үздік мамандарының шеберлік сағаттары, өндіріс орындарына экскурсиялар және кәсіптік бағдар беретін тренингтер өтеді.

Ақсақалдар кеңесінің қоғамдық резонанс тудыруы мүмкін мәселелер бойынша дер кезінде ақпарат беруі, профилактикалық кездесулер өткізуі – өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізін қалайтын іс. Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов, Қордай сынды аудандарда ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін тыңдап, ұсыныстарын тиісті органдарға жеткізу арқылы кеңес ел мен халық арасындағы алтын көпір рөлін атқаруда.

– Елдің тыныштығы мен бірлігі – ең үлкен байлығымыз. Ақсақалдар кеңесінің әр мүшесі осы жауапкершілікті сезінеді. Әрбір айтылған ақыл, берілген бата ұрпаққа жол сілтейтін шамшырақ болуға тиіс. Қоғамның рухани иммунитетін арттыратын басты құндылық – ұрпақ сабақтастығы. Біз осы сабақтастықты сақтап, жас ұрпаққа ақ жол тілеуден танбаймыз, – дейді кеңес төрағасы.

Бүгінгі қым-қуыт заман ағымында сабыр мен парасаттың орны әрдайым биік. Ақсақалдар кеңесі – сол парасаттың тірегі, елдің тұрақтылық пен келісім жолындағы ақылман мекемесі болып қала бермек.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар