Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Руханият шырақшысы құрмет төрінде

Руханият шырақшысы құрмет төрінде
А.Қартабай
18 маусым – жамбылдық жазушы, публицист Елен Әлімжанның туған күні. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, қаламгер hәм қайраткер биыл сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Осы ретте облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қазыналы қарияның шаңырағына арнайы барып, мерейлі жасымен құттықтап, аймақ басшысының атынан зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті.

Серік Жақсылықұлы ізгі лебізінде әлдеқашан зейнет жасына шықса да өңірдің қоғамдық жұмыстарынан қалыс қалмай, мәдениет пен руханиятының қарыштап дамуына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ақылман ақсақалға азаматтық алғысын білдірді. Сондай-ақ облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің арнайы құттықтау хатын табыстады.

Аймақ басшысының хатында: «Құрметті Елен Әбдуатұлы! Сізді 80 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Көрнекті қаламгер ретінде сіздің есіміңіз елімізге жақсы таныс. Дулат Исабеков, Төлен Әбдік, Тынымбай Нұрмағамбетов бастаған көрнекті жазушылармен бірге әдебиетке қатар келіп, өнімді еңбек еттіңіз. Сондай-ақ сіздің бірқатар драмалық шығармаңыз еліміздің театрларында кеңінен сахналанды. Сіз баспасөз саласында да ұзақ жыл еңбек етіп, қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қостыңыз. Қоғамдағы адамгершілік қағидасы, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы – сіздің шығармашылығыңыздың алтын арқауы. Сіздің әдебиет саласында да, журналистика саласында да лайықты орныңыз бар деп білеміз. Мерейлі сәтте сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға бақ-береке тілеймін! Шығармашылығыңыз шарықтай берсін!», – делінген.

Сондай-ақ мерейлі жас иесін құттықтап барған облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы, «Aulieata-media» серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы мен облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт сөз алып, талай қалам ұстаған жалынды жасқа ұстаздық еткен қаламгерге ақжарма тілегін жеткізді.

Елен Әбдуатұлы өзіне құрмет көрсете келген сыйлы қонақтарды төрге оздырып, ақ дастарқан басында ақ батасын берді.

Жазушы Талас ауданына қарасты Көмекші ауылында (кейін Аққұмға қосылған) дүниеге келген. Ол еңбек жолында әр жылдары Қазақ телестудиясының комментаторы, облыстық «Еңбек туы» (қазіргі – «Aq jol») газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, бас редакторының орынбасары, Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің нұсқаушысы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің облыс бойынша меншікті тілшісі, телерадио компаниясының төрағасы, «Түркістан» газетінде бөлім меңгерушісі, «Қазақ энциклопедиясы» баспасында жетекші маман, «Алтын шырақ» журналының жауапты шығарушысы, облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы ақпараттық талдау орталығының бөлім меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығында да ұлт руханияты жолында бар ынта-жігерімен қызмет етті.

Қаламгердің көзіқарақты оқырманға кеңінен танымал «Оралу», «Көріпкел», «Ақ періште – арманым», «Тақталас», «Толық адам туралы», «Бауыржанның пырағы» және «Адамгершіліктің ақ жолы» мен «Анажар» атты толымды туындылары күллі адамзат баласын ізгілікке үгіттейді.

Серіжан ТЕМІРБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 3-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар