
Олжас Елебекұлының айтуынша, 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық саласында оң динамика қалыптасқан. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстарының көлемі 133,6 пайызды, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 107,1, өнеркәсіп өнімінің көлемі – 102,2, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 536,1 пайызды құраса, ауылшаруашылық саласында өсім 116,6 пайызға жеткен.
– Биыл аудан бойынша барлығы 38,4 миллиард теңгеге 122 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлаған. Оның ішінде 17,3 миллиард теңгесі жеке инвестицияға тиесілі. 170 жаңа жұмыс орны құрылады. Ауылшаруашылық саласында жалпы құны 10,1 миллиард теңгені құрайтын 68 жобаны жүзеге асыру көзделді. Бүгінгі күнге орындалған жобалар саны – 7. Қалған 61 жоба жыл аяғына дейін орындалады. Нәтижесінде жұмыспен қамтудың өңірлік картасына сәйкес 218 адам еңбекке тартылады. Туризм саласы бойынша 1 жоба іске асырылады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің туристер үшін маңызы зор. Бізде Қостөбе, Түймекент қалашықтары, Қарасай петроглифтері, Байзақ датқа кесенесі бар. Қостөбе ауылдық округі аумағынан «Мухиев Е.» жеке кәсіпкерлігі демалыс орталығын ашуды жоспарлауда. Жоба құны 500 миллион теңгені құрап отыр. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында былтыр «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында 3,2 миллиард теңгеге 172 жоба қаржыландырылған болатын. Бірінші тоқсанның қорытындысымен ауылшаруашылық өнімі 9 миллиард теңгені құрады. 6 айдың қорытындысымен 18,7 миллард теңгеге қол жеткізу күтілуде. Биыл көктемгі дала жұмыстары үшін «Кең дала» бағдарламасы бойынша 4 шаруа қожалық жалпы сомасы 69 миллион теңге несиеге өтінім берді, – дейді Олжас Баққараев.
Спикер ауданда тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып жатқанын айтты. Жалпы аудан бойынша 14 880 адам жер телімін алуға кезекте тұр. Бүгінде әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту үшін Сарыкемер ауылында 40 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар 60 пәтерлік 5 қабатты және 60 пәтерлік жеке тұрғын үй құрылысы басталады деп жоспарлануда.
Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша да ауданда атқарылған жұмыс аз емес. Бүгінде 40 елді мекеннің 38-і ауызсумен қамтылыпты. Ал аудандағы 40 елді мекен 100 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар «Сарыкемер –Мырзатай» бағытындағы ұзындығы 8,9 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстарына 303,1 миллион теңге қаржы қарастырылып, жол жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Ауданда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысушылардың және жұмысқа жолданғандардың 2025 жылға жоспары 4 691 адам болса, бүгінгі күнге орындалуы 2 216-ны құраған.
Жиын соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, тұшымды жауапқа қанықты.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ