
Байқаудың мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің талантты және перспективалы студенттерін анықтау және қолдау, сондай-ақ Қазақстан экономикасының түрлі салалары үшін жоғары білікті мамандардың кадрлық резервін жасақтау.
Жалпы байқау үш кезеңнен тұрады. Іріктеу кезеңі колледж ішінде өтсе, өңірлік кезеңге әр колледжден бес студент қатысады, ал республикалық кезеңде әр аймақтан 10 үздік студент сайысқа түседі.
Меруерт беделді байқауға ерекше ынта-жігермен, үлкен жауапкершілікпен дайындалды. Колледждегі жетекшісі, тәжірибелі ұстаз Айгүл Нұрманқызының бағыт-бағдары мен қолдауы да Меруерттің өзіне деген сенімін арттырып, жаңа белестерді бағындыруына сеп болды.
– Республикалық кезеңге дайындық барысында Меруерт бірнеше күрделі тапсырманы тиянақты орындады. Ең алдымен жетістіктері, шығармашылық қабілеттері туралы материалдарды жинақтап, ұйымдастырушыларға ұсындық. Сонымен қатар, «Мамандығым – мақтанышым» атты бейнеролик түсіріп, әлеуметтік желілерде жарияладық. Бейнеролик арқылы Меруерттің өз мамандығына деген құрметі мен ықыласын көрсете алдық. Бұдан бөлек, шәкіртім өзінің кәсібіне қатысты өңірді дамытуға бағытталған жобасын ұсынып, үлкен дайындықпен қорғап шықты. Сондай-ақ байқауға деген ықыласы мен мақсаты нақты көрініс тапқан уәждемелік хатын да әсерлі етіп дайындады. Меруерттің жан-жақты дамуы, шығармашылық ойлау қабілеті мен табандылығы ұстазы ретінде мені де қуантады. Қазіргі таңда Меруерт колледждегі өзін-өзі басқару ұйымының президенті, – дейді жетекшісі Айгүл Болысбай.
Ал жүзден жүйрік шыққан Меруерттің басты мақсаты – туған өлкемізді дамыту үшін жаңашыл ойлайтын, білімді де жан-жақты тұлпа болып қалыптасу.
– Қазіргі таңда Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің 3-курс студентімін. Сонымен қатар колледжімнің өзін-өзі басқару ұйымының президентімін. 2025 жылы өткен «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» байқауына қатысып, үздіктер қатарынан көріндім. Еліміздің үздік студенттері бақ сынаған байқауда жеңіс тұғырынан көрінуім мен үшін үлкен мәртебе. Бұл белеске жетуіме ұзақ әрі мазмұнды жол бастау болды. Әлі есімде, мектеп кезінен белсенді оқушы ретінде түрлі іс-шараларға қатысып, өзімді жан-жақты сынап көрдім. Әлеуметтік, шығармашылық қабілеттерімді шыңдап, мектеп президенті дәрежесіне дейін көтерілдім. 2022 жылы 9-сыныпты тәмамдап, таңдауыма сәйкес Тараз инновациялық көпсалалы колледжіне оқуға түстім. Колледжде ұйымдастырылған түрлі сайыстар мен жобаларға да белсене араласып, өзімнің бойымдағы қабілеттерімді дамыттым. Алғашында колледжішілік деңгейде көзге түсіп, түрлі алғыс хаттар мен мадақтамалар иелендім. Кейін бұл жетістіктерімді облыстық, тіпті республикалық деңгейдегі жарыстарда дәлелдеп, жүлделі орындарға ие болып жүрдім. 2025 жылдың ақпан айында «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» байқауы жайлы естідім. Бұл мүмкіндікті жіберіп алмай, өзімді жаңа деңгейде сынап көруге шешім қабылдадым. Ең алдымен колледжішілік кезеңнен сенімді түрде өттім. Облыстық кезең де аса қиын болған жоқ. Республикалық кезеңге жолдама алғанымды естігенде қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін болмады. Алайда республикалық кезеңде талаптар қатаң болатынын түсіндім. Іштей қобалжығаныммен, сенімсіздікке жол бермей, өзімді жеңуге тырыстым. Тәжірибем мен табандылығымның арқасында бұл сыннан да сүрінбей өттім. Ұзақ уақыт бойы төккен еңбегім мен талпынысым ақталып, көптен күткен нәтижеге қол жеткіздім, – дейді Меруерт Байдәулетова
Айта кетейік, байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 2600-ден астам колледж студенті қатысқан болатын. Әр үміткердің білім деңгейі, қоғамдық белсенділігі, шығармашылық қабілеті мен жобалық жұмыс сапасы жан-жақты бағаланып, ең жоғары ұпай жинаған студенттер ғана үздік жүздіктің қатарына ене алды.
Сол үздіктер қатарынан Меруерт те бой көрсетті. Ол өз еңбегімен, табандылығымен және жан-жақты қабілеттерімен сарапшылар алқасының жоғары бағасына ие болып, нәтижесінде Меруерт «Қазақстан Республикасының колледждерінің ТОП-100 үздік студентінәі» қатарына енді. Оқу-ағарту министрінің қолынан арнайы диплом, төсбелгі және медаль алған сәт – Меруерттің ғана емес, оның ұстаздарының, ата-анасының, оқу орнының және барша қолдау білдірген қауымның ортақ жетістігі деуге болады.
Бұл марапат – оның тынымсыз еңбегі мен биік мақсаттарға жетудегі табандылығының нақты дәлелі.
Сымбат ҚУАНЫШ