Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шежірелі Шудың тоқсан жылдық жылнамасы

Шежірелі Шудың тоқсан жылдық жылнамасы
Автор
Шу аудандық мәдениет үйінде шежіресі бай, тарихы терең «Шу өңірі – Шуская долина» газетінің 90 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті. Салтанатты жиынға республикалық және облыстық БАҚ өкілдері, сала ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты кеш Шу халық театрының «Ұлттың ұлы көсемі – Ахмет Байтұрсынов» атты сахналық қойылымымен бастау алды. Одан кейін облыс әкімінің кеңесшісі, Жазушылар одағының облыстағы өкілі Хамит Есаман мінберге көтеріліп, бір дәуірдің шежіресіне айналған басылымды мерейтойымен құттықтап, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар Парламент Сенатының депутаты Сәкен Арубаевтың құттықтау хаты да көпшілік алдында оқылып, салтанатты түрде бас редактор Ерғали Қартайғанға табысталды.

Келесі кезекте сөз алған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков жиналған қауымды басылымның 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бір сөзінде: «Шын мәнінде газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуі тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр», деген болатын. Бұл сөз баспасөздің қоғамдағы орны мен оның ұлт санасына әсерін терең бағалағанын көрсетеді. Газет тек ақпарат көзі ғана емес, тарихи жады, ұлттық ой мен пікірдің алаңы екенін аңғартады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай «Газет-халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Дәл осындай сипатқа ие «Шу өңірі» газеті халқымыздың 90 жыл бойғы айнымас серігі. Жан қалтасындағы жолдасы. Соңғы жылдары жаңғырып, жаңаша кейіпке енген газет бастапқы мақсатынан адаспай, оқырман қауымға тұшымды ақпарат, түйткілді мәселелер мен олардың шешімдерін, халық үнін жариялауда. Газеттің көлемі ұлғайып, дизайны кемелденді. Аға буынның оқуына ыңғайлы болды. Аудандық басылым – ел ішіндегі тыныс-тіршіліктің шынайы айнасы. Оның үні әлсіресе, жергілікті рухани өмірдің де мәні кеми түседі. Сондықтан аудандық газетті қолдау – туған жерді қолдау. Осы ретте барлық жұмыстың басты насихатшысы, сыншысы және серігі болған, тәрбие бұлағы, зерде шырағы «Шу өңірі» газеті ұжымын мерейтойымен құттықтаймын. Шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілеймін. Басылымның ғұмыры ғасырлар бойы жасай беруіне тілектеспін! – деді Бақытжан Оразалыұлы.

Салтанатты іс-шара барысында журналистика саласында абыройлы еңбек еткен ардагерлер мен редакцияның қазіргі ұжымына құрмет көрсетілді. Сондай-ақ аудандық газеттің мерейтойына орай өткен тастаяқ турнирінде топ жарған жеңімпаздар марапатталды. Бірқатар азаматқа «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, Құрмет грамотасы мен алғыс хаттар табысталды. Одан бөлек балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаев пен ақын Бақыт Исаеваның шығармаларын біріктірген қос жинақтың тұсаукесері өтті. Кітаптың лентасын журналист, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы мен журналист Ғалым Қасабай қиып, оларға қазақы дәстүрмен аудан басшысы шапан жапты.

Айта кетейік, «Шу өңірі – Шуская долина» газетінің алғашқы саны 1935 жылдың 16 маусымында «Социалды еңбек» деген атаумен жарық көрген. 1935 жылы Сергей Киров өмірден өткен соң газет атауы «Кировшы» болып өзгертіледі. Кейінірек этностық ерекшеліктер ескеріліп, 1954 жылы орыс тілінде «Кировец» газеті шығарыла бастады.

1962 жылдан бастап екі тілде қатар шығатын газет «Шу өңірі – Шуская долина» атауын иеленіп, бүгінге дейін осы атпен жарық көріп келеді. Уақыт өте келе басылым өз дәуірінің тынысын жеткізе отырып, ел тарихының шынайы шежіресіне айналды.

Бүгінгі таңда «Шу өңірі – Шуская долина» газеті заман ағымына сай түрленіп, 2024 жылдың басынан бастап D2 форматына көшті. Басылымның дизайны жетілдіріліп, мазмұны байытылды, көлемі ұлғайды.

Бас редактор Ерғали Қартайғанның айтуынша, газет редакциясы аға буынның өнегесін жадына түйіп, қоғаммен байланысын үзбей, өз миссиясын абыроймен атқарып келеді.

– Қазіргі кезде тіршілігін тілшілікке байлаған редакциядағы журналистердің еңбек жолы өмірдің ағысымен ақырын ғана өтіп жатыр. Бір қарағанда, басылым кейбіреулер үшін бұйығы жатқандай көрінуі мүмкін. Әсте олай емес. Қара шаңырақтағы қарбалас жұмыс пен қым-қуыт тірлік тек қана осындағы тілшілерге ғана аян. Аптасына екі мәрте шығып, оқырман қолына уақытылы тиіп жатқан газеттің артында қаншама адамның еңбегі, қаншама адамның қолтаңбасы жатқанын біреуі білсе, біреу білмес. «Шу өңірі» – «Шуская долина» газеті өткен жылдың басынан бастап заман ағымына сай түрленіп, заманауи D2 форматына көшті. Газетті түрлендіру мен оны уақыт бедеріне қарай мазмұнды ете түсу жолындағы жұмыстар әрі қарай да жалғаса бермек, – деді бас редактор.

«Шу өңірі – Шуская долина» газеті – ел өмірінің шынайы айнасы, халықпен бірге жасап келе жатқан рухани серік. Ғасырлық межеге таяп қалған басылым – тек ақпарат құралы емес, ұлттық жадының тірі мұрасы.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар