Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сапалы білім – жарқын болашақ кепілі

Сапалы білім – жарқын болашақ кепілі
Автор
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өткізіп, 2025-2026 оқу жылына арналған қабылдау науқаны жайлы кеңінен баяндады.

Махметғали Нұрғалиұлы өз сөзінде оқу орнының негізгі міндеті жаңартылған білім беру талабына сай кәсіби құзырлы маман даярлау екенін айтты.

– Бүгінгі таңда университетте техникалық, педагогикалық, экономика және бизнес, технология және ауылшаруашылығы бағыттарына сәйкес 53 бакалавриат және 24 магистратура білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярланады. Барлық білім беру бағдарламасы еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие, кәсіби білімді және тәжірибелі мамандармен қамтамасыз етілген. Университеттің айрықша мақтанышы – профессор-оқытушылар құрамы. Бүгінде университетте 300-ге жуық профессор-оқытушы білім береді. Олардың қатарында 12 ғылым докторы, профессорлар, 86 ғылым кандидаты, доценттер, 19 PhD докторы, 138 магистр бар. Білім бәсекесінде инновациялық даму бағыттарымен ерекшеленген оқу орны ұлттық білім мен ғылымның мәртебесін арттыруға өзіндік үлесін қосуда, – деді М.Сарыбеков.

Ерекше атап өтерлігі, 2009 жылы университет жанынан халық жазушысы, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Шерхан Мұртазаның шығармашылығын насихаттау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылған. Орталықта жинақталған жазушының мұрағаттық дүниелері негізінде «Қазақстанның Шерағасы» атты көптомдық жинақтың он томдығы жарық көрген. Студенттерге арналған «Шерхан Мұртаза сабақтары» ұйымдастырылып, облыстық «Шерхан Мұртаза оқулары» дәстүрлі түрде өткізіледі.

Сол секілді оқу орнының жанынан 500 орындық «Студенттер үйі» қолданысқа берілді. Салауатты өмір салтын насихаттау және профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер арасында салауатты өмір салтын насихаттау үшін шағын футбол алаңы, баскетбол алаңы және жағажай волейболына арналған корт ашылған.

– Университет базасында ғылыми жетістіктер мен тәжірибелердің жаңа орталығына айналған «Агробиологиялык», «Ветеринария және мал шаруашылығы», «Аквакультура» ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Ғылым мен өндірісті байланыстыру мақсатымен балық зауыты ашылды. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті 2016-2024 жылдары қазақстандық және шетел оқу орындарының білім беру сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Қазақстандық «Білім және сапасын қамтамасыздандыру» бойынша тәуелсіз агенттігінің институционалдық аккредитациясынан сәтті өтті. 2016 жылдан бері білім ордасында корей және қытай тілі орталықтары жұмыс істейді. Университет білім беру және ғылым салалары бойынша академиялық ұтқырлық, тәжірибе алмасу мақсатында Түркия, Германия, Польша, Болгария, Малайзия, Қытай, Оңтүстік Корея және ТМД мемлекеттерінің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен келісімшарт жасасып, меморандумдарға қол қойған. Бүгінгі таңда университет шетелдік оқу орындарымен тығыз әріптестік байланыс орнатып, бірлесіп атқаратын жұмыстарды жоспарлап бекіткен, – деді Махметқали Нұрғалиұлы.

Айта кетейік, «ХТУ-дың 100 гранты» әлеуметтік жобасы бойынша білімді, талантты жастардың университетте тегін оқуына мүмкіндік бар.

Фатима САЛИЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 3-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар