
Облысымызда донорлықты дамыту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыстық қан орталығы тұрақты түрде жылжымалы қан тапсыру акцияларын ұйымдастырып, шалғай аудандар мен ауылдарға барып, халықтың қолжетімділігін арттырып отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелермен, жоғары оқу орындарымен, әскери бөлімдермен және кәсіпорындармен бірлесе отырып жоспарлы қан тапсыру күндері өткізіліп тұрады.
Жиын барасында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Отарбай сөз алып, осы салада белсенді еңбек етіп жүрген ақ халаттыларға, донорларға алғысын білдірді.
– Облыстық қан орталығы донорлық қан мен оның компоненттерін дайындаумен, қайта өңдеумен, зерттеумен, облыстың барлық емдеу-профилактикалық ұйымдарын қамтамасыз етумен, сондай-ақ техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде қан компоненттерінің қорын құрумен айналысады. Қан орталығының жобалық қуаты жылына 15 мың литрге дейін қан мен оның компоненттерін дайындауға арналған. Өткен жылы 16 мыңнан аса донор қан тапсыруға ниетін білдіріп, 19 мыңнан аса қан мен оның компоненттері облыстың емдеу профилактикалық мекемелеріне беріліп, 7 мыңнан аса реципиенттерге құйылды. Жердің әрбір үшінші тұрғыны өмірінде кемінде бір рет қан донорларына мұқтаж болады. Ең алдымен барлық тұрақты әрі бірінші рет қан тапсырған донорларға үлкен алғысымызды білдіреміз! – дейді облыстық қан орталығының донор жинақтау және дайын өнімді беру бөлімінің меңгерушісі Ерасыл Тимурұлы.
Ән-күймен әрленген кеш барысында тұрақты түрде қан тапсырып тұратын донорлар облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің алғыс хатымен марапатталды.
Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының алғыс хаты тромбоцит қан донорлығын дамытуға үлкен үлес қосып келе жатқан жеке кәсіпкер Бауыржан Данаевқа табысталды. «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұловтың алғыс хатын «Аса Даму» құс фабрикасының қызметкері Данияр Шүкірбаев, №6 қалалық емхананың бухгалтері Нуридин Батырханулы, жеке кәсіпкер Маралбек Сеилханов иеленді. Сондай-ақ тұрақты және ерікті һәм өтеусіз қан тапсырудағы донорлық белсенділігі үшін тағы да біршама азамат алғысқа бөленді.
Донорлық іс көмек көрсету мен адам өмірін сақтап қалудың символы болғандықтан қан бір адамның басқа адамға бере алатын ең бағалы құндылығының бірі болып есептеледі. Қан тапсыру арқылы адам өзгеге көмек көрсететіні аян.
Расында да қан доноры болу – бұл жанашырлықпен қатар азаматтық жауапкершілік. Әр тамшы қан арқылы біреуге үміт, тағы біреуге өмір және жаңа мүмкіндік сыйлауға болады. Демек, донор болу – өзгеге өмір сыйлау деген сөз. Ендеше, өзгеге өмір сыйлауға кез келгеніміздің мүмкіндігіміз бар.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ