
Президент Саммит барысында Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы тығыз әріптестіктің маңызын атап өтті. Ол Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің белсенді рөлін жоғары бағалап, Қытайды Қазақстанның стратегиялық әрі сенімді серіктесі деп атады.
Мемлекет басшысы өңір елдерінің экономикалық әлеуеті артып келе жатқанын, ал Қытаймен сауда айналымы рекордтық деңгейге – 95 млрд долларға жеткенін айтты. Бұл көрсеткіштің 46 пайызы Қазақстанға тиесілі. Қытай бүгінде Қазақстанға 26 млрд доллардан астам инвестиция құйып, елімізде 5 мыңға жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Президент Қазақстанның Қытаймен технологиялық, аграрлық, су үнемдеу және өндірістік жобалар бойынша ынтымақтастығын кеңейтуге ниетті екенін атап өтті. «Қорғас» орталығы мен Каспийдегі «Құрық» портының дамуы да сауда-логистикалық байланысты күшейтеді.
Энергетика саласындағы ықпалдастық та назардан тыс қалмады. Президент Орталық Азияның табиғи ресурстарға бай екенін, бұл бағытта Қытаймен бірлескен жобалар жүзеге асуы қажеттігін айтты. Сондай-ақ ядролық энергетикада ынтымақтастық орнатуға мүдделілік білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік мәселелеріне де тоқталып, экстремизм, терроризм, есірткі және адам саудасына қарсы күресте аймақ елдерінің бірлескен әрекеті маңызды екенін жеткізді. Киберқылмысқа қарсы тұру үшін тиісті ведомстволар арасында тұрақты байланыс орнатуды ұсынды.
Президент мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамып келе жатқанына тоқталып, Сиань мен Алматы арасындағы алғашқы туристік пойыздың іске қосылуын тарихи оқиға деп бағалады. Ол келесі жылды «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялауды ұсынды.
Сонымен қатар, Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» форматындағы ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеуді қолдап, бұл бастама өңірлік тұрақтылық пен достықтың берік негізін қалайды деп сенім білдірді.