16 миллион қазақстандықтың жеке деректері тарап кетті: Министрлік мәлімдеме жасады
- author AR-AY
- Бүгін, 12:13
- 16

Әлеуметтік желілерде азаматтардың жеке деректері тарады деген ақпаратқа байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тиісті шараларды қолға алды.
ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, ұсынылған мәліметтердің шынайылығы мен өзектілігін анықтау мақсатында кешенді тексеру жүргізіп жатыр.
Алғашқы талдау нәтижесінде бұл деректердің мемлекеттік емес, яғни жекеменшік ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін екені анықталды. Қазіргі уақытта мемлекеттік ақпараттық жүйелерден дербес деректердің таралуы немесе хакерлік шабуыл нәтижесінде бұзылу фактілері тіркелген жоқ.
Тексеру аяқталмайынша, нақты қорытынды жасау немесе мәліметтердің шынайылығын растау ерте.
Егер азаматтың жеке деректері тараған тізімде болса, бұл туралы хабарлама электрондық үкімет порталы (eGov) арқылы жеке кабинетіне жолданады.
Айта кетейік, бұған дейін де осындай жағдайлар болған, алайда ол мәліметтер негізінен қызмет көрсету саласы мен микроқаржы ұйымдарының ескі деректер базасынан алынған болатын.
Министрлік бұл жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Қосымша ақпарат тексеру нәтижелері бойынша жарияланады.