
Салтанатты жиында алғаш болып сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қажырлы еңбек пен қалтқысыз қызмет үшін алғыс білдірді.
– Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – «Медицина қызметкері күнімен» шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – адам жаны мен өмірі үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан ақ халатты абзал жандардың мәртебесі мен маңызын айшықтайтын ерекше мереке. Адам өмірін сақтап қалу жолындағы сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіз әрдайым зор құрметке лайық, – деді аймақ басшысының орынбасары.
Сондай-ақ, Нұржан Сәбитұлы өз сөзінде жергілікті атқарушы билік тарапынан өңір медицинасының әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Дені сау ұлт – елдің жарқын болашағының кепілі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 28 нысанның құрылысы жүргізіліп, Меркі, Шу, Талас аудандарында ауданаралық көпбейінді орталық ауруханалар құрылды. Орта мерзімді перспективада Байзақ, Қордай, Жуалы аудандарында 3 ірі аудандық аурухананың құрылысын салу, сондай-ақ Меркі, Шу және Талас аудандарында 3 ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарлануда. Тараз қаласында 400 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана құрылысын салу (Тараз қаласы, Асқаров көшесінің соңына 12 га жер телімі бөлінді) және Тараз қаласында жедел-медициналық жәрдем стансасын салу (Жергілікті бюджеттен 35,2 млн. тг қарастырылып ЖСҚ әзірленді, бүгінгі күнге сараптама алды зерделенуде) жоспарда бар, – деді Н.Календеров.
Айта кетейік, 2025 жылға медициналық емдеу, алдын-алу ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға 6,0 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Одан бөлек «Жасанды интеллект» көмегімен радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жүйесіне – 3,6 млрд. теңге қаралған.
Мерекелік шарада саланың 54 үздік маманына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет және Алғыс хаты салатанатты түрде табысталды.
Шара соңы К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Мерекелік жиында өнер көрсеткен эстрада жұлдызы Ернар Айдар халық арасында кең таралған әндерін орындап, кештің көркін қыздырды.