Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Династия: ата-анасының жолын жалғаған ҚАЖ қызметкері

Династия: ата-анасының жолын жалғаған ҚАЖ қызметкері
Бүгінгі бейбіт күннің қаһармандары – тәртіп сақшылары. Себебі, қоғамдық тәртіпті сақтап, қылмыспен күресу, мемлекет пәрменін орындау, халық пен биліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция қызметкерлерінің басты міндеті. Бір сөзбен айтқанда, жауапкершілік жүгі ауыр салада еңбек ететін құқық қорғау саласының қызметкерлері уақытпен санаспайды. Ішкі тәртіп осындай. Осы саланы таңдап, тыныштықты күзеткен нәзік жанды арулардың бірі – Әмина Масатбай.

Ол бүгінде бала күтімінде болғанымен, негізінде өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 түзеу мекемесінде кадр саясаты тобының аға инспекторы болып қызмет етеді.

Кейіпкеріміз тарихы терең Тараз шаһарының тумасы. Оның бала кезгі мұраты – ата-анасы Қанат пен Гүлмайра секілді әдемі форма киіп, ай күмбезді шен тағу болатын. Табиғатынан шыншыл әрі тік мінезді қыз білімге деген жан-жақты ұмтылысының арқасында облыс орталығындағы №36 орта мектепті ойдағыдай тәмамдайды. Бұдан кейін Тараз инновациялық-гуманитарлық университетіне оқуға түсіп, «Психология және педагогика» мамандығын меңгереді. Еңбек жолын өңірлік Қылмыстық- атқару жүйесі департаментіне бағынысты сол кездегі атауы ЖД-158/1 мекемесінде арнайы есеп бөлімінің технигі болып бастайды. Осылайша, үлкенге ізетті, кішіпейіл, биязы мінезді Әмина қиындығы мол салада өз қолтаңбасын қалдыруға мүмкіндік алады. 

Жалпы, қайсар қыз 2019 жылдың наурыз айында офицер шеніне қол жеткізген. Ол кезде түзеу мекемесінде психолог болып жұмыс істейтін. Араға алты ай салып, Тараз қалалық №3 пробация бөліміне ювеналды әділет тобының инспекторы болып ауысады. Ата-анасының тұла бойы тұңғышы өзінен кейінгі қос сіңлісіне қашанда қамқор. Оларға дұрыс бағыт көрсетіп, еңбекке баулуды өзіне міндет санайды. 

Айта кетейік, Әминаның әкесі Қанат Сабырұлы саналы ғұмырының 24 жылын осы салаға арнаған жан. Ол 2010 жылы әділет подполковнигі шенінде ЖД-158/5 мекемесі бастығының режим және жедел жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметінен құрметті зейнет демалысына шыққан. Ал анасы Гүлмайра Кәрімқызы құқық қорғау саласында 30 жылға жуық қызмет етіп, әділет майоры атанады. Тәртіп сақшыларының жұмысы уақытпен санаспайтынын ескерсек, Әминаға сондай сәтте дем беріп, бойына берік сенімді ұялататын да ата-анасы. Бір қызығы, антына адал арудың өмірлік жары Тойшыбек Малдыбаев та құқық қорғау саласында қызмет етеді. Ол бүгінде қауіпсіздігі №26 мекемеде кезекшілік қызметі мекеме бастығының кезекші көмекшісі, әділет аға лейтенанты.

Есен ӨТЕУЛІ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар