
«Кәсіпкер болу – бала күнгі арманым еді» деген Алматтың сол арманы күндердің күнінде нақты мақсатқа айналып, үлкен әрекетке түрткі болған екен. Қазір ол күнделікті сұраныстағы, тұрақты табыс әкелетін кәсіп, яғни аяқкиім сатумен айналысады.
«Неге аяқкиім сатуды таңдадыңыз?» деген сұраққа Алмат: «Бұл – ешқашан маңызын жоғалтпайтын, адамдарға әрдайым қажет дүние. Мен бұл бизнесті бастап, біртіндеп тұрақты серіктестер тауып, клиент базасын қалыптастырып келемін. Мақсатым – тұтынушыларға сапалы өнім мен сенімді қызмет ұсыну», деді ол.
Алмат – жоғары оқу орнында журналистика мамандығы бойынша білім алады. Болашақ қаламгер бола тұра кәсіпкерлікке ден қоюы туралы да ойын тыңдап көрдік.
Жас кәсіпкердің айтуынша, ең қиын кезең бастаманы қолға алу сәті болған. Әсіресе қаржы мәселесі көп ойландырған. Бірақ ол бәрін өз күшімен жасап, бастапқы капиталды өзі жинап, нақты жоспармен іске кіріскен.
– Қазіргі қоғамда бір ғана мамандықпен шектеліп қалуға болмайды. Өзіңді жан-жақты дамытып, жаңа мүмкіндіктерге ұмтылуың керек. Журналистика маған ой кеңістігін берсе, кәсіпкерлік – өмір мектебі.
Тауар таңдау – үлкен жауапкершілік. Бизнесіңнің тағдырын сол шешеді. Қазіргі басты қиындық – сапалы өнім тауып саудалау мен тұрақты клиенттерді маңайыма топтастыру. Бұл бағытта әлі де көп жұмыс атқаруым қажет. Дегенмен мен тоқтамаймын. Әр күн сайын бір қадам алға жүруім керек. Адамды алға жетелейтін – оның арманы мен тәуелсіз болуға деген ұмтылысы, – дейді Алмат Ерланұлы.
Ол «Өз ісімнің иесі болу, өз еңбегімнің жемісін көру – мен үшін үлкен мотивация» деген ұстаныммен күн кешеді. Қиын сәттерде өзін рухтандырудың жолы да қарапайым. Ол өз-өзін «тоқтама!» деп жігерлендіреді.