Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жабайы сауданың бірі – жүгері сату

Жабайы сауданың бірі – жүгері сату
Автор
Жаз шықса болды қаладағы түрлі сауда орындарын буы бұрқыраған ыстық дүмбілдің иісі алып кетеді. Одан бөлек, кейбіреулер Тараз қаласындағы тұрғын үйлердің алдына немесе жаяу жүргіншілер жолының (тратуар) бойына тұра қалып саудалап жатады. Негізі дәл осы уақытта қауын-қарбыз немесе жүгері сату арқылы ақша табу саудаға қатысы жоқ адамдар үшін қосымша табыс көзі саналатыны анық.

Жалпы жүгері сатушылардың көбісінің іс-әрекеті заңсыз екені белгілі. Оны қаланың әр бұрышында, тіпті рұқсат етілмеген жерлерде, жаяу жүргіншілер жолы мен аялдамаларда, көлік жолдарының жиегінде, мектеп пен аурухана маңында, қандайда бір супермаркеттің алдында сауда жасап тұрғандарға жақындап барып, әңгімеге тартқанда байқауға болады. Өйткені олардың дені дүмбілді сатып алған адамнан қолма-қол есеп айырысуды талап етіп немесе ақшаны QR код арқылы емес, «Kaspi Gold»-қа тіркелген телефон нөмеріне аударуды ұсынады. Сондықтан да кәсіптің дәл осы түріне келгенде қоғамда сын-ескертпелер жетерлік. Өйткені мұнда рұқсатсыз сауда жасаумен қатар, тазалыққа байланысты мәселелер де бар. Сонымен қатар мұның бала еңбегін қанауға да қатысы болуы мүмкін. Өйткені кейде мектеп жасындағы оқушылар мен колледж студенттерінің қолы қалт еткенде дүмбіл сатумен айналысатынын байқауға болады. Көбіі бұл істі маусымдық кәсіп деп санайды.

– Қарағым, біздің саудамен айналысуға арнайы рұқсатымыз бар. Күнде ала таңнан қара кешке дейін екі аяғыңнан тік тұрып, жүгері сату оңай емес. Кейде ыстыққа, кейде жауын-шашынға тап боламыз. Алайда бұдан басқа амалымыз жоқ. Нан табуымыз керек.

Жүгеріні өз бау-бақшасында өсіріп, қалаға алып келіп көтерме бағамен өткізіп кететіндер де бар. Олардың әрекетін тексеріп, заңсыз болса шара қолданумен айналысатын жергілікті мамандардың мұны байқамайтынына күмәнмен қараймын. Қала маңына жақын тұратын ауылдықтар арасында өзінің есігінің алдында күтіп-баптаған жүгерісін таң қылаң бере ұйқысынан тұрып, қайырып, тазалап, үлкен қазанға су құйып, тұз салып қайнатып, оны тағы бір үлкен ыдысқа қаттап салып, суып қалмайтындай етіп орап, қаладағы сауда орталықтарына өткізетіндер де, өзі саудалайтындар да жетерлік. Тағы бірі жүгеріні қаланың базарларынан көтерме бағамен сатып алып, қайнатып сатады. Барлығымыз үшін бұл күнделікті табыс көзі, – дейді біз тілдескен 58 жастағы зейнеткер Қаншайым апай.

Осы ретте Тараз қаласындағы Сейфуллин көшесімен қиылысатын бір бағытты Әл-Фараби көшесімен «Салтанат» ықшамауданын бойлай «Қаратау» ықшамауданына қарай бет алдық. «Салтанат» ықшамауданындағы жаяужүргіншілер жолы бойында бір келіншек дүмбіл сатып тұрды. Қайнатылған бір дүмбілді 350 теңгеден саудалап тұрған одан жөн сұрасқанымызда жақтырмаған кейіп танытты. Дүмбіл сатушылардан төлемді «Kaspi Gold» арқылы қабылдап жатқанын да көрдік. Кішігірім үстелге электр қуатымен жұмыс істейтін қазанын орналастырып, жүгері сатып отырған оның әрекеті санитарлық талапқа да сай келмейді-ау деп қалдық. Қолында арнайы рұқсат қағазы, медициналық тексеруден өткені туралы анықтама немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені жайлы құжат сұрағымыз-ақ келген. Алайда оны дәл осы мәселелерді қазбалап сұрап, одан жауап алуға жүрегіміз дауаламады. Себебі өзіміз әлі студент болған соң бұл сұраққа жауап ала алмайтынымыз анық еді. Сол үшін де облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Сексен Қасынбековке хабарласқанымызда заңсыз саудаға қатысты мән-жайды әңгімелеп берді.

– Егер саудагер қандай да бір тауардың бағасына төлем әдісіне байланысты үстеме ақы қосса, тұтынушы бізге шағымдана алады. Өйткені, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 24-бабына сәйкес сатушы тауарды заттаңбада, сауда нысанының ішкі немесе сыртқы витринасына қойылған, көрсетілген бағада сатуға міндетті. Ал тұтынушының тауарды көрсетілген дәл сол бағада сатып алуға құқығы бар. Заң бойынша баға төлем әдісіне қарамастан өзгермеуі тиіс. Сонымен қатар осы заңның 8-1-бабының 4-1-тармағында төлем карточкаларын пайдалана отырып төлем қабылдағанда, қолма-қол төлем кезіндегі бағадан артық баға белгілеу тұтынушы құқығын бұзу болып есептеледі.

Ал мына жағдайда бір нәрсені ескеру керек. Өйткені жол бойында сауда жасау, тауарды қолма-қол не «Kaspi Gold» арқылы сату мәселелері салық тәртібіне және тіркеуге қатысты болғандықтан бұл тұрғыда түсіндірмені облыстық кірістер департаменті береді, – деді Сексен Қасынбеков.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлнұр Абдалиевамен де сөйлестік. Ол көше бойындағы саудагерлердің әрекетіне тексеру жүргізуге департамент мамандарының құқығы жоқ екенін айтты

– Негізі сатушыларға төлем картасын пайдаланған кезде қолма-қол ақша талап етуге немесе әртүрлі баға белгілеуге рұқсат етілмейді. Бұл заңбұзушылық. Қазіргі таңда тұтынушылар жиі кездесетін жағдай – картамен төлеу кезінде тауар бағасының қолма-қол төлемнен қымбат болуы. Осы заңсыз әрекет туралы «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңның 40-бабы 3-тармағында атап көрсетілген. Онда тауарлар мен қызметтерге төлем қабылдау кезінде төлем әдісіне қарамастан тауар бір бағада саудалану қажеттігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Алайда іс жүзінде бұл талап жиі сақталмайды. Кейбір сатушылар картамен төлеу кезінде бағаны көтеруді банк комиссиясымен байланыстырады. Бірақ бұл әрекет «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға да қайшы келеді. Сатып алушылар осындай жағдайда фискалдық чек берілмегені және қолма-қол төлем талап етілгені жөнінде нақты мекенжай, дүкен атауы мен «Kaspi Gold»-қа аударған төлем чегінің көшірмесімен бірге электронды өтініш арқылы шағымдана алады.

Бір айта кетер жайт, біз жол бойындағы тұлғалардың саудасы бойынша тексеру жүргізе алмаймыз. Себебі бұл кәсіпкерлікке заңсыз араласу болып есептеледі. Кәсіпкерлер кодексінің 35-бабына сәйкес, жеке тұлға тек жалдамалы жұмысшы пайдаланған немесе табысы белгілі бір межеден асқан жағдайда ғана дара кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті.

Жол бойындағы саудаға рұқсат беру – жергілікті әкімдік пен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің құзырында. Сондықтан тұтынушылар нақты дәлелімен әкімдікке немесе басқа да тиісті мекемелерге жүгінуі қажет. Ал кірістер органдары тек Салық кодексіне сәйкес, ескерту-хатқа жауап болмаған жағдайда ғана жоспардан тыс тексеру жүргізе алады, – деді Гүлнұр Абдалиева.

Жол бойына тұра қалып кез келген тауарды сату қоғамның шынайы әлеуметтік-экономикалық бет-бейнесін, нақты айтқанда жабайы сауда мен «көлеңкелі» бизнестің қоғамда әлі де бар екенін көрсететін құбылыс. Бұл халықтың табыс табуға деген ынтасы жоғары, еңбекқор, пысық екенін білдіргенімен ол заңсыз жүзеге аспауы керек. Анығы қоғамда сауда мәдениеті, кәсіпкерлік талаптары ретке келтірілуі тиіс. Осы ретте Тараз қаласы әкімдігі салық агенті, учаскелік полиция секілді тиісті мамандарды тарта отырып, заңсыз саудаға қатысты тексеру жүргізіп, арнайы жүгері сататын аймақтар мен шағын орындар белгілесе артық болмайтын еді. Бұл сатушылардың ашық жұмыс істеуі үшін қажет. Өйткені бұл жерде басты мәселе табыс табу емес, оны қалай, қай жерде және қандай жағдайда табу болып тұр.

Негізінде еңбектің түрі көп. Оның ішінде заң мен тәртіпке бағына отырып адал еңбек ету ғана адамды абырой биігіне жетелейді.

 

Нұрсая САҒЫМБЕК,

М.Х.Дулати атындағы Тараз

университетінің 3-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар