
Италия – Қазақстанның Еуропадағы ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынасқа 1992 жылы қол жеткізілгенімен, негізінде сауда-экономикалық байланыс соңғы онжылдықта қарқынды дамыды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, Италиямен арадағы сауда-экономикалық әріптестікті нығайту жолында маңызды шаралар қабылданып, жаһандық өзгерістер жағдайында стратегиялық диалогқа деген ортақ ұмтылыс көрініс табуда.
– Қазақстан Республикасы Италиямен көпқырлы, прагматикалық және ұзақмерзімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді. Екі ел арасындағы өзара құрмет пен сенімге негізделген байланыстар ұзақ жылдар бойы қалыптасып, бүгінде мызғымас экономикалық серіктестікке айналды. Соңғы жылдары бұл қатынастар жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Біз орнықты және инновациялық экономикалық одақ құру жолында нық қадам басып келеміз.
Бүгінгі таңда әлемдік экономика түбегейлі қайта құрылу үдерісін бастан өткеруде. Геоэкономикалық фрагментация, төмен көміртекті даму моделі, протекционизмнің күшеюі, friendshoring, аймақтандыру және өндірістік-логистикалық тізбектердің цифрлануы осы үдерістердің негізгі белгілеріне айналды. Мұндай жағдайда сенім мен өзара толықтыру қағидаттарына негізделген ұлттық серіктестіктер жаһандық экономикалық тепе-теңдікті сақтау тетігі бола алады. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан өзін тек тұрақты ресурстық база ретінде ғана емес, Еуразия кеңістігіндегі негізгі логистикалық және өндірістік хаб ретінде қарастырады. Біз халықаралық жеткізу тізбектерінде орнықты, цифрлық және әртараптандырылған шешімдер ұсынуға қабілеттіміз. Теңізге тікелей шығатын жолы жоқ ел ретінде Қазақстан әрдайым балама логистикалық бағыттарды іздеуде. Осы ретте Транскаспий халықаралық көлік бағытына (Орта дәліз) ерекше назар аударылып отыр. Логистикалық тізбектердің қайта құрылуы нәтижесінде бұл дәліз Солтүстік бағытқа балама ретінде маңызды стратегиялық рөлге ие бола түсуде.
2024 жылы жүк тасымалы көлемі 63 пайызға өсіп, 4,1 миллион тоннаны құрады. Ал контейнерлік тасымалдар 2,6 есе ұлғайып, жүк көлемі 50,5 мың жиырма футтық эквивалентке жетті. Бұл – көрсеткіштердің айтарлықтай жақсарғанын білдіреді.
Италия – машина жасау, өнеркәсіптік дизайн, агроөнеркәсіп және энергетикалық технологиялар салаларында әлемдік көшбасшы елдердің бірі. Біз мұнда ерекше синергияны көріп отырмыз. Мысалы, Италияның технологиялық және инвестициялық әлеуеті Қазақстанның ресурстық базасымен, логистикалық инфрақұрылымымен және стратегиялық орналасуымен үйлесе отырып, үлкен мүмкіндіктер туғызады. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 19,9 миллиард АҚШ долларын құрап, 24 пайызға артты. Оның ішінде Қазақстаннан экспорт 18,7 миллиард долларды құрады. Негізгі экспорттық тауарлар – мұнай, ферроқорытпалар, алюминий және ауылшаруашылығы өнімдері. Италиядан импорт көлемі 1,3 миллиард долларды құрады және негізінен машина жасау өнімдері, медициналық препараттар мен өнеркәсіптік жабдықтардан құралды. Алайда бұл көрсеткіштер екіжақты сауда-экономикалық әлеуеттің тек бір бөлігін ғана көрсетеді. Бүгінде біз өзара қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге шығарып, шикізатты терең өңдеу, бірлескен өндіріс пен жоғары технологиялық кәсіпорындарды жергілікті жерде дамытуға бағытталған жаңа серіктестік кезеңін бастауға дайынбыз, – деді Арман Абайұлы.
Бүгінде Италияға машина жасау, мұнай-химия, жасыл энергетика және агроөнеркәсіп салаларында салалық бірлескен кластерлер құру, италиялық өндірушілердің құрастыру және сервис орталықтарын Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтарында орналастыру арқылы салықтық жеңілдіктер мен ЕАЭО, ТМД және Азия елдерімен еркін сауда туралы келісімдерге қол жеткізу мүмкіндігі ұсынылуда. Сонымен қатар логистикалық тізбектерді цифрландыруға қатысты «Digital Supply Chain 4.0» жобасы аясында «blockchain-трекинг», «e-CMR», «e-TIR» платформаларын енгізу, сондай-ақ 2026 жылға қарай Астанада «Тұрақты инновациялар орталығын» ашу, «Жасыл» өнімді сертификаттау бойынша 2027 жылға дейін жылына 100 мың тонна көлемінде сертификатталған алюминий мен ферроқорытпаларды өндіру арқылы еуропалық автокөлік және құрылыс салаларына жеткізу, «KazakhExport» және Италияның «SACE» компаниясы арқылы экспорттық және инвестициялық тәуекелдерді бірлесіп сақтандыру құралдарын дамыту мәселесі де назарға алынған екен.
– Ауылшаруашылығы өндірістік кешені бағытында да ынтымақтастық әлеуеті ерекше маңызды. Қазақстанның Италияға органикалық бидай, майлы дақылдар мен мал азығын жеткізуді кеңейтуге құлықты. Сонымен қатар өнімді бірлесіп қайта өңдеу және бірыңғай брендпен орау бастамасы да халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Бұл ауқымды бастамаларды сәтті жүзеге асыру үшін жүйелі, мемлекетаралық тәсіл мен нақты шаралар қажет. Бірінші кезекте, стандарттарды үйлестіру, кедендік рәсімдерді оңайлату, логистикалық регламенттерді синхрондау және өнімді сертификаттау мәселелерін қамтитын үкіметаралық келісімдер қажет. Бұл бизнес үшін айқын ережелер орнатып, әкімшілік кедергілерді азайтады.
Бұдан бөлек, машина жасау, жасыл энергетика, агропроцессинг және жоғары технология сияқты басым салалардағы бірлескен бастамаларды қаржыландыру және қаржыландыруға қатысу үшін екіжақты инвестициялық қор құру маңызды. Қор екі елдің даму институттары мен тұрақты даму бағытында жұмыс істейтін халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен құрылуы мүмкін. Сондай-ақ сауда және инвестициялық келісімдер құрылымына экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару стандарттарын бейімдеуді қамтитын бірлескен «Environmental Social Governance» (ESG) жол картасын әзірлеу маңызды. Бұл – «жасыл» өндірісті, тұрақты жеткізу тізбектерін қамтамасыз етіп, Еуропалық одақ пен халықаралық нарық талаптарына, оның ішінде көміртегіні шекаралық реттеуге қатысты «CBAM» механизмдеріне сай келуге мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Италия арасында құрылатын бірлескен өндірістік тізбектер жаңа өңірлік жаһандық жеткізу конфигурацияларына интеграциялануға жол ашады. Бұл процестер бүгінгі таңда жиі Friendshoring қағидатына негізделіп отыр. Осындай негізде құрылған әріптестік сенімділік пен логистиканың ашықтығын бәсекелік артықшылық ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
2019 жылдан бері жаһандық сауда белгісіздігінің индексі 200 пайызға өсіп, 430 тармаққа жетті. Дүниежүзілік сауда ұйымының дерегіне сүйенсек, 2025 жылы жаһандық тауар айналымының өсуі 1,7 пайызға дейін баяуламақ. Осындай жағдайда бізге икемді, тұрақты және серіктестікке негізделген шешімдер қажет.
Қазақстан көлік инфрақұрылымын дамытуға 35 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салып, Еуразияның «Орта хабына» айналуға және Каспий, Кавказ, Қытай мен ЕАЭО арқылы Италия үшін сенімді дәліз ұсынуды көздеді.
Жалпы Қазақстан мен Италия арасындағы жаңа серіктестік кезеңінің негізін қалайтын бастамалар бүгінде сәтті жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Қазақстан-Италия бизнес форумы». Мұндай кешенді шаралар өзара тиімділікке, технологиялармен алмасуға, экономикалық стратегияларды үйлестіруге және заманауи сын-қатерлерге жауапкершілікпен қарауға бағытталған жаңа парадигманың бастауы, – дейді А.Шаққалиев.
Еліміздің сыртқы сауда саясатын табысты жүзеге асыру –маңызды міндет. Сондықтан да аталған министрлік сауда-экономикалық байланыстарды әртараптандыру арқылы еліміздің халықаралық аренадағы орнын нығайтуға күш салуда. Бұл өз кезегінде мемлекетіміздің жаһандық сауда жүйесіне еркін енуін жеделдете түсетіні анық.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ