
Кеңесте әуелі облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Төрегелдиевке қатысты қызметтік тергеп-тексеру қорытындысы қаралды. Тексеру анықтамасында жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және ұзарту мемлекеттік қызметін көрсету барысында басқарма заңды тұлғаның өтінімі бойынша қызмет көрсетуден негізсіз бас тартып, заңда көрсетілген мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол берілгені туралы уәждер келтірілген.
Айта кетсек, 2024 жылдың 23 тамызында басқармаға «Е-лицензиялау» порталы арқылы «Qazaq Mining Company» серіктестігінің бір адамға шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат беру туралы өтінімі келіп түскен. Артынша, яғни 26 тамызда басқарманың электрондық поштасына қызмет алушыдан жолданған өтінімді кері қайтару туралы хат келіп түскен. Аталған хат басқарманың ақпараттық жүйесіне тіркеуге алынбаған. Бұл ретте басқарманың жауапты маманы келіп түскен өтінім бойынша шетелдік жұмыс күшінен бас тарту туралы шешімнің жобасын әзірлеп, С.Төрегелдиевтің жеке кабинетіне қол қоюға жолдаған.
Бас тартудың негізі ретінде шетел жұмысшысының білімі сәйкес келмейтіні және жолданған құжаттардың толық еместігі, сондай-ақ тиісті түрде рәсімделмегені көрсетілген. Алайда өтініммен бірге келіп түскен құжаттарды зерделеу нәтижесінде шетел жұмыс күшінің білімі талаптарға сәйкес келетіні, құжаттардың толық екендігі және тиісті түрде ресімделгені белгілі болды. Өз кезегінде аталған мән-жайларға қарамастан С.Төрегелдиев 2024 жылы 26 тамызда бас тарту туралы шешім жобасына қол қойған.
Айта кетерлігі, қолданыстағы қағидалардың талаптарында шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат беруге өтінімдерді өтінім берген тұлғалардың өтініштері бойынша кері қайтару жағдайлары қарастырылмаған. Сәйкесінше, басқарманың «Qazaq Mining Company» серіктестігінің өтінімін аталған негіздермен қайтаруға мүмкіндігі болмаған. Аталған мәселелерге қатысты С.Төрегелдиев басқарманың электрондық поштасына қызмет алушыдан өтінімді кері қайтару туралы түскен хатқа сәйкес және «Е-лицензиялау» порталының «ИРС» ақпараттық жүйесінде өтініштерді кері қайтару тетіктері қарастырылмағандықтан, мемлекеттік көрсетілетін қызметтен бас тартуға тура келгендігін және өтінімді қайтаруға негіздемені дұрыс алмағанын мойындайтыны, сондай-ақ орын алған жағдай Қағидада және «Е-лицензиялау» порталында өтінімдерді өз өтініштері бойынша кері қайтару тетіктерінің болмауының, яғни құқықтық олқылықтардың және техникалық кемшіліктерге байланысты орын алғаны туралы түсініктеме берді.
Қызметтік тергеп-тексеру құжаттарын және С.Төрегелдиевтің түсіндірмесін зерделей келе, әдеп жөніндегі кеңес тексеру барысында анықталған кемшіліктер құқықтық олқылықтардың және техникалық кемшіліктерге байланысты орын алғанын атап көрсетіп, басқарма басшысының орынбасары С.Төрегелдиевке қатысты тәртіптік істі тоқтату туралы шешімге келді.
Т.Рысқұлов ауданы әкімінің кеңесшісі Елдос Сәлемовке қатысты жүргізілген қызметтік тергеп-тексеру қорытындысын қараған кеңес бұл іс бойынша да тәртіпті істі тоқтатуды қолдады. Бұған қызметтік тергеп-тексерудің барысында анықталғандай, Е.Сәлемовтің тәртіптік ісін қарауға негіз болған комиссия отырысына оның қатыспағаны және хаттамаға қол қоймағаны себеп болды.
Бұдан бөлек Е.Сәлемовтің 2024 жылғы 20 қарашадағы бұйрықпен бірыңғай персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) басшысы лауазымынан босатылғандығы анықталды.
Кеңестің күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша 2024 жылғы 19 қыркүйекте жүргізілген ішкі аудит нәтижелері негізінде денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспановаға қатысты қозғалған тәртіптік істі қарау туралы облыс әкімі аппаратының ішкі аудит қызметі өкілінің хабарламасы тыңдалды. Жанар Оспанованың аталған лауазымнан босатылуына байланысты басқарманың бұрынғы басшысына қатысты тәртіптік істі қарау да тоқтатылды.
Кеңесте облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасының қызметіне мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнаманың сақталуына қатысты жүргізілген жоспарлы тексерудің нәтижелері бойынша атқарылған жұмыстар туралы басқарма басшысының міндетін атқарушы Төлебек Құлекеев, Тараз қаласы әкімі аппаратының қызметіне мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың және мемлекеттік қызметшілерінің әдеп нормаларының сақталуына қатысты жүргізілген жоспарлы тексерудің нәтижелері бойынша атқарылған жұмыстар туралы қала әкімі аппаратының басшысы Айбек Тасеменов баяндама жасады.
Әдеп жөніндегі кеңес облыстағы мемлекеттік органдар тәртіптік комиссияларының бірінші тоқсанда атқарған жұмыстарына және тәртіптік жаза қолдану тәжірибесіне жасалған талдаудың қорытындыларын қарады. Мәселен осы жылдың алғашқы үш айында барлығы 242 тәртіптік жаза қолданылып, көрсеткіш 7,8 пайызға артқан.
Есепті кезеңде 218 қызметшіге тәртіптік жаза қолданылса, оның 127-сі басшы лауазымындағылар. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін 5 қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек осы кезеңде мерзімінен бұрын алынған жазалардың саны 52-ні құрап, ол 28,8 пайызға ұлғайған. Осы ретте кеңес мүшелері тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алу мәселесіне қатысты жайттарға назар аударды.
Тиісті заңға сәйкес, егер мемлекеттік әкімшілік қызметшi жаңа терiс қылық жасамаса және бұл ретте өзiн адал жұмыскер ретiнде көрсетсе, тәртіптік жаза алты ай өткенге дейiн алынуы мүмкiн.
Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен облыстың мемлекеттік органдары басшыларына қызметшілерден тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алу барысында жазаның әрекет ету мерзімінің кемінде жартысының (3 ай) өтуіне баса назар аудару ұсынылған болатын. Талдау көрсеткендей, бүгінде мемлекеттік органдар кеңестің ұсынымын назарға алмай, қызметшілерге берілген тәртіптік жазалар, жазаның әрекет ету мерзімінің кемінде жартысы өтпей, мерзімінен бұрын алыну тәжірибесі жалғасуда.
Мәселен, Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гаухар Олжабаеваға «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Алайда көрсетілген қызметшіге қолданылған тәртіптік жаза 12 күн өткеннен кейін мерзімінен бұрын алынған. Сондай-ақ Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы Е.Ақынбековке қолданылған тәртіптік жаза 1 ай 5 күн өткен соң алынып тасталған. Мұндай жағдай табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында да орын алған.
Осыған орай әдеп жөніндегі кеңес бұл мәселелерге сыни тұрғыдан баға бере отырып, мұндай тәжірибе ұжымдағы қызметшілердің арасында жазасыздық сезімін тудырып, өз қызметтік міндеттерін одан әрі орындауына кері әсер ететінін, сондай-ақ одан да басқа құқықбұзушылық жасауға алып келетінін атап өтті.
– Облыстың мемлекеттік органдары басшыларының қызметшілерден тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алу барысында жазаның әрекет ету мерзімінің кемінде жартысының өтуіне баса назар аудару керектігін тағы да еске саламыз. Жоғарыда көрсетілген бұзушылықтар жауапты қызметшілердің тарапынан заң талаптарын жеткілікті деңгейде білмеуі және басшылық тарапынан тиісті қадағалаудың әлсіреуі салдарынан орын алып жатқанын айта кеткен жөн. Осылардың негізінде әдеп жөніндегі кеңес аталған бұзушылықтарды болдырмау үшін мемлекеттік органдардың жауапты қызметшілеріне және тәртіптік комиссия мүшелеріне мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының талаптарын түсіндіру бағытындағы шараларды жүргізуді орынды деп санайды, – деді әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Р.Шәріпов.
Алдағы уақытта да профилактикалық бақылау мен қадағалаудың нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көрсетілген заң талаптарының сақталуы бойынша жұмыстар жүйелі түрде атқарылатын болады және аталған мәселелер тұрақты бақылауға алынды.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ