
Кеңес төрағасы Сембек Сейдәзімовтың айтуынша, 2022 жылдан бері кеңестің 14 отырысы өтіп, күн тәртібінде 27 мәселе қаралған. Ол бойынша тиісті атқарушы органдарға 120 ұсыныс берілген.
Бүгінде пәтер алу кезегінде 22 902 азамат тіркелген. Оның 2 055-і кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.
Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Әлімжанқызының сөзіне сүйенсек, облыста 4 695 көпбалалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», І және ІІ дәрежедегі «Ана даңқы» иегері бар. Әлеуметтік жағынан қорғалатын топқа жататын азаматтар саны 9 575-ті құрайды. Оның 6 577-сі мемлекеттік қызметшілер, өзге де бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілер. Жалпы осы санаттағы азаматтардың саны – 22 902.
Ал жалпы арендалық тұрғын үй есебінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген пәтерлер саны 2024 жылы 285-ке жеткен. Оның ішінде кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны – 56. Мемлекеттік қызметшілер, өзге де бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілер саны 78 болса, көпбалалы отбасылар 38-ге жеткен. Әлеуметтік жағынан қорғалатын топқа жататын азаматтар саны – 113.
Осы жылғы арендалық тұрғын үй есебінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген пәтерлер санына тоқталар болсақ, кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар 36-ны құраған. Көпбалалы отбасылар – 36, әлеуметтік жағынан қорғалатын топқа жататын азаматтар – 106. Барлығының саны 178-ге жетіп отыр.
– Биыл 25 мамырдан бастап, тұрғын үй кезегіне тіркелу «Отбасы банк» акционерлік қоғамының «orken.otbasybank.kz» сайты арқылы жүзеге асырылып отыр. Ипотекалық бағдарламалардың іске асырылу барысы туралы айтар болсақ, халықты қолжетімді баспанамен қамту мақсатында оңтайлы ипотекалық бағдарламалар жүзеге асырылуда. «Отбасы банк» АҚ тарапынан «Жаңа Концепция» бағдарламасы аясында 2024 жылы 813 азамат, ал 2025 жылы 551 азамат пәтерге қол жеткізді.
Сонымен қатар облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 17 қазандағы №39-4 шешімімен бекітілген бағдарлама аясында белгіленген санаттарға бастапқы жарна 10 пайыз болатын. Былтыр «Жаңа Концепция» бағдарламасы аясында 1 500 000 теңгеге дейін тұрғын үй сертификатына 300 000 000 бөлініп, 304 азаматқа 299 506 480 теңгеге рәсімделді.
Осы жылы тұрғын үй сертификатына 500 миллион теңге жергілікті бюджет есебінен бөлінген. Бүгінгі күнге 163 азаматқа жалпы соммасы 170 миллион 820 мың теңгеге тұрғын үй сертификаты беріліп отыр. Олардың қатарына мүгедектігі бар бала асырап отырған немесе сондай баланы тәрбиелеуші отбасылардың қолы жетті. Одан бөлек «Алтын алқа», «Күміс алқамен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған отбасыларға да осындай қамқорлық көрсетілді. Сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға жататын Қазақстан Республикасының азаматтарына да баспана бұйырды. Толық емес отбасыларға, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, кәмелет жасына дейін ата-анасының қамқорынсыз қалған және ата-анасынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балаларға да баспана берілді – деді Гүлдана Жауынбекова өз баяндамасында.
Кеңес отырысында Тараз қаласы тұрғындарын баспанамен қамту жайы кеңінен талқыланды. Кезекте тұрғандардың басым бөлігі 1 бөлмелі пәтерге мұқтаж. Сондықтан қала әкімдігі 1 бөлмелі үйлер салуға басымдық беруді жоспарлап отыр екен.
Сонымен қатар мүгедектігі бар жандардың жүріс-тұрысын жеңілдету мақсатында пандустар мен баспалдақтарды оңтайландыру тәсілдері қарастырылды. Кеңес отырысының қорытындысы бойынша хаттама жасалып, жолданған ұсыныстарға байланысты барлық сұрақтарға жауап беріліп, нәтижесін оңынан шешу мақсатында талқыланды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ