Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жасанды интеллект – руханияттың жаңа тынысы

Жасанды интеллект – руханияттың жаңа тынысы
Автор
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында көшпелі брифинг өтті. Баспасөз мәслихатында орталық директоры Жасұлан Әбдіхалық «Жасанды интеллект – руханияттың жаңа тынысы» тақырыбында баяндама жасады.

Жасұлан Лесбекұлының айтуынша, жыл басынан бері Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы көптеген маңызды жобалар мен игі бастамаларды сәтті жүзеге асырыпты. Жартыжылдық белесінде ұлттық болмыс пен мәдени кодты жаңғыртуға бағытталған тың жобалар қолға алынып, ғылыми-көпшілік бағыттағы мазмұнды іс-шаралар өткізілген. Атап айтқанда, орталық жанынан ашылған дәстүр және өнер бөлімі «Даналық мектебі», «Шаңырақ шуағы», «Той мәдениеті – ұлт мәдениеті» және тағы да басқа тақырыптарда түрлі тағылымы мен тәлімі мол іс-шаралар ұйымдастырған. Сонымен қатар балабақша тәрбиеленушілеріне ұлттық дүниетаным мен ертегі әлемін таныстыру мақсатында «Әжемнің ертегілері» жобасы қолға алыныпты. Жас ақын-жазушылардың шығармашылығын қолдау мақсатында «Мөп-мөлдір көздің қарасы...» жобасы шеңберінде облыстық әдеби байқау жарияланыпты. Мекеме жетекшілігімен той мәдениетін жүйелеу әрі дамыту бағытында облыста алғаш рет «Асабалар алаңы» қоғамы құрылып, оған 21 асаба мүшелікке енген. Жалпы 6 айда орталық 30-дан аса іс-шара өткізген.

Орталық директоры тарих пен заманауи технологияны ұштастырған «Әулиеата аңыздары» кітабы жарық көріп, жұртшылық назарына ұсынылғанын жеткізді. Кітап алғаш рет жасанды интеллект көмегімен жасалған геокарта мен визуалды құралдармен толықтырылған. Мұнымен қоса мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ұмыт болып бара жатқан шарж жанрын жасанды интеллект арқылы қайта жаңғыртылыпты. Сондай-ақ өмірден озған мәдениет майталмандарының бейнелері жаңа форматта ұсынылған.

– Жасанды интеллектті дұрыс қолдана білу керек. «Таяқтың екі ұшы болатыны» секілді жасанды интеллекттің де жаман әрі жақсы тұстары да бар. Алайда қазір тек жаман тұстарын ғана меңгеріп жатырмыз. Егер дұрыс мақсатта қолдана білсек, жасанды интеллекттің де тигізетін пайдасы мол.

Жасанды интелектті түбі игеріп шығатынымыз белгілі. Себебі бұл қоғамға ақырындап еніп келе жатыр. Сондықтан қазірден бастап жақсы жағына қарай пайдалану керектігін дәлелдеп шықсақ, бұл жаңашылдықтан қорқыныш туындамайды деп ойлаймын.

Қазір мектеп оқушыларының өзі берген тапсырмаларды жасанды интелект арқылы орындап жүргенін біліп, көріп жүрміз. Бұл мәселе деградацияға алып келе жатыр. Ертеңгі күні бала ойланбайды, ізденбейді. Әрине бұл мәселе дұрыс емес деп санаймын, – дейді Жасұлан Лесбекұлы.

 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар