
Елімізде жасөспірімдер арасында жасалатын құқық бұзушылықтар саны жыл сайын жүздеп тіркелуде. Әсіресе, қыз балаларға бағытталған әлеуметтік, физикалық, психологиялық қауіптер көбейіп, мәселенің маңызын арттыра түсті.
Облыстық полиция департаменті берген мәліметке сүйенсек, өткен жылы облысымызда 14 517 жасөспірім әкімшілік құқықбұзушылық жасағандары үшін полицияға жеткізіліп, 9 750 өрен әртүрлі құқықбұзушылықтар бойынша полиция есебіне алыныпты. Есепке алынған 564 жасөспірім мен 262 қолайсыз отбасы профилактикалық бақылауға енгізілген. Ал биыл профилактика шараларының, полиция рейдтерінің және білім-тәрбие жұмыстарының нәтижесінде көрсеткіштер аздап төмендеген. Мамыр айына дейінгі мәліметтерге сай жалпы қылмыстар саны 79-нан 73-ке, бұзақылық 8-ден 5-ке және дене жарақаты 6-дан 0-ге дейін азайған.
Қалай десек те, балалар мен жасөспірімдерге жасалатын қылмыс – зардабы ауыр, салдары ұзаққа созылатын әлеуметтік дерт. Сондықтан бүгінде еліміздің әр өңірінде осы бағыттағы күрес кең көлемде жүргізілуде. Мектептер мен колледждер, әкімдік, құқық қорғау органдары мен педагогтер жұмыла отырып, ортақ жауапкершілікпен әрекет етуде.
Осындай бірлескен жұмыс нәтижесінің жарқын мысалы – Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде қолға алынған жүйелі істер.
Колледж директоры Саясат Есеевтің айтуынша, қазіргі таңда білім беру мекемелері сапалы білім мен әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етумен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы – жас ұрпақтың құқықтық сауатын қалыптастырып, қауіпсіз ортада тәрбиелеу.
– Бала – біздің ең асыл қазынамыз, ел ертеңі, ұлттың болашағы. Бүгінгі таңда баланы тек жақсы оқытып, тамақтандырып қою жеткіліксіз. Ең маңыздысы – оны құқықтық тұрғыда сауатты, заңға бағынышты, өз құқығы мен міндетін білетін азамат етіп тәрбиелеу керек. Осы мақсатта Тараз қаласында қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған «Тараз – қауіпсіз қала» және басқа да жобалар жүзеге асуда. Бұл бастамалар студенттердің өзін қауіпсіз сезінуіне ықпал етті, – дейді С.Есеев.
Директордың айтуынша бүгінде колледжде 1 008 студент білім алады. Оның 85 пайызы – қыз балалар, 15 пайызы – ер балалар. Бұл контингенттің ішінде 574 студент, яғни 57 пайызы – кәмелеттік жасқа толмағандар.
Студенттердің 67,9 пайызы заңды өкілдерімен тұрады, 16,2 пайызы туыстарының үйінде, 3,1 пайызы жатақханада, атап айтқанда Ш.Мұртаза университеті жатақханасы мен «Шаңырақ» студенттер үйінде тұрса, ал қалған 12,8 пайызы пәтер жалдауда.
Колледж студенттері арасында әлеуметтік осал топтардың үлесі де аз емес екен. Тарқатып айтқанда 10 студент қамқоршылықта болса, 17 студент – мүгедектік санатында, 55 студент – аз қамтылған отбасынан шыққан, 318 студент – көп балалы отбасылардың балалары, 110 студент – жалғызбасты ата-ананың тәрбиесінде. Оның ішінде 105-і анасымен, 5-еуі әкесімен тұрады.
Сол секілді 4 студент өгей анасымен, 8 студент өгей әкесімен бірге тұрады. Осы деректердің өзі-ақ колледжде тек білім беру емес, әр баланың өмірлік жағдайына назар аудару қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында колледж әкімшілігі прокуратура, полиция, әкімдік өкілдерімен тығыз байланыс орнатқан. Білім мекемесі бейнебақылау жүйесімен толық қамтылған, маңындағы жаяу жүргінші жолдары мен жол белгілері реттеліп, қауіпсіз жүріс-тұрысқа жағдай жасалған. Тәртіпсіздік пен құқықбұзушылықтың алдын алуға полицияның тұрақты бақылауы да оң әсер етіп отыр екен.
– Нәтижесінде соңғы үш жылда полиция бөліміне есепке алынған студенттер тіркелмеді. Ерте жүктілік, радикалды діни көзқарас байқалған жастар анықталмады. Бұл – профилактикалық жұмыстардың нақты нәтижесі. Соған қарамастан, 2024-2025 оқу жылында 44 студент колледж ішілік тәртіп есебіне алынған. Алайда бұл да тиісті шаралармен жүйелі шешімін тапты. Атап айтқанда сабаққа келмей жүрген 2 студент сабаққа қайта келтірілді, 15 студенттің сабақтан кешігуі мен өз бетімен кетуі тоқтатылды. Орамал тағып жүрген 4 студентпен түсіндіру жұмысы жүргізіліп, нақты шешім қабылданды, 3 студент кәсіби бағдар бойынша басқа мамандыққа ауыстырылды. Сондай-ақ 4 студент психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің қарауына жіберіліп, түзету жұмыстары жүргізілуде, 3 жасөспірімнің мәселесі Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда қаралды. 10 студент облыстық психологиялық қолдау орталығына жолданды. Қазір 8 өрен колледж мамандарының бақылауында, олармен жеке түзету жұмыстары жалғасуда,– дейді колледж директоры.
Саясат Керімбекұлы атап өткендей, колледж контингентінің басым бөлігі – қыз балалар. Статистикаға сүйенсек, жасөспірімдерге төнетін әрбір он қауіптің тоғызы – қыздарға қатысты.
Қазіргі заманның өзгерістеріне байланысты қыз балаларға қатысты әлеуметтік, психологиялық және физикалық қауіптер көбіне әлеуметтік желіден, теріс әсер ететін ортадан туындайды. Сондықтан бұл проблемалар өзара түсіністік пен диалог арқылы оңай шешіле қоймасы белгілі. Осы ретте колледждегі тәрбие жұмыстары құқықтық, әлеуметтік-психологиялық, отбасылық бағытта кешенді түрде ұйымдастырылған.
Жасөспірімдермен жұмыста қолданылып жатқан «Lesson Study» тәсілі – бұл тек білім беру емес, тәрбиелік бағытты да қамтитын тиімді құрал. Әдетте бұл әдіс баланың оқу үлгерімін арттыруға қолданылады, алайда Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі оны тәрбие бағытына бейімдеген алғашқы мекемелердің бірі.
– «Lesson Study – сабақты зерттеу деген мағынаны білдіреді. Біз бұл тәсілді баланың тәртібін, мінез-құлқын зерттеуге қолданып келеміз. Бұл АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Қытай, Сингапур сияқты дамыған елдерде кеңінен таралған тәсіл. Біздің жағдайымызда педагогтар белгілі бір мінез-құлық ерекшелігі бар балалармен жұмыс формасын бірге жоспарлап, жүзеге асырып, нәтижесін бірге талдайды, – дейді Саясат Керімбекұлы.
Бұл тәсіл бойынша балаға диагностика жасалып, жеке түзету жоспары әзірленеді. Сұхбат, бақылау, кері байланыс, қорытынды – барлығы жүйелі жүргізіледі. Қажет жағдайда бұл әрекеттер бірнеше мәрте қайталанады.
Бүгінде «Lesson Study» тәсілі арқылы тәрбие сағаттары мен профилактикалық шаралар жаңа сапаға көтеріліп, педагогтардың кәсіби дамуына, ал оқушылардың жеке қасиеттеріне оң ықпал етіп отыр.
– «Қазіргі білім беру мен тәрбие саласындағы өзгерістер педагогтерден үнемі ізденіс пен жаңашылдықты талап етеді. Дәстүрлі тәрбие әдістерімен қатар, заманауи тәсілдерді енгізу – педагогикалық тәжірибені жетілдірудің тиімді жолы. Біз тәрбиелік жұмыстың шынайы әсер етіп, бала өмірімен тікелей байланысты болуына қол жеткіздік», – дейді Саясат Есеев.
Жасөспірімдердің бүгінгі қауіпсіздігі – елдің ертеңгі тұрақтылығы. Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің тәжірибесі дәлелдегендей, тәрбие мен құқықтық сауаттылықты ұштастыра отырып жүргізілген жүйелі жұмыс нақты нәтижеге әкеледі. Бұл – әр балаға, әр тағдырға бейжай қарамайтын қоғамның жеңісі.
Полиция департаменті тарапынан да жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар санын азайту мақсатында үздіксіз түрлі іс-шаралар атқарылып жатыр. Айталық жазғы демалыс кезеңі басталғалы облыста жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық шаралар күшейтілді. Полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар арқылы 1 815 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтап, түнгі уақытта ата-анасыз жүрген 1 475 баланың мәселесін қарастырды. Сонымен қатар 75 жасөспірім мен 48 қолайсыз отбасы профилактикалық есепке алынды. Бұл тек құқықтық бақылау емес, жасөспірімдердің қауіпсіз әрі саналы өсуіне арналған кешенді қадамдар жүйесі.
Сондай-ақ құқық қорғау қызметкерлерінің ұйымдастыруымен облыс бойынша жасөпірімдердің қатысуымен есірткіге қарсы бағытталған 583-тен астам іс-шара өтіп, 148 ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды. Мақсат – өрендердіңң есірткіге қарсы тұрақты иммунитетін қалыптастыру, зиянды әдеттерге жол бермеу.
Оған қоса, жақында ғана Тараз қаласында өткен «Көшенің тынысы – есірткіге қарсы» атты заманауи би фестивалі жастарды салауатты өмір салтына шығармашылық арқылы тартудың жарқын үлгісіне айналды. Оқушылар мен би ұжымдары бұл шараға белсенді қатысып, есірткіге қарсы үн қосты.
Осылайша өңірімізде жасөспірімдер арасындағы тәртіп пен салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл іске құқық қорғау органдары ғана емес, ұстаздар, ата-аналар және ең бастысы жастардың өздері де белсенді араласуда.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ