
Өткен мамыр айының өзінде Мемлекеттік кірістер департаменті тақырыптық салықтық тексерулер барысында ел көлемінде алкогольдік өнімдердің заңсыз айналымының 16 фактісін анықтап, заңсыз айналымнан 449 литр алкогольдік өнімдер алынды. Сондай-ақ заңсыз темекі өнімдерін анықтау мақсатында тексеру жүргізіліп, 4 540 қорап темекі тәркіленген.
Облысымызда да көлеңкелі экономикамен күрес жүйелі жүргізілуде. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бастығының орынбасары Нұрбол Рахметовтің айтуынша, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен 2023–2025 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспардың аясында жүргізіліп жатқан шаралар өз нәтижесін бере бастады. Облыста атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыты – экономикалық қылмыстардың алдын алу, оны дер кезінде анықтап, жолын кесу.
– Негізінде Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі №429-I «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңының 9-бабына сәйкес, алкоголь өнімдерін аралас полимерлі ыдыстарда, оның ішінде картон қораптарда және полиэтилен пакетке салынған картон қораптарда айналымға шығаруға, сондай-ақ есепке алу-бақылау белгілері жоқ немесе белгіленбеген үлгідегі не сәйкестендіруге жатпайтын таңбалары бар өнімдерді сатуға, сақтауға немесе тасымалдауға тыйым салынады. Бұл талаптарды бұзған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 283 және 463-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Яғни, акциздік немесе бақылау маркаларымен таңбалануы тиіс акцизделетін тауарларды тиісті маркасыз немесе сәйкестендіруге жатпайтын маркалармен сақтау, өткізу, тасымалдау секілді құқық бұзушылықтар үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Сол секілді орта кәсіпкерлік субъектілері 200 айлық есептік көрсеткіш, ірі кәсіпкерлік субъектілері 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Бұдан бөлек, барлық шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін акцизделетін тауарларды тәркілеу және лицензиядан айыру түріндегі қосымша шаралар да қолданылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 14 желтоқсандағы №882 қаулысына сәйкес 2025 жылға дейін арақ, арнайы арақ және күшті алкогольдік өнімдердің ең төменгі бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін 1524,1 теңге мөлшерінде белгіленген. Ал Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 282-бабының 3-бөлігіне сәйкес алкоголь өнімдерін осы ең төменгі бағадан төмен сатқаны үшін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл жағдайда шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 75 айлық есептік көрсеткіш, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 айлық есептік көрсеткіш, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 айлық есептік көрсеткіш, ал ірі кәсіпкерлік субъекті ретінде тіркелген заңды тұлғаларға 600 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар құқық бұзушылық жасаған барлық субъектілерге қатысты құқық бұзушылықтың тікелей объектісі ретіндегі акцизделетін тауарлар тәркіленеді, – дейді Нұрбол Жолдасұлы.
Осы бағытта қолға алынған шаралардың бірі – «Переток» операциясы. Акцияның негізгі мақсаты – жанар-жағармай материалдарының көрші Қырғызстанға заңсыз экспортталуына тосқауыл қою. Арнайы алгоритмнің енгізілуі арқасында бұл бағыттағы заңсыз тасымал көлемі 65 пайызға дейін төмендеген. Нәтижесінде, облыста жанармай тапшылығы орын алмады, диқандар уақытылы егін жинау жұмыстарын толық жүргізе алды.
Акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымы тек қаржылық шығын әкеліп қана қоймай, тұтынушылардың денсаулығына орасан зор қауіп төндіреді.
– Белгісіз жағдайда, белгісіз шикізатпен өндірілген тауарлар, яғни, контрафактілі өнімдердің зияны көп. Әсіресе темекі мен спирт өнімдері ағзаға кері әсер ететіні анық. Халық ондай өнімнің арзан екеніне қызығуы мүмкін, бірақ оның салдары кейде орны толмас өкінішке әкелуі ғажап емес. Мәселен өткен жылдың алғашқы бес айының өзінде заңсыз айналымнан 7 миллион қорапқа жуық темекі өнімдері тәркіленіп, жалпы құны 5 миллиард теңгеден асатын заңсыз тауар айналымына қатысты 22 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде акциздік төлемнің сомасы 2 миллиард теңгеден асады. Ал осы жылдың бірінші тоқсанында тағы 6 қылмыстық іс тіркеліп, 626 мың қорап темекі мен 40 мың литр спирт заңсыз айналымнан шығарылды. Экономикалық теріс әрекеттердің алдын алу үшін департамент түсіндіру және ақпараттық жұмыстарды күшейтті. Қоғам арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында облыстық және республикалық телеарналарда бейнероликтер мен сұхбаттар ұсынылуда. Әлеуметтік желілерде қаржы пирамидалары мен заңсыз ойын-сауық бизнесінің салдары туралы материалдар тұрақты жарияланып келеді, – деген Н.Рахметов профилактикалық шаралар да басымдыққа ие екенін жеткізді.
Айыппұл салып, заңсыз тауарларды тәркілеп қана нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Ең алдымен, халықты ақпараттандыру маңызды. Қазір облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп ай сайын «дөңгелек үстел» отырыстарын, Zoom-конференциялар өткізіп отырмыз. Бұл кездесулерге аудандардағы бизнес өкілдері де онлайн түрде қатыса алады.
Сонымен қатар облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мен Шекара қызметі арасында бірлескен іс-қимыл күшейтілген. Бұл ынтымақтастықтың нәтижесінде шекара маңындағы контрабандалық әрекеттерге тосқауыл қою мүмкін болып отыр.
Аймақтағы экономикалық құқық бұзушылықтар туралы азаматтар тікелей хабарлай алатын арналар да бар. «AFM Insider» Telegram-боты мен департаменттің сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Нұрбол Жолдасұлының сөзіне сүйенсек, кез келген азамат өзінің құқықтарын қорғауға, заңсыз әрекеттерге нөлдік төзімділік танытуға міндетті.
– Президент бастамашы болған «Заң және тәртіп» қағидаты – әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Экономикалық қауіпсіздік тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның ортақ мүддесі. Біз заңға бағынатын орта қалыптастыру арқылы ғана дамыған елдердің қатарына қосыла аламыз, – дейді Н.Рахметов.
Аталған кешенді іс-шаралар өңірімізде көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға, адал кәсіпкерлікті дамытуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға өз септігін тигізуде.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ