Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Онлайн құрбандық шалу – заманауи игілік, мұқтажға мейірім

Онлайн құрбандық шалу – заманауи игілік, мұқтажға мейірім
Автор
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен алғаш рет пандемия кезінде жүзеге асып, халықтың оң бағасына ие болған онлайн құрбандық шалу рәсімі бүгінде тұрақты игі дәстүрге айналды. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тауып, Құрбан айт мейрамында құрбан шалу рәсімі еліміздің барлық өңірінде онлайн және офлайн форматта қатар өтеді. Бұл әсіресе ірі қалаларда тұратын тұрғындар үшін өте тиімді мүмкіндік болып отыр. Мал сою рәсімінің оңтайландырылған жүйесі мен еттің мұқтаж жандарға таратылуы – құрбандықтың басты мәнін сақтауға сеп.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2025 жылы арнайы құрбандық шалуға арналған qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты. Бұл сайт арқылы кез келген азамат құрбан шалуға онлайн тапсырыс бере алады. Қызметті пайдалану жолы да қарапайым. Сайтқа кіріп, тұрғылықты өңіріңізді таңдап, аты-жөніңіз бен байланыс нөміріңізді көрсетіп, құрбан шалғыңыз келетін малды белгілейсіз. Малдың құнын «Kaspi.kz» арқылы төлеуге болады. Құрбан шалынғаннан кейін тапсырыс берушіге фото және видео есеп жолданады. Бұл – рәсімнің шынайы өткені мен ашықтығын қамтамасыз етеді.

Құрбан айтқа орай өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы онлайн құрбан шалуға сұраныс жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Бас мүфтидің айтуынша, 2021 жылы онлайн форматта 14 804 қой құрбандыққа шалынса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 31 053-ке жеткен. Ал 2024 жылы 35 929 қой құрбандыққа шалынған. Бұл – халықтың сенімі мен діни басқарманың қызметін оң бағалауының нақты көрінісі. Мүфтият биыл да осы игілікті шараның барынша жүйелі өтуі үшін барлық өңірде дайындық жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар сайт арқылы тек құрбан шалуға ғана емес, мұқтаж жандарға ет алу үшін де өтініш беруге болады. Ол үшін де сайтқа кіріп, «Құрбан етін аламын» деген бөлімде өз өңіріңізді, аты-жөніңізді, байланыс нөміріңізді көрсетіп, әлеуметтік жағдайыңызды қысқаша баяндасаңыз жеткілікті.

Биыл құрбандық шалуға арналған сайтта аймақтық ерекшеліктер ескерілген. Мысалы, Астана қаласы бойынша қой бағасы – 85 мың теңге, ірі қара 560 мың теңге деп көрсетілген. Облысымызда қойдың құны – 95, ешкі – 55, ал ірі қара 700 мың теңге шамасында. Ірі қара малын бір адам жеке немесе жеті адам бірігіп шала алады.

Сайттың басты бетінде «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» (Кәусар сүресі, 2-аят) деген қасиетті Құраннан алынған аят жазылып тұр. Бұл – сайттың мазмұны мен мақсатын айқын көрсететін маңызды рухани белгі. Тапсырыс беру бетінде өңіріңізді, аты-жөніңізді, байланыс нөміріңізді жазып, малдың түрін таңдай аласыз. Мал бағасы нақты көрсетіліп тұрады. Ал құрбан шалынғаннан кейін «Құрбан шалынды – мәлімет қараймын» бөлімі арқылы өз шалған малыңыз туралы ақпаратты көре аласыз.

Сонымен қатар сайтта арнайы сұрақ-жауап бөлімі де бар. Онда құрбан шалудың маңызы, діни үкімдер, ниет ету, рәсімдер мен онлайн тапсырысқа қатысты кеңінен түсіндірілген. Бұл – діни сауаттылықты арттыруға және көпшіліктің түсінігін тереңдетуге бағытталған пайдалы ақпарат көзі.

Айта кетейік, Үкімет қаулысы бойынша, Құрбан айттың бірінші күні – 6 маусым. Жұма күні елімізде ресми түрде демалыс деп жарияланған. Бұл күн мұсылман қауымы үшін ерекше құлшылық пен қайырымдылық күніне айналмақ.

Құрбан шалудың онлайн форматы – технология мен дәстүрдің тоғысуының нақты көрінісі. Мұндай амал қоғамда қайырымдылық пен рухани тәрбие таратудың тиімді әрі әділетті жолына айналды. Ең бастысы – құрбан етінің мұқтажға жетуі, сауаптың ниетпен қатар жүруі. Құрбан айт мерекесі құтты болсын!

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар