Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жұмыссыздықтың бір ұшы – енжарлықта

Жұмыссыздықтың бір ұшы – енжарлықта
Автор
«....Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», – деген екен ұлы ойшыл Абай Құнанбаев. Одан қалса, қазақ «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» деп те артына өнегелі сөз қалдырған. Нысанаға дәл тиген оқтай тура айтылған сөздің астарына үңілсек, онда тиген жерін қарып түсірер ащы шындықтың жатқаны рас.

Тағы да Абай атамыз айтпақшы, «есектің артын жуып мал тауып» еңбектенген адамға, «жұмыртқадан жүн қырқып жүріп» нәпақасын айырып жүрген пысықайларға қарап, барлығы әркімнің өзіне байланысты екеніне көзің жетеді. Одан бөлек осы ұғымға кереғар өмір сүріп жүрген жатыпішер, енжарларға қарап, өз өмірін қиындату да әр адамның өзіне байланысты екенін ұғынасың. Оның үстіне «Жүргенге жөргем ілінеді» деген сөз бар қазақта. Бұл сөзді тәпсірлесек, оның мағынасы «жұмыс жоқ» деп қол қусырып отырмай, адамның еңбектенуін, ізденуін білдіреді.

Бүгінгі таңда Үкімет тарапынан халықты жұмыспен қамтудың түрлі жолдары ұсынылуда. Былтырғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыста еңбекке қабілетті адам саны 572 134 азаматты құраса, жұмыссыз болып 22 482 азамат тіркелген екен. Олардың ішінде 4 392 адам тұрақты жұмысын жоғалтуына байланысты көмек алып отырса, уақытша жұмыс орындарымен 12 303 тұрғын қамтылған.

Жұмыссыздықты азайту, яғни масылдықты жою мақсатында биыл қала және аудандарда барлығы 34 жәрмеңке ұйымдастырылыпты. Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне 544 жұмыс беруші мекеме қатысып, 2 741 бос жұмыс орны ұсынылыпты.

Биыл 1 315 адамды кәсіптік оқумен қамту жоспарлануда. Оның ішінде тігінші, есепші, есепші кассир, жиһаздарды құрастырушы, аспаз, шаштараз, электр-газбен дәнекерлеуші, кондитер, бет әрлеуші, тырнақ әрлеуші, кран машинисі, компьютер операторы, кескіш кестеші, автокөлік жөндеу слесарі, тәрбиеші көмекшісі, құс өсіруші, тракторшы, мал дәрігері, косметолог, наубайшы, автослесарь, техникалық бағдарламашы, графикалық дизайнер, массажист, электромонтер, химиялық талдау зертханашысы, бұрғылау қондырғысының машинисі, экскаватор машинисі қамтылған. Одан бөлек халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын, яғни 1 636 адамға 2,6 миллиард теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру көзделген.

Осынша табыс көзі ұсыныла тұрып, ел ішінде «жұмысым жоқ, күн көре алмай отырмын» дейтін азаматтар табылады. Ең өкініштісі, ақшаға мұқтажбын дейтіндердің басым бөлігі – аяқ-қолы бүтін, дені сау азаматтар. Ал кейбір тұрғындардың сылтауы – «тегін жұмысқа орналасу қиын, қайда барсаң да қомақты қаржы ұсыну керек» деген пікір. Тағы бірі айлықтың аздығын сылтауратып, орнынан қозғалғысы келмейді.

Көбіне енжарлық пен керітартпалық адамды алға жылжуға кедергі жасап, керісінше, кері итермелейді. Ал шын табыс тапқысы келген адам қандай жағдай болса да «қайтсем табыс көзін табамын» деп тырмысады. Сондай еңбекқор адамдардың қатарында тіпті мүгедектігі бар бола тұра жұмыс істеп, нәпақа тауып жүрген жандар бар.

Есіктің алдындағы темір дүңгіршекте отыратын елуді еңсерген Азамат есімді аға біз ес білгелі аяқкиім тігеді. Оның дүңгіршегінің есігі жабық тұрған күні жоқ. Оған себеп – қол қусырып отыра алмайтындығы. Тынбай тіршілік істеп, етік тігіп жүріп ұл-қызын аяқтандырды. Балаларын ешкімнен кем қылмай оқытты. Бәрі жоғары білімді.

16 жастағы кенже ұлының сабақтан тыс уақытта достарымен тілдесуге де уақыты жоқ. Себебі ол әкесіне көмектесу үшін үйіне асығады.

– Әкем жас кезінде анам екеуі сөз байласып, қыз бен жігіт болып кездесіп жүрген екен. Кейін әкем көлік апатына түсіп, екі аяғынан айырылған. Анам артынан іздеп ауруханаға барады. Екі бірдей аяғын кестірген әкем ауыр жағдайда жатып та анамды ойлап «Сен менімен бірге болмай-ақ қой, өз бақытыңды тап» депті. Алайда анам «Сен сияқты жігітті екі дүниеде де тастамаймын» деп жауап беріпті. Оған себеп – әкем небәрі 19 жасында бес бірдей жетім қалған бауырын бауырына басқан. Солардың ас-ауқатын дайындап, күні-түні жұмыс істеп жүрген мейірбандығы мен еңбекқорлығына тәнті болған анам әкемді қиын күн туғанда тастап кетпепті. Қазіргі таңда түрлі отбасыларды көргенде таңғаламын. Сыныптастарымның аяқ-қолы бүтін әкелерінің жұмыссыз жүргенін көріп қынжыламын. Мектепте ақша жинасақ, балалары тиын қоса алмай қиналады. Себебі әкелері жұмыс таба алмай жүреді. Ал табылған жұмысты менсінбейді. Негізі қандай жұмыс болса да үйреніп, бала асырауға жараса болды емес пе?! Мен әкемнің қасында етік тігіп табыс тапқаныма қуанамын. Сыныптастарыма етік тігуді үйретейін десем, намыстанады, – дейді «әке көріп, оқ жонып» жүрген кенже ұл.

Бұл отбасының отанасымен де жолығып, тілдесудің сәті түсті. Алдымыздан шығып, қонақжайлығымен қарсы алған ажарлы әйел әңгімені әріден бастады.

– Біз танысқан уақыт жолдасым екеуміздің де ата-анамыз өмірден ерте озған қиын кезең еді. Ол өзінен кіші бауырларын қатардан қалдырмас үшін тынбай еңбек ететін. Оған мен қосылдым. Үйде нан пісіріп саттым. Ол менен нан сатып алып жүретін, сөйтіп танысып кеттік. Сол уақытта ол өз бауырларына қосып, менің бауырларымды да асырады. Ұйқы көрмей, тынымсыз еңбек етті. Себебі ол демалса, екі үй аш қалады деп уайымдайтын. Менің нан сатқан тиыным бір қап ұнға жетсе, ол оған ақша қосып, екі қап ұн алып келетін. Мен сондай қиын-қыстау кезде қасымнан табылған адамды қалай құрметтемеймін? Ол менің жақсы көрген жігітім ғана емес,  сол кезде біздің қамқоршымызға, қорғанымызға айнала білді. Себебі ол уақытта онымен қатар жігіттер кафеге барып, той тойлап, қыдырудан қолы босамайтын. Ал ол еңбек етуден жалықпады. Бұрынғы жігітім енді күйеуіме айналып отыр. Бауырларым бүгінде есейіп кетсе де «жезде» деп атап көрмеді. «Әкей» деп кетті. Олардың өз әкелері есінде қалмаса да, азық-түлігін көтеріп, есіктен кіріп келетін жас жігітті ұмытқан емес. Бүгінде мен түрлі нан, тоқаш, бәліш, самса сататын дүкен аштым. Барлық жылы-жұмсақты өз маңдай теріммен пісіремін. Күйеуім екеуміздің табысымыз өте жақсы дейтін халге жетіп отырмыз. Балалар да бір-бір қызметтің басына ілікті. «Әке, үйде отыр, өзіміз асыраймыз» деп жиі айтады. Бірақ Азамат жұмыссыз отырғанды ұнатпайды. Сондықтан әлі де жұмысты тоқтатпаймыз, – дейді Шайбүбі ханым.

Қолына біз ұстап, етік жамап отырған Азамат ағаның бітім-болмысы бөлек екені анық. Құдай ол кісіні екі аяғынан айырғанымен, еңбекке деген құлшынысынан айырмаған. Керісінше, еңбегінің арқасында маңайына бейнеткештігімен танымал азаматқа айналып отыр.

– Ешқашан қол қусырып жұмыссыз отырған емеспін. «Жұмыс жоқ» деп әке-шешесінің зейнетақысын күтіп жататындарды түсінбеймін, түсінгім де келмейді. Үкімет түрлі шара ұйымдастырып, жұмысқа шақырып жатқанын естіп, көріп отырмыз. Барғысы келмейтіндер көп. Ал бара қалса  «қиын екен» деп шығып кетеді немесе «айлығы аз» деп сылтауратады. Ал үйренуге сүлесоқ. Мен де есіктің алдына жиылып алып карта ойнап, сыра ішіп отыратындарды еңбекке шақырып шаршадым. Не әйелдері, не күйеулері табыссыз тентіреп, қол жайып жүргендеріне қарап, әйелім аспаздыққа, өзім етік тігіп үйренуге шақырдық. Тегін үйреттік. Алайда соңында әйтеуір бір сылтау тауып, тайып тұрады. Үйренгендерінің өзі аз-маз табыс тапқаннан кейін сыралатқысы, кафе жағалап, қыдырғысы келіп тұрады. Бүгінде тіршілік жасап, еңбек етіп кеткендері де баршылық. Әлі күнге мені ұстазындай көріп, алғысын жеткізіп тұрады. Жұмыс істеймін деген адамның екі қолына бір күрек табылатыны сөзсіз. Ең сорақысы сол, көбісі жалқаулықтан ештеңе істегісі келмейді, – дейді етікші аға.

Жалпы масылдық деген қоғам індеті тұтас ұлтты деградацияға ұшырауға апаратын бірден-бір фактор. Негізі біреуді «балық же» деп шақырғаннан гөрі, қолына қармақ беріп, сол балықты өзіне аулату қажет» деген рас ұғым. Сонда ғана адам еңбектің нанының тәтті екенін сезінеді. Ал жатыпішер, ерке, шолжаң, дайын асқа тік қасық болып өскендерден қандай еңбекқор азамат шықсын?!

Осы орайда жұмыссыз жүрген жандармен тілдесіп, оның жұмыссыз жүруінің себебін білуге тырысқан едік. 35 жасар Асылбектің жұмыссыз жүргеніне биыл 7 жыл болыпты. Ол бұрын үй салып, пәтер жөндеп, кірпіш қалап нәпақа тапқан. Пандемия басталған тұстан бері тапсырыс азайып, тіпті бірнеше ай бойы қол қусырып отырып қалыпты.

Бүгінде анасының зейнетақысы мен әйелінің тынымсыз тіршілігі күн көруіне сеп болып тұр. Зайыбы Мәншүк бірде түрлі дәм пісіріп, дүкенге өткізсе, енді бірде тойхана жағалап, ыдыс-аяқ жуып, жалданып, үй-үйде өткізілетін жиын-той, құдалықтың дастарқанын дайындайды. Негізі ақысын төлесе, кез келген жұмыстан бас тартпайды.

– Жолдасым туралы ауыр сөз айтқым келмейді. Алайда ата-анам күйеуіме бірнеше рет жұмыс тауып берген болатын. Бірақ ол «Ауыр көтерсем, белім ауырады» деп істегісі келмейді. Ал оқымаған адамға қара жұмыстан басқа не істеуге болады? Негізінен Асылбек те тағамды өте дәмді істейді. Соған байланысты қазір түрлі тағам дайындап үйреніп жүр. Күйеуім мені мектеп бітірген жылы, соңғы емтихан тапсырар-тапсырмастан  алып қашып келген. Сөйтіп, мамандық алуға мүмкіндігім болмай, бала туып, үйде отырып қалдым. Алайда «қолынан дым келмейтін әйелдің өзі  салат жасай алады» демекші, бірде бауырсақ, бірде нан, енді бірде бәліш пісіріп, дүкенге өткіземін. Одан бөлек ақысын берсе, кез келген жұмысты істей беремін. Сөйтіп, ата-енемнің көмегімен, әупірімдеп екі баламды жеткізіп келеміз, – дейді Мәншүк.

Ал Асылбек өзінің жұмыссыз жүргенін білімге құштарлығы жоқ болғандығынан көреді.

– Мектепте балалықтың салдарынан сабақтан жиі қашып, білімге ден қоймадық. Кейін оқуға түсіп, мамандық иесі болуға зауқым соқпады. Ата-анамның «оқы, балам» деген сөзіне құлақ аспадық. Табылған жұмысты істеп, тапқан азын-аулақ тиынға мәз болдым. Енді ғана ес жиып, қай жерде қандай курс бар, соны оқып алуға тырысып жүрген жайым бар. Жақында аспаздық курсын оқып алдым. Бірақ оның да қаражатын ата-анам төлегендіктен ұяламын. Жұмыссыз жүрген адамға жан жуымайды екен. Бір түсінгенім, жұмыссыздыққа жалқаулық алып келеді. Мен сондай жалқаудың бірі болғанмын. Соңғы екі жыл тұрмыс тауқыметі қатты қыспаққа алған соң ғана ақыл кіріп, жұмыс істеуге талпынып жүрмін. Бүгінде балаларым есейіп, олардың да сұранысы көбейіп келеді. Бірде «Неге бізде көлік жоқ?» десе, енді бірде «Біздің үйіміз неге кішкентай әрі ескі? Қашан әдемі үй салып бересің, әке» деп ұялтады. Құдай қаласа, алдағы уақытта асханалардың біріне жұмысқа орналасуға ниеттеніп жүрмін, – дейді Асылбек.

Дәл солай жұмыссыз жүргеніне 10 жылдан асқан Марат Мырзалиевті әңгімеге тартқан едік. Ол анасының қазасынан кейін өз-өзіне келе алмағанын алға тартты.

– Әр үйдің ұйытқысы – анасы. Үйдің кенжесі болғандықтан ерке болып өстім. Жегенім – алдымда, жемегенім – артымда. Шешем бетімнен қаққан емес. Мектеп бітірген соң оқытты. Кейін қызметке тұрдым. Қанша есейсем де анам сәбидей мәпелеп күтті. Отбасын құрып, анаммен бірге тұрдық. Үш перзент сүйдім. Балаларым, келіншегім мен анам үшін тынбай еңбек етіп, жақсы табыс таптым. Дүкен аштым. Тірлігім алға дөңгеледі. Достарымның ішіндегі ең табысы жоғары мен болдым. Барлығы менен қарыз алатын халге жеттім. Анам аяқ астынан өмірден өтіп кетті. Сол сәтте менің кеудемде үлкен жарылыс болды. Ол жарылыс менің өмірге деген құлшынысымды сөндіріп тастады. Анамның қайғысынан соң орнымнан тұрмай жатып қалдым. Жұмыс істеуге, тіпті өмір сүруге деген көзқарасым өзгерді. Ештеңе керек емес сияқты күйге түстім. Соңында жұмыстан қуылдым. 2 жылдан соң жұмыссыздығымды, енжарлығым мен өмірге қабілетсіздігімді көтере алмай үш баламды ертіп, әйелім кетіп қалды. Дүкенді әйелімнің атына аударып, заң жүзінде ажырасып кеттік. Содан бері 10 жылдың жүзі болыпты. Анда-санда көрші-қолаң, таныстар шеге қағып беруге, әлдебір затты  көтерісуге шақырып, тиын-тебен ұстатып тұрады. Өзім осы жылдар ішінде бірнеше рет жұмысқа тұрдым. Бір жұмыс қатты қиын болып көрінсе, екінші жұмыс көңілімнен шықпайды. Ал енді бір жұмыстың айлығы тым төмен болды. Осындай жағдайда қасымнан табылып, ас-ауқатыммен қамтып отырған бауырларыма алғысым шексіз, – дейді Марат.

Психолог Майра Айдарқызының пайымынша, «масыл адам» деп практикалық психологияда біреудің есебінен өмір сүретін және солай өмір сүргенді жақсы көретіндерді айтуға болады.

– Масылдық әлеуметтік психологияда әдетте нәрестелік-патерналистік кешен ретінде анықталатын көзқарасқа негізделген. Мұнда масыл адамның екі түрі бар екенін білген жөн. Бірі – көп жағдайда бала болып қалатын, күнделікті өмірден бастап жалпы қоғам деңгейіне дейін ата-анасының қамқорлығына, қорғауына мұқтаж адамдар. Мұндай адамдарды инфантиль деп атайды, яғни жасы бойынша ересек, психологиялық тұрғыдан балалық қасиеттерді сақтайтын адамдар. Ал екінші түрі – жетілмеген адамдарға ата-ана ретінде қатысты әрекет ететін, оларды қорғау және қамқорлықпен қамтамасыз ететін күштерден құралады. Сондықтан мұндай көзқарас «патернализм» деп аталады, яғни әке қажеттілігімен, оны қорғау және қамқорлықты қажет етумен байланысты көзқарас. Бұл масылдық психологияда қорғау мен қамқорлықты қажет ететіндер және оны қамтамасыз ететіндер деп қарастырылады. Мұндай бала мінезді адамдар үнемі әлдекімнің ойына, көмегіне, қамқорлығына тәуелді әрі мұқтаж болып келеді. Олар бәрін біліп тұрса да көшке ілесе алмай қиналады, – дейді психолог.

Тағы бір жаман қасиет – адамның енжарлығы. Қандай іс бастаса да кежегесі кейін тартып немесе қолға алынатын істің алға жылжып кетуіне сенбей тұрады. Оның үстіне сол істі жүргізуге өзі әрекет еткісі келмейді. Ең сорақысы, ерінеді, жалқаулығы басым. Мұндай қасиет баланың еркінен тыс айтқанын істеген ата-аналардың салдарынан туындайды. Оған Марат Мырзалиевтің айтқан әңгімесі дәлел болып тұрғандай.

– Кейбір адамдар табиғатынан өркөкірек болады. Қолынан ештеңе келмейтінін мойындағысы келмейді. Ана істі бір бастап, мына істі бір бастап, тастап кетіп, «менің жұмысым емес екен» немесе «көңілімнен шықпады» деп ақталады. Барлық істің басында қиындық тұратынын, оны еңсеріп, игеру керек екенін мойындағысы да, ол үшін еңбектенгісі де келмейді. Дәл осындай жалқау адамдар ақшасы жоқ болып жүрсе де мойымайды. Тіпті кейбірі өздері тұрмақ, өзгелердің көңілін көтеріп, сол арқылы азын-аулақ сыйақы, яғни тиын-тебен алады. Ішерге ас, киерге киім таппай кетсе де бәрібір әркімнің үйінен тамағын тойдыратын, арсыздау болып келеді. Сол арсыздық оларға әлденені уайымдап, ойлануға мұрша бермейді, – дейді М.Айдарқызы.

Бір жылдары мен де жұмыссыздардың қатарында едім. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің журналистика факультетін бітіргенмін. Алайда «мен журналист бола алмаймын» деген сенімсіз ой дипломмен жұмыс іздеуге мұрша бермеді. Бірде кафеде ыдыс жусам, енді бірде балмұздақ сатып нәпақа тауып жүргенмін. Расымен де мен қалай жұмысқа тұрдым?

Бірде Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің редакциясына жол түсті. Күлімдеп қарсы алған директор-бас редактор Эльмира Мырза-Ғали «Көне шаһарға «Жігіттер» квартеті келіп, ән кешін өткізгелі жатыр. Әнін барша қазақ сүйіп тыңдап жүрген танымал топтан сұхбат алып келсең, жұмысқа алар едім» деп қалды. Әншілерден сұхбат алудың амалын таппасам, жұмысқа тұра алмайтынымды да мықтап ескертті.

Жұмыстың қадірі артып тұрған тұста қапияда қапы қалмайын деген ниетпен тәуекел етіп, «Жігіттер» тобының концерті өтетін қоңыр кешке асқан толқыныспен аттандым. Алайда квартеттің төбесі көрінгенде сұхбаттың ауылы алыс екенін ұқтым. Бірақ қалайда жұмысқа тұрудың амалын ойластыра бастадым.

Билетсіз барған маған есіктің аузында, табалдырықтан сығалап тұруға ғана мүмкіндік бар еді. Көз ұшында тұрған топ мүшелерімен  тілдесудің амалын іздеп әуреге түстім. Сәлден соң қолыма ақ қағаз бен қалам алып, хат жазуға кірісе кеттім.

Ойдым-ойдым ой айтып, сөз маржанын моншақтап теруге тырыстым. Үшбу хатты әрлеп, әлемдегі ең асыл, ең ыстық сөздермен көркемдей түстім. Бойымдағы бар қуатымды сарқып, қаламымның ұшына құйып, қиялыма қанат бітірдім. Иә, сол үшбу хат өзге де толлассыз жауған сәлемдемелермен бірге  хат тасушының қолында менің жанымның бір бөлшегіндей сахна төріне қарай алыстап бара жатты.

«Жігіттер» квартетінің әншісі әр хаттың сөз төркініне тоқталып, шешіле, көсіле жауап беруге уақыт тапшы екенін ескертті. Әр бума қағазды алақанына алғанымен, оқымай, қайта жауып тастай берді. Кенет әлдебір хат қолына тигенде топ мүшесі, әнші Бағлан Абдраимов орнынан ұшып тұрып:

– Құрметті көрермен! Мұнда бір ерекше хат бар екен. Ол хаттың мәтінін толық оқып бермесек болмас! – деп оқи жөнелгенде жұрт қиқулап орнынан тұрып кетті. Сол сәт топ мүшесі Бағлан: «Сөзі бөлек, мағынасы мен мәні ерекше хаттың иесін сахна төріне шақырамыз», – деп қошемет білдірді. Есіктің аузынан, сахна төрінен бір-ақ шыққан мен сол сәтті пайдаланып: «Бүгін сіздерден сұхбат алсам, жұмысқа тұрамын», – деп жиналғандарды ду күлдірдім.

Газеттің келесі санына «Жігіттер» квартетінің бір беттік сұхбаты жарқырап шықты. Мен солай «Jambyl-Taraz» газетіне тілші болып жұмысқа тұрған едім.

Дейтұрғанмен  өмірде дәл осылай әркімнің жолы бола бермесі анық. Алайда «Жүргенге жөргем ілінеді» демекші, қазіргі заманда екі қолға бір күрек таба алмаудың артында үлкен мәселе жатқан сыңайлы. Ол мәселемен күресу үшін оның себеп-салдарын дөп басып тану керек. Ал оның себеп-салдарының бір ұшы енжарлықта жатқаны анық. Олай болса, еңбек етуге қамданып, қарекет еткен әр адам жұмыссыз қалмайды. Ең бастысы, ұмтылыс керек екенін ұмытпайық.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар