
Құрбан – араб тілінен аударғанда «жақындау» дегенді білдіреді. Бұл – пенденің шын ықыласпен жасаған сауап істері арқылы Аллаға жақындай түсуі. Шариғаттағы мағынасы – белгілі күндері, шарттарын сақтай отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау.
Қасиетті Құранда: «Сен де Раббың үшін (Оған борыштар екеніңді терең сезіне отырып) намаз оқы және құрбан шал...», – делінген (Әл-Кәусар сүресі, 2-аят).
Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Адам баласы Құрбан айт күні қан ағызып жасаған құлшылықтан сүйікті ешбір іс арқылы Аллаға жақындай алмайды...», – деген.
Құрбан шалу арқылы мұсылман Жаратқанның разылығына қол жеткізуге ұмтылады. Бұл – жан мен тәннің бірлігін, пейілдің тазалығын білдіретін ұлық құлшылық.
Құрбандық шалу тарихы Ибраһим пайғамбар мен ұлы Исмайылдан бастау алады. Ибраһим (а.с.) түсінде Алланың әмірімен баласын құрбандыққа шалып жатқанын көреді. Бұл көріністің Алладан келген аян екенін білген Пайғамбар: «Балам, түсімде сені құрбан шалуға бұйырылыппын. Не дейсің?» – дейді. Сонда Исмайыл: «Әкетай, бұйырылғанды орында. Сабыр етермін», – деп жауап береді.
Бұл оқиға – тарихтағы ең үлкен сынақтардың бірі. Алла Тағала оларға қошқар жіберіп, Исмайылдың орнына соны құрбан шалуды бұйырады. Құранда бұл оқиға былай баяндалған: «Сен түсіңді шындыққа айналдырдың. Біз жақсылық жасаушыларды осылай марапаттаймыз» (Саффат сүресі, 105-аят).
ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛУ КІМДЕРГЕ УӘЖІП?
Ханафи мәзһабында мына төрт шартты иеленген әрбір мұсылманға құрбан шалу уәжіп:
- мұсылман болуы;
- ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен болуы;
- жолаушы болмауы;
- зекет бере алатындай нисап мөлшерінде дүние-мүлікке ие болу.
Құрбандық малы ретінде қой, ешкі, сиыр, түйе жарамды. Қой мен ешкі – бір адам үшін, сиыр мен түйені жеті адамға дейін ортақ шалуға болады. Пышақ өткір, ниет таза болуы керек. Ұсақ малдың етін үшке бөліп, бір бөлігі туыс-туғанға, екіншісі мұқтаждарға, үшіншісі өз отбасы үшін сақталады.
ҚҰРБАНДЫҚТЫҢ ХИКМЕТІ
Құрбан шалудың көзге көрінбейтін, рухани пайдасы да мол:
- тәкаппарлық пен сараңдықтан арылтады;
- қоғамда мейірім мен қайырымдылықты жандандырады;
- жанұяға береке мен молшылық әкеледі;
- бай мен кедей арасын жақындатады;
- ақыретте мол сауаптың себебі болады.
Хадисте: «Малды қанша жақсы көрсең де, Алланың разылығын жоғары қойып құрбан шал, бұл сенің Қылкөпірден өтердегі көлігің», – делінген.
ҚҰРБАН АЙТТА ЖАСАЛАТЫН 10 ИГІ АМАЛ
1. Айт намазына қатысу.
Айт күні мұсылман үшін ең бірінші жасалатын амал – Аллаға шүкіршілік етіп, көпшілікпен бірге айт намазын оқу. Бұл – мұсылман қауымының бірлігі мен имандылығының белгісі.
2. Таңертең жуынып, тазалану.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) айт күні ғұсыл алып, иіссу сеуіп, ең жақсы киімін киіп шыққан.
3. Құрбан шалу.
Шамасы келген әрбір мұсылман құрбан шалу арқылы Алланың бұйрығын орындайды. Бұл – уәжіп құлшылық әрі Ибраһимнің (а.с.) сүннеті.
4. Кедей-кепшікке ет тарату.
Құрбандықтың етімен мұқтаж жандарды қуантудың сауабы орасан. «Бір кедейдің бетін жадыратқан – бір үмбеттің жүрегін жылытады» дейді дана халқымыз.
5. Туыстық қатынасты нығайту.
Айт күндері туыс-туғанмен қатынас жасап, ренжіскендер татуласады. Ағайынның амандығын сұрау – сүннет.
6. Қайырымдылық жасау.
Айт – мұқтажды еске алатын күн. Бұл күні жетім-жесірлерге қолдау көрсету – исламның асыл мұраты.
7. Бір-біріне жақсы тілек айту.
«Айт құтты болсын!», «Алла қабыл етсін!» деген сөздер жүрекке иман шуағын себеді.
8. Қонақ күту.
Айтта көрші-қолаңмен ауызбіршілік арттырып, дастарқан жайып, қонақ күту – салтымыздың жалғасы.
9. Қабір зияраты.
Айтта дүниеден өткен ата-бабаларымыздың рухына Құран бағыштап, қабірлерін зиярат ету – сауапты іс.
10. Алланы көп еске алу.
Айт күндері тәкбір айту – сүннет. «Аллаһу акбар, Аллаһу акбар, лә иләһа иллаллаһ, Аллаһу акбар, уәлиллаһил-хамд» деп көбірек айту – дініміздің сүннеті.
Құрбан айт – жай ғана мереке емес, пенде мен Жаратушы арасындағы байланысты нығайтатын, жүрек тазалығын арттыратын рухани мектеп. Бұл күн – құрбандық арқылы ішкі ниеттің, тақуалықтың, жомарттықтың көрінісі.
Бүгінгі қоғамда мұндай игі істерге аса мұқтаж екеніміз анық. Жаңа буынға өнеге болатын мереке – осы Құрбан айт. Ұлық күннің қадіріне жетіп, игілігін көру – әрбір мұсылманның бақыты.
Құрбан шал, құрмет қыл, қасиетті күн,
Бір болуға шақырған – хақ дінім бұл.
Қарасаң жүрекпенен мәніне сен,
Құрбандық – тақуалықтың айғағы бұл.
Алла Тағала баршамыздың шалған құрбандарымызды қабыл етіп, осы айт мерекесі арқылы мейірім мен берекеге бөлесін!
Асқар ЗӘКІРЖАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының облыс бойынша бас имамы