
Қазіргі уақытта ауданда 2 549 аграрлық құрылым (4 өндірістік кооператив, 33 ауылшаруашылық кооперативі, 2 512 шаруа қожалық) ырғақты жұмыс істеп тұр. Осы агроқұрылымдар арқылы дала төсінде еңбек дүбірі қызып, еселі еңбектің өтеуі аудан экономикасын ілгерілетуге ықпал етіп отырғанын айта кетуіміз керек.
Өткен жылы ауданның ауылшаруашылық саласындағы жалпы өнім көлемі 68,1 миллиард теңгеге жетіпті. Өнім көлемінің артуына, ең алдымен, өсімдік және малшаруашылығы бағытындағы оң өзгерістер себеп болса керек. Мәселен, өсімдікшаруашылығынан 47,3 миллиард теңгенің өнімі алынып, нақты көлем индексі 102,7 пайызды құрапты. Ал малшаруашылығында бұл көрсеткіш 20,3 миллиард теңгеге жетіп, жоспарланған межеге ойдағыдай қол жеткізілген.
– Өнім көлемі егіс алқаптарының ұлғаюымен де тығыз байланысты. Есепті жылы ауданда 62 420 гектар жерге ақ егіс пен түрлі дақылдар егілді. Саралай айтсақ, күздік бидай 4 235 гектарға, жаздық арпа – 12 280, дәндік жүгері – 1 400, майлы дақылдар 2 500 гектарға себілді. Ал қант қызылшасы 1 580 гектарға, картоп – 182, көкөніс – 7 373, бақша дақылдары 327 гектарға орналастырылды. Бұдан бөлек мал азығына қажетті 25 400 гектар көпжылдық шөп бар. Орындалған жұмыстардың нәтижесі де көңіл қуантады. Дала төсіндегі өлшеусіз еңбектің арқасында орылған 5 676 тонна бидай, 21 244 тонна арпа, 5 366 тонна жүгері шашау шығарылмай қырманға тасылып, қамбаға жол тартты. 3 004 тонна майлы дақыл, 78 064 тонна қант қызылшасы, 4 053 тонна картоп, 414 725 тонна көкөніс, 90 022 тонна бақша өнімі және 420 684 тонна мал азығы жиналды. Орташа түсім әр гектарға шаққанда күздік бидайдан 13,4 центнерді, жаздық арпадан – 16,5, жүгеріден – 57,7, қант қызылшасынан 698,2 центнерді құрады. Бұл аудан шаруаларының өз ісін жетік білетінін, техниканы ұтымды пайдаланып, агротехникалық шараларды уақытылы жүргізе білгенін көрсетеді. Техника демекші, өткен жылы аудан шаруалары жалпы құны 1,1 миллиард теңгені құрайтын 117 ауылшаруашылық техникасын сатып алды. Шаруалар бұл жетістікке көрсетілген мемлекеттік нақты қолдау шараларының арқасында жетіп отыр, – дейді аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасынов.
Көптен бері жыр болып келген Тоғызтарау ауылдық округі аумағындағы «Сұлтан» каналына 20,1 миллион теңгеге шлюз құрылысының жүргізілуі, 8,9 миллион теңгеге Шоқай ауылында ірі және ұсақ малдарды емдеуге арналған орын орнатылуы, Айша бибі ауылдық округіне қарасты Ынтымақ, Майский саяжайы маңындағы Аса өзені арнасы жанынан, Қаратөбе ауылдық округіне қарасты «Дорожник» саяжайы аймағынан, Аса ауылдық округ аумағындағы Аса өзені арнасы жанынан су қорғау аймақтарын құру мақсатында жобалық-сметалық құжаттаманың әзірленуіне 19,5 миллион теңге бөлінуі аудан атқамінерлерінің халықтың талап-тілегіне құлақ асатынын білдірсе керек.
Осы жылы Айша бибі ауылындағы «АЛИЗА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жаңадан пайдалануға берілген 7000 тонна көкөніс сақтау қоймасына электр желісін тартуға 48,7 миллион теңге, «А.Рыспанов» шаруа қожалығының көкөніс сақтау қоймасын газдандыруға 8,7 миллион теңге қаржы бөлініпті. Қазіргі уақытта Тоғызтарау және Өрнек ауылына мал шомылдыруға арналған орын (купка) салынып жатыр екен. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы Ақбастау, Ерназар ауылдық округтерінде малдан қан сынамасын, екпе егетін (раскол) және мал шомылдыруға арналған орын құрылысы басталыпты.
– Аудан бойынша барлығы 14 жылыжай тіркелген. Жалпы аумағы 1,939 гектар болатын жұмыс істеп тұрған жылыжайлар саны – 9. Қазіргі уақытта белсенді жұмыс істеп тұрған жылыжайлардан 5,5 тонна қияр жиналып, өнім нарықтық бағамен сатылуда. Аудан аумағында сыйымдылығы 4 980 тоннаны құрайтын көкөніс және жеміс сақтайтын 8 қойма тіркелген. Бүгінгі күнде осы қоймалардың үшеуінде барлығы 190 тонна өнім сақтаулы тұрса, оның 15 тоннасы пияз, 175 тоннасы сәбіз. Аудан бойынша ауылшаруашылық мақсатындағы жайылым көлемі – 173 916 гектар, елді мекен жайылымы – 33 321, орман қоры жайылымы – 64 564 гектар. Ауылдық округтерге паданың малын жаю үшін 18 761 гектар жер берілген. Аса, Айша бибі, Бесағаш, Гродеково ауылдық округтерінде 14 750 гектар жайылымдық жер жетіспеушілігі анықталды. Осы мәселені шешу мақсатында мемлекет мұқтажы үшін шаруа қожалықтардан жалпы көлемі 3 838,20 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде суармалы егістік – 207 546, суарылмайтын егістік – 74,41, жайылым – 3 506,8505, шабындық 73,89 гектар болса, бөгде жер учаскелері 14,85 гектарды құрайды, – дейді Бауыржан Тоқтасынұлы.
2019-2023 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы 6 ауылдық округте іске асырылыпты. Атап айтқанда, Бесағаш, Өрнек, Қаракемер, Айша бибі, Қарасу, Тоғызтарау ауылдық округтерінде жоба өз жемісін беруде. Осы жоба аясында 474 адам жұмыс орнымен қамтылған екен. Аталған ауылдық округтерден 1 219 жеке кәсіпкер 5,1 миллиард теңге несие алған.
Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты, яғни «Тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобалары» аясында ауданда Айша бибі, Қаракемер, Аса, Бесағаш, Жамбыл ауылдық округтерінен 16 жеке кәсіпкерге 117,5 миллион теңге несие беріліпті. Осы жылы Айша бибі, Ақбастау, Аса, Бесағаш, Жамбыл, Көлқайнар ауылдық оукругтерінде 14 жоба жүзеге асып жатқан көрінеді. Аталған жобалар 121,5 миллион теңгеге қаржыландырылған.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ