
2025 жылға арналған жоспарға сәйкес облыстық тексеру комиссиясы Шу ауданында мемлекеттік аудит жүргізген. Бұл тексеріс жергілікті әкімдік пен оған қарасты мекемелердің жұмысының аудан дамуына қаншалықты тиімді әсер етіп жатқанын анықтауға бағытталған. Аудит барысында 18 мемлекеттік мекеме мен 2 кәсіпорынның жұмысы қаралған. Яғни, осы ұйымдардың қызметі толықтай тексерістен өткен. Комиссия мүшесі Асылхан Шаймерденовтың айтуынша, тексеру кезінде 2022-2024 жылдар аралығындағы 140 бюджеттік бағдарлама қаралған. Бұл бағдарламалар аясында жалпы сомасы 24,2 миллиард теңге бөлінген. Алайда сол қаражаттың ішінен 10 миллиард 24,9 миллион теңге көлемінде түрлі заңбұзушылықтар мен кемшіліктер анықталған.
– Аудит барысында анықталған заңбұзушылықтар мен кемшіліктердің басты себебі бюджет қаражатын пайдалану кезінде заңдар мен ережелердің сақталмауы. Яғни, Қазақстан Республикасының бюджет жүйесіне негізделетін басты қағидалар қаражатты тиімді және дұрыс пайдалану талаптары бұзылған. Мысалы, 2022-2024 жылдар аралығында кейбір мекемелерде есепке жауапты адамдар өз міндеттерін дұрыс атқармаған. Олар бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржылық есепті жасау кезінде тиісті заң талаптарын ескермеген. Соның салдарынан негізгі құралдар (яғни, ғимараттар, техника, жабдықтар сияқты мүліктер) дер кезінде есепке алынбаған, амортизация есептелмеген, кейбір берешектерге жол берілген, кейбір құралдар негізсіз есептен шығарылған және бухгалтерлік шоттарға дұрыс енгізілмеген. Соның нәтижесінде қаржылық есеп бұрмаланып, шындыққа жанаспайтын мәліметтер берілген. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелерді орналастыру үшін қажетті кеңсе алаңдарын беру кезінде белгіленген нормалар сақталмаған. Яғни ауыл әкімдіктерінің бос тұрған кеңселері халық игілігіне тиімді пайдаланылмаған. Соған байланысты бос тұрған алаңдарға коммуналдық шығындар тиімсіз пайдаланылған және жалға бермеуден түсетін түсім жергілікті бюджетке салынбаған. Мұнымен қоса бірнеше қызметтік жеңіл көлікті сатып алу кезінде заңбұзушылықтар болған. Мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін жеткізушілерге тең мүмкіндік берілмей тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен саудаланып, сатып алынған автомобильдердің құнының негізсіз көтерілу фактісі анықталды, – дейді Асылхан Шаймерденов.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдардағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мақсатында бөлінген қаражатты пайдалану кезінде де олқылықтар орын алған. Атап айтқанда, аудан аумағындағы үш орта мектепті газбен қамтамасыз етуге байланысты жұмыстарды атқару үшін «Монтажник» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 31,9 миллион теңге негізсіз аударылған. Мұндай олқылықтың орын алуына мекеме тарапынан бюджеттік бағдарламаларды әзірлеу барысында нақты мақсаты мен міндеттерінің айқындалмауы себеп болып отыр. Сонымен қатар 2024 жылы жергілікті бюджет есебінен сатып алынған «Hyundai Tucson» және «Kia Sorento» маркалы автокөліктері де тиісті мақсатта пайдаланылмаған. Бұл көліктер кәсіпорын қызметіне толық жұмылдырылмағандықтан, 38,6 миллион теңге көлеміндегі қаражат тиімсіз жоспарланып, нәтижесінде босқа шығындалған.
Баяндамашы айтқандай, аудан тұрғындарынан 45 өтініш келіп түскен. Тұрғындар ауызсу, білім беру, денсаулық сақтау объектілерін жөндеуден өткізу, елді мекендердегі жол сапасын арттыру, газдандыру және интернет желісі секілді бірқатар мәселелерді көтерген. Алайда бұл мәселелер толық шешілмеген күйінде қалып отыр. Мұнымен қоса аудит отырысында аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің атқарған жұмыстары мен Ескі Шу, Көкқайнар ауылдық округтерінде анықталған бірқатар мәселелер қаралды. Аталған мәселелер аясында бюджеттің тиімді игерілмеуі тақырыпқа арқау болып, аудан әкімі орын алған олқылықтарды ретке келтіру жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын айтып өтті.
– Ауданда анықталған кемшіліктер мен заңбұзушылықтарды жоққа шығара алмаймыз. Алайда бұл мәселелердің орнын толтыру және алдағы уақытта олардың қайталануына жол бермеу мақсатында нақты жұмыстар қолға алынды. Анықталған бұзушылықтарды қалпына келтіру және бюджетке келтірілген шығындарды өтеу үшін арнайы іс-қимыл жоспары бекітіліп, тиісті шаралар жүргізілуде. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер назарға алынып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктелді. Талап-арыздардың орындалу барысын бақылау мақсатында арнайы орындалу картасы әзірленуде. Бұдан бөлек орын алған кемшіліктерге тікелей себепкер болған мекемелерге қатысты сотқа беру бойынша құжаттар рәсімделіп жатыр, – дейді Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков.
Аудит отырысы соңында қатысушылар әкімдік қызметкерлері мен жауапты мамандарға сауал жолдап, шешімін таппаған мәселелер жөнінде тиісті шаралар қабылдану керектігін ескертті. Сондай-ақ облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Нұржан Шалғынбайұлы бұл шаралардың жедел және заң аясында орындалуын тапсырды.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ