
Тараз қаласынан Байзақ ауданына барар жолдың бойынан орын тепкен аталған «JS CLASS» шыны шыңдайтын зауыт 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні ашылды. 40 адамға жұмыс орнын ұсынып отырған кәсіпорын қазіргі заман талабына сай жабдықталыпты. Бұл – қайда жүрсе де туған жерін ұмытпаған азаматтың елге деген шынайы құрметі.
– Өңіріміз үшін маңызды инвестициялық жобаның бірі – осы шыны шыңдайтын өндірістік зауыт. Бұл жобаны өңіріміздің индустриялық-инновациялық даму бағытының нақты көрінісі деп айтуға толық негіз бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес облысымызда инвестициялық жобаларды қолдау және жаңа өндіріс көздерін ашу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде облысымызда 2025-2028 жылдары жалпы құны 3,7 триллион теңгені құрайтын 62 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Тек биылдың өзінде 175,2 миллиард теңгеге бағаланған 30 жоба іске асырылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Жаңадан ашылып отырған кәсіпорын осы бастамалардың нақты жемісі деп білемін. Шыны шыңдайтын зауыт заманауи технологиямен жабдықталып, 40 азаматты тұрақты жұмыспен қамтиды. Жылына 100 мың шаршы метр шыңдалған шыны өндіретін аталған кәсіпорын өз өнімін көршілес Алматы және Түркістан облыстарының нарығына бағыттайтын болады. Бұл – ел экономикасының дамуына, жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. «Туған жерге туыңды тік» деген халық даналығын ұстана отырып, туған өлкесіне инвестиция салып, іскерлік танытқан азаматтарға алғысымды білдіремін. Жаңа өндіріс орнының жұмысы жемісті болып, экономикалық өрлеуге серпін бере берсін! – деді Ербол Шырақпайұлы.
Бұдан кейін Ербол Қарашөкеев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров жаңа нысанның лентасын қиып, көпшілік зауыт ішін аралап көрді. Кәсіпорын жұмысымен құрылтайшы Жамалхан Жұманұлы және зауыт директоры Сұңғат Бекбауов таныстырды. Шығарылып жатқан өнімнің беріктігі соншалық, оны бетондалған еденге тастап, үстіне адам секіргенде де сынбады.
– Жобаның жалпы құны – 470 миллион теңге. Жобаны қаржыландыру ісі толықтай жеке қаражат есебінен жүзеге асқан. Зауыттың орналасқан жері 0,15 гектар аумақты құрайды. Құрылыс кезінде 10 адам еңбек етсе, қазіргі уақытта 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр, тағы да 10 адамды жұмысқа алып, бас-аяғы 40 адамға жұмыс орнын ұсынудамыз. Өнімге қазірдің өзінде сұраныс бар, әйнектерді өз облысымызбен қатар Алматы, Қызылорда және Түркістан облыстарына жөнелтіп жатырмыз. Зауыттың өндірістік желісі толық автоматтандырылған. Қытай Халық Республикасынан сатып алынған жабдық арқылы шыны кесу, тегістеу, жуу, шыңдау және екі қабатты шыны пакеттер (стеклопакет) құрастыру сынды барлық процесс бірізді орындалады. Сметалық жоба аясында 62,2 миллион теңгеге электр қуаты тартылған. Осы жобаны жүзеге асырған облысымыздың тумасы, зауыт директоры Сұңғат Қайратұлына айтар алғысым шексіз. Оның зауыттың іске қосылуына тигізген көмегі зор, – дейді Жамалхан Ибрагимов.
Мұны өңірлік индустрияны ілгерілетуге бағытталған соны жоба десек, еш қателеспейміз. Жеке қаражат есебінен жүзеге асатын осындай жобалар ауылдық жерде көбейсе, жергілікті тұрғындар өзгенің өніміне тәуелді болмайтыны анық.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ