
Форумды ашқан облыс әкімі жастар тәрбиесінің мемлекет болашағы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
– Бұл жиын – өскелең ұрпақтың кәсіби бағдарын айқындап, болашақ еңбек нарығына бейімдеу бағытындағы маңызды диалог алаңы болмақ. Форум аясында білім беру ұйымдары, кәсіпкерлік орта және инвесторлар арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға арналған нақты бастамалар мен ұсыныстар ортаға салынады деп күтеміз. Бүгінгі таңда облыста жалпы 62 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл жобалар 2029 жылға дейін шамамен 6 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Аталған қажеттілікті сапалы кадрлармен қамтамасыз ету – маңызды міндет. Осы мақсатта техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен инвесторлар арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейтуіміз қажет, – деген Ербол Шырақпайұлы биыл 55 179 азаматты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланып отырғанын жеткізді.
Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта 17 661 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Сонымен қатар, 1 315 азаматты кәсіптік оқытумен қамту көзделіп, оның 203-і бүгінде оқыту курстарына жолданыпты.
– Ерекше айтатын бір мәселе, жұмысшы мамандықтар бойынша оқытылып жатқан әр азаматқа айына 43 574 мың теңге шәкіртақы, 15 728 мың теңге жол жүру ақысы қарастырылған. Биылғы оқу жылында 14 мыңнан аса түлек мектеп бітірді. Енді олардың мамандықты дұрыс таңдап, сол мамандықтың білікті маманы атануына үлкен сенім артамыз. Бұл бағытта 9-11-сынып оқушылары арасында 405 мектепте «Мансап компасы» платформасы арқылы мамандық таңдауға кеңестер берілді. Біз колледж түлектерін инвестициялық жобалар негізінде тікелей жұмысқа орналастыруға баса назар аударып отырмыз. Бұл бағытта кәсіпорын басшыларымен, инвесторлармен арнайы кездескен болатынбыз. Осы ретте тағы да айтқым келеді, өңіріміздегі колледждер мен жас мамандар – сіздердің сенімді серіктестеріңіз бола алады. Сондықтан, тиісті уәкілетті органдар жас мамандарды инвестициялық жобалардағы жұмыс орындарымен қамту үшін нәтижелі шаралар қабылдауы қажет. Форум қатысушылары мен бизнес өкілдеріне ұсыныс ретінде айтарым, колледждер жанындағы оқу орталықтарының жұмысын өндірістік қажеттіліктерге сай оңтайландырып, инвестициялық жобалар аясында құрылатын жаңа жұмыс орындарына қажетті мамандарды қайта даярлау, тағылымдамадан өткізу бойынша бірлескен шешім қабылдауымыз қажет. Қажет болған жағдайда, оқу бағдарламаларын жаңартып, сұранысқа сай жаңа мамандықтар ашуға дайынбыз. Бұл ретте сіздердің қолдауларыңыз – табысты нәтиженің кепілі, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Мұнан кейін сөз алған облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, өзекті мәселемен барлық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар бірігіп күресуі тиіс екенін айтты.
– Жұмыссыз жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – біздің басты назарымызда. Осы бағытта біз өңірдегі колледждермен тығыз жұмыс жүргізіп келеміз. Атап айтқанда, прокурорлардың бастамасымен және қолдауымен Т.Рысқұлов, Сарысу, Байзақ, Қордай, Талас, Меркі, Шу аудандарында және Тараз қаласында жас мамандарды жұмыспен қамту мақсатында кәсіпкерлер мен колледждер арасында 52 меморандумға қол қойылды. Кешенді және кезең-кезеңімен атқарылған бұл жұмыстардың нәтижесінде осы жылдың басынан бері 150-ден аса колледж түлегі өз мамандықтары бойынша өңірдегі ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылды. Осыған ұқсас шаралар кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты да қабылдануда. «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында жүргізілген құқықтық түсіндіру жұмыстарының арқасында сауда саласы мен қоғамдық тамақтану орындарында жұмыс істеп жүрген жасөспірімдер мен кәсіпкерлер арасында 105 еңбек шарты заңды түрде рәсімделді. Балалар арасында заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары да оң нәтижесін беруде. Нақты айтқанда, биыл облыс бойынша жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық деңгейі 42,1 пайызға төмендеп, 38 жағдайдан 22-ге дейін қысқарды. Бұл маңызды іске прокуратура мен құқық қорғау органдарының ардагерлері де белсенді қатысуда. Олар өз өмірлік тәжірибелерін мысалға ала отырып, мектептер мен колледждерде лекциялар, факультативтік сабақтар өткізіп, жастардың бойына заңға бағыну қағидаттарын сіңіруде, – деп атап өтті Нұрғалым Әбдіров.
Сондай-ақ форумда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев сөз алып, жас ұрпақтың жат ағымның жетегінде кетпеуі үшін тиісті іс-шараларды жүргізу керектігін жеткізді.
Форумда жұмыссыздық мәселесі де кеңінен қозғалды. «НДФЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Адиль Алиев жастарды еңбекке баулу арқылы оларды қылмыстық ортадан аулақ ұстауға болатынын атап өтті. Бұл ретте кәсіпорындар мен оқу орындары арасындағы байланыс нығайтылуы тиіс деген ұсыныс айтылды.
Сол секілді Қордай ауданындағы №7 Бетқайнар колледжінің директоры Гүлнар Әлімбаева, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің директоры Саясат Есеев, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Асхат Картаков сөз сөйледі. Олар білім мекемесінде құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралар, жастарды әлеуметтік ортаға бейімдеу, мамандыққа баулу және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру жайын баяндады.
Форумда ерекше назар аударылған жобалардың бірі – Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ-классикалық гимназиясында жүзеге асып жатқан «Қалқан» жобасы болды. Бұл бастама оқушылар арасындағы буллингтің алдын алуға бағытталған. Жоба жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Тоғжан Лаубай жастарды өз құқықтарын қорғауға үйрету, құрдастар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы тиімді әдістерді таныстырды.
Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Гүлшат Құлабекова өңірдегі жоғары білім беру ұйымдары өзекті мәселелермен бетпе-бет келіп отырғанын ашына айтты. Балықшаруашылығы мен агрономия салалары бойынша білім алған студенттерге жұмыс табу қиын екенін жеткізді. Сонымен қатар, елімізде физика пәнінің мамандары тапшы екені де спикер назарынан тыс қалған жоқ. Бұл мәселені шешу үшін Гүлшат Қамбарбекқызының ойынша, оқушылардың осы салаға қызығушылығын мектеп қабырғасынан бастап ояту қажет.
– Тағы бір маңызды мәселе – «Үздік аттестат», «Алтын белгі» иегерлерінің өз өңірінде білім алмай, басқа қалаларға кетуі. Осыны ескерген университет басшылығы «ХТУ-дың – 100 гранты» жобасын іске қосып отыр. Бұл бастама арқылы «Алтын белгімен» бітірген, бірақ мемлекеттік грантқа түсе алмаған талапкерлерге университет есебінен білім алу мүмкіндігі ұсынылуда, – деді Г.Құлабекова.
Форум соңында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров бүгінгі талқылаудан түйген ұсыныстар алдағы жұмыс жоспарында ескерілетінін айтып, қоғам болып бірігіп әрекет етудің маңызын баса айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша өңір кәсіпорындарында студенттердің тәжірибеден өтуі және кейіннен жұмысқа орналасуы бойынша бизнес өкілдері мен білім беру мекемелері арасында 15 меморандумға қол қойылды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ