Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Қарасора – 2025» іс-шарасы басталды

«Қарасора – 2025» іс-шарасы басталды
«Қарасора – 2025» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасының ресми түрде басталуына орай Шу ауданында жастардың, мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің және есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерінің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.

Бағдарлама аясында кинологиялық қызметтің сахналық қойылымдары, есірткі қылмысына қарсы күресте қолданылатын техникалар көрсетілімі болып, акциялар мен флешмобтар ұйымдастырылды.

Алғаш болып облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сөз сөйлеп, нашақорлықтың алдын алу үшін мемлекеттің, қоғам өкілдерінің және жастардың бірлесіп күш салуының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Нұржан Сәбитұлы іс-шараның айтарлықтай нәтиже беретініне сенім білдірді.

Ал облыстық полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев ел Президентінің Жолдауында айтылған басым міндеттердің бірі есірткіге қарсы күрес екенін жеткізді. Аудандық полиция бөлімдері бастықтарының қатысуымен өткен кеңесте департамент бастығы есірткі тасымалдау арналарын анықтау мен жоюды, есірткіні елдің оңтүстік өңірлерінде дайындап, әкетуге қарсы іс-қимылды күшейтуді, сондай-ақ тыйым салынған заттарды, оның ішінде олардың жаңа түрлерін таратуға арнайы маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекетінің жолын кесуді тапсырды.

Сонымен қатар кеңес барысында облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы баяндама жасады. Одан бөлек облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асқар Жұмабековтің, бірқатар аудандық полиция бөлімдері бастықтарының баяндамалары тыңдалды.

2024 жылы облысымызда «Қарасора – 2024» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу шеңберінде есірткі құқықбұзушылығының 203 дерегі тіркелді. Заңсыз айналымнан 6 тоннаға жуық түрлі есірткі құралдары, оның ішінде 2 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Есірткі өсімдігін шабу және өртеу жолымен 1 000 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 780 тоннаға артық.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар