Байзақ
ҚОСТӨБЕДЕГІ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ
29 сәуір күні сағат 14.10 шамасында Қостөбе ауылы, Атабеков көшесіндегі 6 тұрғын үйдің ауласын су басты. Төтенше жағдай «Қазсушар» теңгеріміндегі «Медеу» каналы арқылы ауыл тұрғындарына алдын ала ескертусіз су жіберілуі салдарынан орын алған.
Құтқарушылар мен тиісті сала мамандары бірден жұмылдырылып, су сору және аумақты тазарту жұмыстарына 4 арнайы техника, 10-ға жуық мотопомпа және 30-ға жуық адам тартылды.
Қазіргі таңда жағдай тұрақтанып, барлық кемшіліктер толықтай қалпына келтірілді
Жамбыл
ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ЖАЛҒАСУДА
Жамбыл ауданында үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осы уақытқа дейін жалпы көлемі 5 942 гектар жер өңделді.
Бүгінгі күні аудан аумағындағы Көделі жайылымында химиялық өңдеу жұмыстары жалғасуда. Өңдеу жұмыстары барысында барлық санитарлық және қауіпсіздік талаптары толық сақталуда. Қолданылатын препараттар белгіленген нормаларға сәйкес пайдаланылып, адамдар мен қоршаған ортаға зиян келтірмеу назарда ұсталуда.
Жуалы
ЛАГЕРЬЛЕРДІҢ ДАЙЫНДЫҒЫ ТЕКСЕРІЛДІ
Аудан аумағындағы «Берікқара» және «Тау самалы» жазғы лагерьлерінің жаңа маусымға дайындығы тексерілді. Арнайы жұмыс тобы демалыс орындарының қауіпсіздігін, қоршауларын және бейнебақылау жүйелерінің жұмысын зерделеді. Сонымен қатар ғимараттарды әктеу сырлау жұмыстары мен санитариялық талаптардың сақталу барысы қаралды. Зерделеу қорытындысы бойынша жауаптыларға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында нақты ұсыныстар берілді.
Қордай
МЕДИЦИНАЛЫҚ ПУНКТ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Степное ауылдық округіне қарасты Арал ауылдық фельдшерлік акушерлік пунктінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жөндеу жұмыстарын «ТаразЭлитСтрой» мердігер компаниясы жүргізуде. Нысанды жаңғырту жұмыстары жоспарға сай жүзеге асырылуда. Жөндеу жұмыстарын 2026 жылдың мамыр айында аяқтау жоспарланған.
МЕРКІ
ҚАЛАМГЕРГЕ ҚҰРМЕТ
Тәтті ауылдық округіндегі №15 жалпы орта білім беретін мектепте қазақ сөз өнерінің өрісін кеңейтіп, қаламы арқылы ұлттық рухты дәріптеп жүрген көрнекті қаламгер, ақын-жазушы, журналист Сейсен Қожакемен «Жазушы тағылымы – жастарға өнеге» атты кездесу кеші өтті.
Кездесу барысында қаламгер өмірлік және шығармашылық жолынан сыр шертіп, әдебиет әлеміндегі ізденістері мен жазушылық тәжірибесі туралы кеңінен әңгімеледі. Оқушылар ақынның жүрекке жақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, өз арнауларын жолдады.
МОЙЫНҚҰМ
60 ЖЫЛДЫҚ АТАЛЫП ӨТЕДІ
Мойынқұм ауданының 60 жылдығын атап өтуге байланысты дайындық жұмыстары басталды. Қазіргі таңда Мойынқұм ауылынан шыға берістегі атшабарда жерді тегістеу, абаттандыру және инфрақұрылымды ретке келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Аталған аумақтың көрінісі, қауіпсіздігі мен келушілерге қолайлылығы басты назарға алынған.
САРЫСУ
ТАЗАЛЫҚ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен өткен жиында тазалық мәселесі қаралды. Басқосуда аудан орталығындағы ахуал жан жақты зерделеніп, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар сараланды. Бұл тұрғыда тұрғындар арасында түсіндіру шараларын жандандырып, кері байланысты нығайтуға да баса назар аударылды. Сонымен қатар тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару жайы да қозғалды. Аудан басшысы сөз соңында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының өз деңгейінде жүзеге асуы қатаң бақылауда тұрғанын, қала тазалығы баршаның ортақ міндеті екенін ескертіп, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
ТАЛАС
АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ АЛАМАН
Жуырда Қаратау қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай аудан ардагерлері арасында спартакиада өтті. Жарысқа аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков арнайы қатысып, ардагерлерге құрмет білдіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Дүбірлі дода барысында ардагерлер спорттың 7 түрі бойынша өзара бақ сынасты. Үздік нәтиже көрсеткен ардагерлер арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және қаржылай сыйақылармен марапатталды.
Т.РЫСҚҰЛОВ
ЖОЛ ТАҢБАЛАРЫ ЖАҢАРТЫЛУДА
Аудан аумағында жол қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыстар қолға алынды. Қазіргі таңда ауданның орталық көшелерінде жол белгілері мен жол таңбаларын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Аталған шаралар жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Мердігер – «Дор-Лазер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
ШУ
ҚҰҚЫҒЫҢДЫ БІЛСЕҢ, ҚОР БОЛМАЙСЫҢ
Шу қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Шу теміржол колледжінің студенттерімен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараға полиция капитаны Жансая Садық қатысып, жасөспірімдерге құқықтық сауаттылық пен қылмыстың салдары және жауапкершілігі туралы түсіндірді. Жастарға нақты мысалдар келтіріліп, заң талаптары айтылды.




