
Кештің шымылдығы «Түркі өркениетінің тұғыры – Тараз!» атты «Ақкербез» би ансамблінің әсерлі прологымен ашылды. Бұл көрініс көне Тараздың тарихынан сыр шертіп, көрерменді терең ойға жетеледі.
Мерекелік кештің аясында қазақ музыкасының інжу-маржандарын насихаттап жүрген өнер саңлақтары көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Сахна төрінде «Тараз» триосы — ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Асылхан Шүңіреков, Ержан Ыдырысов, Мәдениет саласының үздігі Ноян Сейділдаев, «Жамбыл» триосы, «Дауыс» квартеті, Мәдениет саласының үздіктері: Оңал Азаматова, Жанатбек Кәдіров, Мадина Сағынбекова, Айгүл Мақашова, Маралбек Бабақұлов, Ғани Мәтебаев, Әсел Уашева, Құрмаш Қуанышбаев, Айна Қалмағанбетова, Азамат Алмереков сынды өнер иелері өнер көрсетті.
Концертте Мәдениет саласының үздігі, дирижер - Дулат Байзілдаевтың көркемдік жетекшілігіндегі Қазақ халық аспаптар оркестрі әншілерді сүйемелдеді.
Жұлдызды қонақ ретінде жамбылдық эстрада жұлдыздары - Айбек Жансеитов (Бүркіт) пен Мөлдір Әуелбекова өздерінің әсерлі әндерімен тыңдарманның көңілін көтеріп, салтанатты кешке сән қосты.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков пен Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай концертті арнайы тамашалады. Сондай-ақ кешке еліміздің мәдениет пен білім саласының танымал өкілдері, жазушылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Құрметті қонақтар қатарында – ҚР Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, қазақ театры мен кино өнерінің ардагері Тұңғышбаев Жаманқұлов т.б. болды.
Айта кету керек, бұл айтулы шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтқан «Қуатты аймақтар – қуатты ел» тұжырымдамасын насихаттау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын кеңінен дәріптеу аясында ұйымдастырылды.
Жамбыл облысы әкімдігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен бұл концерттің басты мақсаты – Әулиеата өңірінің тарихи-мәдени мұрасын, ұлы тұлғаларын, ақындары мен күйшілерін, ұлттық өнерін кеңінен насихаттау, өңіраралық мәдени ынтымақтастықты нығайту.
Ғалия Абылай,
Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз хатшысы