
Аталмыш спектакль – қазақ әдебиетінің абызы, халық жазушысы, ұлттық руханияттың қайнар көзі, шындықтың биік мінберінен сөйлеген қайсар қаламгер Шерхан Мұртазаның өмірі мен шығармашылығына арналған көркем қойылым.
«Шер-Хан» драмасы – тағдыры тар жол, тайғақ кешулермен өрілген, ұлт мүддесі жолында ешкімге иілмеген азаматтың рухани келбетін көрерменге терең сезіммен жеткізетін туынды. Қойылымда жазушының ел алдындағы еңбегі, журналистік миссиясы мен қоғамдық көзқарасы, әділет жолындағы күресі көркем тілмен кестеленіп, актерлердің шынайы ойындары арқылы сахна төрінде қайта түлегендей болды. Жас ұрпақтың жүрегіне ой салып, көңіл көкжиегін кеңейткен мұндай туынды – бүгінгі заманда тәрбиелік маңызы зор, ұлт жадын жаңғыртатын мәдени оқиға.
Бір айта кетерлігі, аталмыш университеттің өзі жазушы есімімен аталатыны белгілі. Бұл – рухани жауапкершілік, үлкен өнеге. Сондықтан да студенттер мен ұстаздар қауымы үшін «Шер-Хан» қойылымын тамашалау – танымдық әрі тағылымдық мәні терең, рухпен сырласу сәті болды десек, артық айтпаған болар едік. Жастарға қайсарлық пен әділеттілік, шыншылдық пен биік рух жайлы сөз қозғау үшін дәл осындай театр тілімен өрілген көркем дүние қажет-ақ.
Кеш барысында көрермендер қойылымның әр сәтінен шынайы әсер алып, кей тұстарда толқып, кейде тебіреніп, үнсіз көз жасына ерік бергенін де байқауға болды.
Қойылым соңында университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Махметғали Сарыбеков сахна төріне көтеріліп, театр ұжымына шынайы алғысын білдіріп, рухани серіктестікке негізделген осындай басқосулардың маңызын атап өтті. Ол өнер иелеріне шығармашылық шабыт тілеп, ықылас гүлін тарту етті.
– Театр мен білім ордасының рухани үндестігі – жастардың талғамын өсіріп, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырады. Біз тек білім беріп қоймаймыз, саналы ұрпақ тәрбиелеуді де басты мұрат етеміз. Бүгінгі қойылым – қарапайым спектакль емес, шын мәнінде, тәрбиелік мәні зор рухани сағатқа айналды, – деді ректор өз сөзінде.
Мұндай рухани кештер жастардың эстетикалық сезімін, мәдени танымын тереңдетіп, ұлттың ұлы тұлғаларына деген құрметін арттырады, санасына сілкініс әкеледі. Университет пен театр арасындағы осындай рухани әріптестік бұдан ары да жалғасып, ел болашағы – жастардың жан дүниесін байытып, ұлттық сана мен рухани тұтастықты қалыптастыру жолында қызмет етері сөзсіз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ