
Бұл фестиваль әрбір баланың даралығын, шығармашылық қабілетін танытып, өнер мен талантын бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына да жол ашады. 2005 жылдан бері өткізіліп келе жатқан фестиваль талай ерекше баланың үмітін оятып, болашаққа сеніммен қарауына себепші болды.
Биылғы мерейтойлық фестиваль аясында республика бойынша 100 мыңнан астам қазақстандық ерекше балалардың өнері сарапқа салынып, дауыс берілді. Нәтижесінде Байзақ ауданындағы Абай орта мектебінің оқушысы Інжу Тілеужан хореография аталымы бойынша халық ықыласына бөленіп, байқаудың гран-при иегері атанды. Талантты оқушыға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталды.
– Биылғы «Жұлдызай» фестивалі – жұлдызымды жаққан, арманым шындыққа айналған сайыс. Бұл – менің Астана қаласына алғашқы сапарым. Сахнада мен өзімді еркін сезіндім, арманымды көрсете алдым. Көп адамның қолдау білдіргеніне қатты қуандым. Гран-при алғаныма әлі де сене алмаймын. Бұл менің ғана емес, мені үнемі қолдап жүрген ұстаздарым мен ата-анамның жеңісі. Осындай үлкен мүмкіндік берген барша ұйымдастырушыларға, дауыс берген адамдарға шын жүректен рақмет айтамын. «Жұлдызай» маған үлкен шабыт берді. Енді алға ұмтылып, одан да биік жетістіктерге жеткім келеді, – дейді жеңімпаз Інжу. Педагог Роза Саржанова да шәкіртінің жеңісіне айрықша қуанып отыр.– Біз «Жұлдызай» фестиваліне төрт жыл бойы қатысып келеміз, ал республикалық кезеңге алғаш рет келіп отырмыз. Бұл жолы бір жыл бойы дайындалдық. Інжу үшін бұл сайыс ерекше сәттерге толы болды, алғаш рет пойызбен сапар шекті, елордада алғаш рет өнер көрсетті. Осындай қуаныш пен шабыт сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Фестиваль балалардың өз-өзіне сенуіне, жаңа достар табуына үлкен мүмкіндік береді, – дейді Р.Саржанова.
Сонымен қатар фестиваль барысында ерекше балалардың дамуына үлес қосып жүрген үш облыстың педагогі «Жұлдызды ұстаз» төсбелгісімен марапатталды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ