
Ұл-қызын жетелеп, салтанатты кешке асыққан ата-аналардың бойынан балаларының жолында өзін құрбан етуге дайын өжеттік байқалды. Бір әке көзі көрмейтін баласына мерекелік кештің өту барысы мен сән-салтанатын баяндап, қызығы мол қызыл-жасыл әлемді суреттеуге ұмтылса, енді бір ана баласының қоларбасын имене итеріп, сахнаға қарай кетіп бара жатты. Ал енді бір отағасы мен отанасы бөбектердің өнеріне тәнті болып, өмір сүйген жүректеріне сүйсініп, қуаныштан көздеріне жас алып тұрды.
– Мерекелік іс-шараға оқушыларымды ата-аналарымен бірге алып келдім. Концерттік бағдарлама балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлағаны анық. Үйде оқитын ерекше балғындарға мұндай кештер өте қатты әсер етеді. Бір уақыт өздерінің денсаулығында кінараты бар екенін ұмытқан балғындар мен олардың ата-аналары да серпіліп, шат-шадыман күй кешті. Өз қатарынан ерекше көрінетін мүгедектігі бар балаларға көбірек көңіл бөлуге, олардың жанын жаралап алмауға тырысамыз. Ондай оқушылардың өзі де өте сезімтал, жаны жараланғыш болып келеді. Сондықтан барынша жұмсақ сөйлеп, олардың көңілін табу – ұстаздың басты мақсаты, – дейді М.Жұмабаев атындағы №21 орта мектептің психологі Салтанат Мұкұшева.
Расында мерекенің салтанатын жан-тәнімен сезінген ерекше балғындар кеш барысында мың бұрала би билеп, тамылжыта ән салып, ерекше белсенділік танытты.
Сонымен қатар «Құқықтық алаң» ұйымдастырылып, ата-аналарға түрлі мәселелер бойынша кеңес берілді. Ал «Сиқыр әлемі» атты шеберлік сағатында балалар «құмыра дөңгелегі» станогында жұмыс істеуді үйренді.
Ал «Ажур» шығармашылық орталығының шеберлері әртүрлі сәндік бұйымдар жасаудың әдіс-тәсілдерімен таныстырып, қатысушылардың қызығушылығын туғызды. Шеберлік сағатына қатысқан әр бала өзі қалаған бұйымды ұсталардың көмегімен жасап шығып, мәз-мейрам болды. Сондай-ақ олар өз қолдарымен жасаған бұйымдарын естелікке алып кетті.
– Бүгінгі кеш қатты ұнады. Шеберлік сағатындағы түрлі шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар көздің жауын алардай қызықтырды. Мен де сол шеберлік сағатына қатысып, ұстаның үйретуімен қалың жіптен сөмке тоқып үйрендім. Іс-шара барысында өзім сияқты ерекше балалармен танысып, олардың телефон нөмірлерін алдым. Алдағы уақытта дос боламыз деп үміттенемін. Жоғары деңгейде өткен тамаша мерекеге алып келген ата-анама алғысымды білдіргім келеді, – деді 15 жастағы Айгүл Сәрсенқызы.
Бағдарлама аясында кішкентай көрермендер цирк әртістерінің жануарлармен қойған қойылымдарын, Ер Төстік ертегісінің кейіпкерлерін, үлкен қуыршақтарды және аквагрим шеберлерінің өнерін тамашалады. Сабын көпіршіктерінен жасалған ерекше шоу іс-шараның көркін аша түсті. Театрландырылған қойылым мен ойындар балаларды ертегі әлеміне жетелеп, қуаныш пен шаттыққа бөледі.
Сондай-ақ «Балалық шақ мерекесі» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, «Nomad» тобы «Тәттілер», «Бақытты балалық шақ» әндерін орындады.
– «Менің балам ерекше күтімді қажет етеді», «Менің балам ештеңені түсінбейді» деген ойдың өзі жаныңды жегідей жеп, әрбір ата-ананы тұңғиыққа батырады. Ал бүгінгі іс-шара сол уайымды сейілткендей болды. Оған себеп, балаларымыздың өздері де жадырап күліп, біздің де көңілімізді көтеріп тастады. Менің ұлым аутизммен ауырады. Ол әр секунд, сәт сайын ерекше қимылдар жасайды. Отырған орнынан атып тұрып, жүгіріп кетеді, билейді, ән айтады. Өте гипербелсенді. Оны ұстап отыру мүмкін емес. Бұрын баламның осындай хәлде өмір сүріп жатқанына қамығып, «менде ғана осындай дертті бала бар-ау» деп қиналатынмын. Алайда осы өткен іс-шарада балама достар табылып, өзі сияқты мүгедектігі бар балғындармен ерекше жақын түсінісіп кеткеніне жүрегім елжіреді. Ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз – деді Айман Шекпенова.
Балалар мерекесі барысында жеткіншектер түрлі әткеншектерге мініп, шат-шадыман көңіл күймен уақыт өткізді. Сондай-ақ балғындарға тегін балмұздақ таратылды.
Балмұздақ жеп, әткеншек теуіп, қолөнермен айналысып, ертегі еліне сапар шегіп қайтқан әрбір мүгедектігі бар бала мен оның ата-анасының жалғыз арманы бар. Ол дертінен айығу ғана. Ал ертегі біткеннің соңы әдемі аяқталады. Осы кештегі әрбір бала ертегі әлеміндегі тілегі орындалған ең бақытты кейіпкерге айналса екен...
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ