Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Спорттан қол үзбеген құтқарушы

Спорттан қол үзбеген құтқарушы
Автор
Ел ішінде еңбегімен дараланып, азаматтық қорғаныс саласында абыройлы қызмет етіп жүрген құтқарушылар өте көп. Жұмыс пен спортты қатар алып жүрген құтқарушы Байсұлтан Дәулетовті осы қатарға жатқызуға болады.

Байсұлтан Дәулетов 1999 жылы 21 қаңтарда Тараз қаласында дүниеге келген. Отбасының еңбекқорлығы мен табандылығы оның өміріне үлкен әсер етті. Әкесі Дәулет малшаруашылығымен айналысып, ауылшаруашылығы саласында табысты еңбек етіп келеді. Анасы Әсия медицина саласына 25 жылдан астам өмірін арнаған ардақты жан. Денсаулық сақтау саласында үлкен тәжірибе жинақтаған кәсіби маман бүгінде зейнетте.

Байсұлтан білім жолын Тараз қаласындағы №53 мектеп-гимназияда бастап, онда 9-сыныпқа дейін оқиды. Мектепте жүрген-ақ, белсенділігімен, спортқа деген ерекше ынтасымен көзге түседі. Сабақтан тыс уақытта түрлі спорт секцияларына қатысып, жарыстарда мектептің намысын қорғайды. Жас күнінен салауатты өмір салтын ұстанған Байсұлтан 2016 жылы еліміздің астанасы – Астана қаласындағы көпсалалы колледжге түсіп, «Денешынықтыру және спорт жаттықтырушысы» мамандығын игеруге бел байлады. Колледжде оқи жүріп, теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, кәсіби жаттықтырушы болу жолында алғашқы қадамдарын жасай бастайды. Спорт саласына шынайы махаббат пен табандылықпен келген Байсұлтан болашақта салауатты ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етуді мақсат етеді.

Кейіпкеріміздің спорт жолындағы алғашқы қадамы бар болғаны 11 жасында басталды. Осы жасынан бастап бокспен шұғылданып, өзінің табиғи қабілеті мен тынымсыз еңбегінің арқасында жоғары жетістіктерге қол жеткізе білді. 2017 жылы бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері атағына ие болып, кәсіби спортшы ретіндегі деңгейін дәлелдеді. 2020 жылы Байсұлтан Дәулетұлы Астана қаласындағы №36 Десанттық-шабуылдаушы әскери бригадасының қатарына шақырылып, әскери қызметін абыроймен атқарды. Қатаң тәртіп пен жауапкершілікке құрылған әскер қатарында ол тәртіпке мойынсұнып қана қоймай, нағыз ер-азаматқа тән мінез қалыптастырып, ел алдындағы парызын адал орындап шықты. Әскерден оралған соң 2021 жылы Алматы қаласындағы азаматтық қорғау органына қызметке орналасып, сол уақыттан бері ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етуде.

Қызмет барысында ол түрлі сипаттағы өрт оқиғалары мен төтенше жағдайлардың салдарын жоюға белсене қатысып, талай азаматтың өмірін құтқаруға тікелей үлес қосты. Байсұлтанның кәсіби шеберлігі мен батылдығының бір көрінісі – тұрғын үйдегі өрт кезінде аса жоғары температураның әсерінен ісініп, жарылуға шақ қалған газ баллондарын қауіпсіз аймаққа шығарып, жарылыстың алдын алған әрекеті. Бұл әрекеті оның өз өмірін қатерге тіге отырып, өзгелердің амандығы үшін жан аямай қызмет ететінін дәлелдейді. Онымен қоса 2024 жылы Ақмола облысы, Атбасар қаласының маңында орын алған жойқын су тасқыны салдарын жою жұмыстарына да белсене атсалысып, төтенше жағдай аймағында ерлік пен жанқиярлық танытты. Осы күрделі операция кезінде көрсеткен кәсіби шеберлігі мен азаматтық борышқа адалдығы үшін Байсұлтан «Ақжол» демократиялық партиясының арнайы төсбелгісімен марапатталып, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтың Алғысхатына ие болды.

Байсұлтан азаматтық қорғау саласындағы қарбалас қызметіне қарамастан, спорттан ешқашан қол үзген емес. Әлі күнге дейін жаттығуларын тоқтатпай, кәсіби деңгейін сақтап келеді. Бүгінде Байсұлтан Дәулетов өзінің туған жерінде, Тараз қаласындағы №3 өрт сөндіру бөлімінде өртсөндіруші-құтқарушы лауазымында абыройлы еңбек етуде.

2024 жылы кейіпкеріміз Көкшетау қаласында ұйымдастырылған қоян-қолтық ұрыс бойынша республикалық жарысқа облыстық төтенше жағдайлар департаментінің атынан қатысып, жоғары кәсіби және спорттық дайындықтың үлгісін көрсетті. Осы додада көрсеткен белсенділігі мен ерік-жігерінің нәтижесінде арнайы алғысхатпен марапатталды. Байсұлтан бұдан бөлек, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің футбол құрамасының тұрақты әрі сенімді ойыншысы. Команданың белді мүшесі ретінде облыс көлеміндегі түрлі жарыстарда топ жарып, әріптестерімен бірге көптеген жеңістерге қол жеткізген. Бұл – Байсұлтанның тек қызметте ғана емес, ұжымдық рухты қажет ететін спортта да үздік екенін көрсетеді.

Байсұлтан – салауатты өмір салтын берік ұстанатын, болашағын Отан мен қоғам игілігіне арнаған жас маман. Оның бойындағы ерік-жігер, азаматтық жауапкершілік пен кәсіби біліктілік – ел болашағы үшін маңызды құндылықтар. Осындай батыл да білімді, белсенді де ұлтжанды жастарымыз барда, ел ертеңі – кемел, келешегі –нұрлы боларына кәміл сенуге болады.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар