
«Қазселденқорғау» бас басқармасына жаңа тұрғын үй модульдерін беру рәсіміне Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Сайранұлы, «Қазселденқорғау» басшысы, «Қазақстандық құтқарушылар қоры» жеке қорының директоры қатысты.
Жаңа капсула үйлері теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасқан. Бұл экстремальды табиғи жағдайларда тұрақты қызмет атқаруға бейімделген ерекше нысандар. Олар стратегиялық маңызы бар гидрологиялық бақылау нүктелерінде сел және су тасқыны қаупінің жоғары кезеңінде тәулік бойы үздіксіз мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету үшін пайдаланылмақ. Министрдің арнайы тапсырмасы бойынша Алматы тауларында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету уақытын қысқарту мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты республикалық жедел-құтқару жасағына қосымша бақылау-құтқару бекетін ұйымдастыру жүктелді. Бұл шешім көпшілік демалатын биік таулы аймақтарда қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.
Әрбір жаңа тұрғын модульдің жалпы ауданы 24 шаршы метрді құрайды және функционалды үш аймаққа бөлінген: жұмыс аймағы, санитарлық-тұрмыстық аймақ және демалыс/ұйықтайтын аймақ. Барлық бөлмелер қажетті жиһаздармен және техникамен жабдықталған. Модульдер автономды жылыту жүйесімен, электр қуатымен және жарықпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ таулы аймақтың қатал климаттық жағдайларына бейімделіп, арнайы оқшауланған және герметизацияланған.
Дәстүрге сай Төтенше жағдайлар министрлігі бақылау бекеттерінің аумағында экологиялық бастамаларды да назардан тыс қалдырмау бағытында жаңа капсулалық үй жанындағы аумақта көшеттер отырғызды.
Шыңғыс Әрінов жұмыс сапары барысында Алматы облысы аумағында орналасқан Түрген шатқалындағы стратегиялық маңызы зор селден қорғау бөгетінің жобасымен де танысты. Аталған жоба өңірдің техногендік және табиғи қауіп-қатерлерге қарсы тұру әлеуетін арттыруға бағытталған ірі инфрақұрылымдық бастамалардың бірі. Бөгеттің құрылысы халықтың өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ Түрген өңіріндегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын сел тасқындары мен өзге де гидрометеорологиялық құбылыстардың зардаптарынан тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Жобаның ауқымы тек бөгетті салумен шектелмейді. Оның аясында селден қорғаныс қызметінен бөлек, шағын гидроэлектростанса (ГЭС) құрылысын жүргізу көзделіп отыр. Сонымен қатар жобаның туристік әлеуетін арттыру мақсатында заманауи бақылау алаңының құрылысы жоспарланған. Бұл бақылау алаңы экотуризмді дамытуға, өңірдің тартымдылығын арттыруға, сондай-ақ халықтың табиғи қауіптерге қатысты хабардарлығын күшейтуге ықпал етеді.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ