
Жадыраған жаз айларында салқындау, демалу мақсатында көлге, өзенге тағы басқа су қоймаларына шомылуға баратындардың қатары көбейеді. Жалпы суда жүзу қан айналымын жақсартып, бұлшықетті шынықтырып, күйзелісті азайтады. Дегенмен судағы қауіп-қатер де естен шықпауы тиіс. Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті шомылу маусымында судағы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.
Бүгінде департамент қызметкерлері күн сайын су айдындарында профилактикалық рейдтер ұйымдастырып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мамандардың айтуынша, суға түсуге рұқсат етілмеген жерлерде шомылу, балаларды қараусыз қалдыру, мас күйінде суға түсу жаз мезгіліндегі қайғылы оқиғалардың негізгі себептері болып отыр. Төтенше жағдайлар департаментінің деректеріне сәйкес, соңғы жылдары шомылу маусымы кезінде суға кету фактілері көбінесе ересектердің салғырттығы мен қауіпсіздік ережелерін елемеуінен туындайды екен. Сондықтан әр азаматтың судағы қауіпсіздік талаптарын сақтауы өз өмірі мен жақындарының амандығын қамтамасыз етудің басты кепілі.
– Жаз мезгілінің келуімен қатар облысымызда су айдындарында шомылу маусымы да басталады. Аталған кезең тек демалыс пен сергітудің емес, сонымен қатар қауіпсіздік шараларын сақтау тұрғысынан ерекше назар аударуды талап ететін уақыт. Осыған байланысты өңірде тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған кешенді іс-шаралар қолға алынған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментімен «2025 жылғы суға шомылу кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары туралы» арнайы жоспар әзірленіп, облыс әкімінің келісімімен бекітілді. Бұл жоспар судағы төтенше жағдайлардың алдын алу, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысын ұйымдастыру бағытындағы маңызды стратегиялық құжат. 2025 жылғы 14 сәуірде облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында шомылу маусымына дайындық мәселесі егжей-тегжейлі қаралды. Отырыстың қорытындысы бойынша облыс әкімінің тапсырмасымен құзыретті органдарға нақты міндеттер жүктеліп, тиісті іс-шараларды уақытылы әрі сапалы орындау бойынша жауапкершілік күшейтілді. Профилактикалық жұмыстарды күнделікті негізде үйлестіріп жүргізу мақсатында Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімдері, полиция бөлімшелері және еріктілермен бірлескен іс-қимыл кестелері бекітілді. Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және ерікті қозғалысты жандандыру мақсатында төтенше жағдайлар департаментінің базасында волонтерлік қозғалыс өкілдерін оқыту ұйымдастырылды. Атап айтқанда, облыс бойынша 50 волонтерлік ұйымның жетекшісі мен үйлестірушісі арнайы даярлық курстарынан өтіп, судағы қауіпсіздік мәселелері бойынша теориялық және практикалық білімдерін жетілдірді. Еңбек және демалыс-сауықтыру лагерьлерінің 47 қызметкері де даярлық курстарына тартылды. Оларға балалармен жұмыс істеу барысында судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау, төтенше жағдай туындаған кезде алғашқы әрекеттерді дұрыс орындау бойынша нұсқаулықтар берілді. Су айдындарында барлығы 400-ден аса рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, демалушыларға қауіпсіздік ережелерін сақтау, суға рұқсат етілмеген жерлерде шомылмау және балаларды қараусыз қалдырмау жөнінде ескертулер берілді. Қосымша ақпарат тарату мақсатында 6 000-нан аса жадынама үлестірілді. Аталған іс-шаралардың тиімді іске асуына 110 ерікті азамат белсене атсалысып, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлестерін қосты, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, майор Жалғас Абдуалиев.
Сонымен қатар төтенше жағдайлар департаменті тарапынан «Мамыр қаупі» акциясы ұйымдастырылыпты. Халықтың, әсіресе балалар мен жастардың судағы қауіпсіздік ережелеріне қатысты білімін арттыру және адам өліміне алып келетін қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында қолға алынған акцияға тұрғындар да белсене қатысқан.
Жалғас Бекмұратұлының айтуынша, бұдан бөлек облыстың барлық су айдындарында профилактикалық рейдтер мен патрульдеу жұмыстары үздіксіз, бекітілген кесте бойынша тұрақты жүргізілуде. Бұл іс-шараларға төтенше жағдайлар департаментінің, полиция департаментінің, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер қозғалысының өкілдері жұмылдырылған.
– Сондай-ақ облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің базасында 180 балаға жүзу дағдыларын үйрету бойынша тегін курстар ұйымдастырылды. Бұл – балаларды суға түсу барысында өзін-өзі дұрыс ұстауға, қауіп төнген жағдайда алғашқы әрекеттерді білуге үйретеді. Аса қауіпті болып саналатын су айдындарында 6 қайықпен жабдықталған мобильді және стационарлы құтқару бекеттері жұмыс істеуде. Бұл бекеттер судағы қауіпсіздікті тікелей бақылауға, шұғыл жағдай туындаған сәтте жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді. Құтқару бекеттері арнайы жабдықтармен қамтылып, кәсіби мамандармен жасақталған. Еске сала кетейік. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 412-бабына сәйкес, рұқсат етілмеген орындарда шомылған азаматтарға 7 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл талаптар – тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заңнамалық негізі ретінде қарастырылады. Жыл басынан бері облысымызда суға шомылу кезінде батып кету деректері тіркелген жоқ. Өкінішке қарай, қауіпсіздік ережелерін елемей, су аймақтарына абайсызда құлап, қаза болған азаматтар бар. Бұл – су айдындарындағы кез келген бейқамдықтың орны толмас салдарға әкеп соғатынын тағы бір мәрте еске салады. Сол себепті облыстық төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды су айдындарында сақтық шараларын қатаң ұстануға, балаларды қараусыз қалдырмауға және тек арнайы жабдықталған, рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға шақырады, – дейді Жалғас Бекмұратұлы.
Қауіпсіздік – әрбір адамның жеке жауапкершілігі екенін естен шығармауымыз қажет. Демалыс уақытын тиімді пайдалану немесе тілсіз жаудың құрбанына айналу әр адамның өз таңдауы. Сол себепті «сақтансаң сақтайды» деген қағиданы ұстанып, су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтағанымыз абзал.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ