Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұтынушы құқығы тапталмауы тиіс

Тұтынушы құқығы тапталмауы тиіс
Автор
Бүгінде қолына бопыратып қағаз ақша ұстап жүретіндер некен-саяқ, тіпті жоқтың қасы деуге болады. Жұрттың дені сауданы базарда да, ірі сауда желілері мен үй маңындағы дүкенде де электронды төлем жүйесі арқылы жасайды. Элктронды сауда жүйесі алғаш пайда болған сәтте халық тауар ақысын ірі дүкендерде банк карточкасы арқылы төлейтін. Қазір жұртшылық жаппай тауардың не көрсетілген қызметтің ақысын төлеуде смартфонға жүктелген мобильді банк қосымшаларындағы QR арқылы есеп айырысуға дағдыланған.

Жасыратыны жоқ, электронды ақша пайда болғалы жұрт қалтасына әмиянын салып жүруден арылды. Одан бөлек, әмияныңды бір пәсте «үптеп» кететін ұрылардан да құтылды. Тұтынушы үшін тағы бір маңызды жайт, мұның есеп айырысуда ең ыңғайлы әрі уақыт үнемдеуде таптырмас тәсіл болғаны. Қалаберді кейбір супермаркеттерде тұтынушы QR арқылы сауда жасаса, оған кемі 5 пайыз мөлшерде бонус беріледі. Кейін бонус арқылы жиналған қаржыны да бір әжетке жаратуға болады. Бір айта кетерлігі, базардағы кейбір саудагерлер немесе үй маңындағы шағын дүкен иелері тұтынушыларға «QR жоқ» деген желеумен өзінің не туысының «Kaspi Gold»-ына қаржы аударуды ұсынуы әлі де азаяр емес. Тіпті олардың арасында нақты ақша болмаса тауарын сатудан бас тартатындар да бар. Шындап келгенде электронды сауда жүйесіндегі онлайн аударымды, яғни қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды құп көрмейтіндер табысын жасыратындар. Есеп айырысудың мұндай түріне жол берілгенде саудагердің тауарына, сапасына, көрсеткен қызметіне бақылау жүргізу мүмкін болмайды. Сондай-ақ олар фискалды чек бермеуге тырысып, табысынан салық төлемес үшін әдейі осылай жалтарады. Себебі QR мен кассалық чек болмаған жерде тауар айналымы көзден тасада қалып, «көлеңкелі» бизнеске жол беріледі.

Жамбыл ауданы, Аса ауылы, Абай көшесінің тұрғыны Малика Асабаева мұндай дүкендерден тауар алғанда тиісті құқығыңды алға тартсаң, кекірейіп, сауда мәдениетін сақтамай, өзіңе дүрсе қоя беретін сатушылар да бар екенін айтады.

– Аудан орталығы Аса ауылындағы кейбір шағын дүкендерде де, Тараз қаласындағы түрлі сауда орындарында да тұтынушыға QR ұсынбайтын саудагерлер жетерлік. Оның орнына қолмен жазылған жеке «Kaspi» шотын көрсетіп, соған ақша аударуды талап етеді. Темекі, алкоголь және сусын секілді өнімдерді көтерме бағамен сататын дүкендерде де «Kaspi QR», «Kaspi Gold» қолданыла бермейді. Тек қолма-қол ақы төлеу талап етіледі. Мысалы, Тараз қаласы, «Қаратау» ықшамауданындағы Қ.Тұрысов-Б.Майлин көшесі қиылысында орналасқан бір дүкен бар. «Дәмді себет» сауда желісіне қарама қарсы орналасқан әлгі дүкенде көтерме бағамен темекі өнімдері және түрлі шырын, сусындар сатылады. Ол жерден сауда жасаған адам міндетті түрде ақшаны «Kaspi Gold»-қа аударуы тиіс. Егер кейбір арзан бағадағы темекіні сатып алатын болсаң, онда қолма-қол ақша төлеуіңе тура келеді. Ол жердегі сатушы қыздан да, дүкен иесінен де тұтынушыға неге мұндай талап қойылатынын сұрағанмын. Олар бұл жағдайды өздеріне тауар өткізетін тараптардың қойған талабы екенімен байланыстырды. Тағы бір назар аударатын маңызды мәселе, бір заттың бағасы он мың теңге тұрса, тұтынушы ақыны QR немесе «Kaspi Gold» арқылы жасауға не «Kaspi Red»-пен үш айға бөліп төлеуге бекінсе, оның бағасы сол жерде қымбаттайды. Тауарын нақты ақшаға өткізіп жүргендердің айтатын уәжі бар. Егер олар төлемді онлайн аударым арқылы не үш айға бөліп төлеу арқылы алса, банк түскен қаржының қандайда бір пайызын ұстап қалатынын көрінеді. Жалпы өз басым нақты ақшаға сауда жасайтын немесе «Kaspi Gold»-қа ғана аударым қабылдайтын дүкендерге екінші рет жоламаймын. Өйткені олар мені менсінбей тұрғандай, маған «нақты ақшаң болмаса, өз жөніңе жүре бер» дейтіндей көрінеді, – дейді М.Асабаева.

Негізінде қолданыстағы заңнама бойынша кәсіпкерлер ресми төлем жүйелерін қолдануға міндетті. Бірақ бұл талап іс жүзінде үнемі орындала бермейтіні екінің біріне мәлім. Бұл сауда нарығында ақиқатты ашу үшін салық органдары мен тиісті бақылаушы мекемелер әлі де өз жұмысын дұрыс жүргізбей отыр деген сөз. Осы орайда біз тұтынушының құқығы бұзылған жағдайда қандай шара қолданылатынын облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлнұр Абдалиевадан сұрап, білдік.

– Соңғы жылдары елімізде цифрлық төлем жүйесі қарқынды дамып, көпшілік қолма-қол ақша ұстамай-ақ сауда жасайтын деңгейге жетті. Дегенмен сатушылар тарапынан төлем түріне қарай әртүрлі баға белгілеу немесе банк картасын қабылдаудан бас тарту жағдайлары әлі де кездеседі. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың наразылығын тудырып, заңдылық мәселесіне қатысты сұрақтар туындатады. Негізінде мұндай әрекеттер тікелей заңбұзушылық болып есептеледі. Қазақстан Республикасының «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңының 40-бабы, 3-тармағына сәйкес сатушылар, мейлі олар жеке кәсіпкер болсын, мейлі заңды тұлға болсын төлем түріне қарамастан тауарды бір бағада сатуға міндетті. Яғни, банк картасы не банктің мобилді қосымшасы секілді электронды ақшамен есептескен кезде тауар немесе қызмет құны көтерілмеуі керек. Кейбір сатушылар мұны банк тарапынан ұсталатын комиссия мөлшерімен түсіндіргісі келеді. Алайда мұның тұтынушыға ешқандай қатысы жоқ. Сатушы мен банк арасындағы келісімдер сатып алушының құқықтарына нұқсан келтірмеуі тиіс. Сонымен қатар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 24-бабына сәйкес сауда нысандарында көрсетілген баға сатып алушыға ұсынылатын нақты әрі өзгермейтін құн болып есептеледі. Бұл баға заттаңбада немесе сөрелерде ашық көрсетілуі тиіс және сатып алушыға сол бағамен сату – сатушының заң алдындағы басты міндетінің бірі. Ал аталған заңның 8-1-бабының 4-1-тармағында төлем электронды ақша арқылы төленетін кезде жоғары баға қою тұтынушың құқығын бұзу ретінде қарастырылады. Бұл норма төлем әдісіне қарамастан бірдей жағдай жасауға бағытталған. Яғни, азаматтар қандай жолмен төлем жасаса да (қолма-қол болсын, банк арқылы болсын), бірдей бағада қызмет пен тауар алуға құқылы. Егер бұл талап орындалмаса, тұтынушы тиісті мекемелерге шағым түсіре алады, – дейді Гүлнұр Ақашқызы.

Оның айтуынша, мұндай заңбұзушылықтар көбіне бақылаудың әлсіздігінен немесе тұтынушылардың өз құқықтарын білмеуінен орын алады. Сондықтан әр азамат өз мүддесін заң аясында қорғауға дайын болуы қажет. Тұтынушы осындай жағдайға тап болған кезде сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласуы тиіс.

Кейбір саудагерлер тұтынушы құқығын таптап, заң мен ережені өз қарабастарына пайдаланғысы келетіні басы ашық мәселе. Ал қоғамда сауда-саттық ашық әрі әділ жүргізілуі керек. Бастысы саудагер қарапайым халықтың ыңғайлы тәсілмен сауда жасауына тосқауыл болмауы қажет.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар