
Ғарышта Жерге ұқсас экзопланеталар көп болғанымен, оларға жету мүмкін емес. Ең жақындарының өзіне ұшу мыңдаған жылдарға созылатын еді. Сондықтан, біздің негізгі таңдауымыз Күн жүйесінің ішінде қалды. Ай – ең жақын нұсқа. Бірақ Айдың бетінде атмосфера мүлдем жоқ. Ал ауырлық күші адам ағзасына кері əсер етеді. Марс – Айға қарағанда əлдеқайда тартымды. Ол Күн жүйесіндегі Жерге ең ұқсас ғаламшар. Ғалымдар бұл планетада бір кездері су болғанын дəлелдеді. Ал қазір мұз түрінде сақталған. Сонымен қатар, Марстағы ауырлық күші Жердің 38 пайызына тең. Бұл ұзақ мерзім өмір сүруге мүмкіндік береді. Күннен жеткілікті қашықтықта орналасқандықтан, ол адам өмір сүре алатын аймаққа Венераға қарағанда əлдеқайда жақын. Күннен қуат алу мүмкіндігі де бар. Сондықтан Марсқа күн батареяларын орнату арқылы энергия мəселесін шешуге болады. Марс – адам өмір сүруге бейімделмеген ғаламшар. Ондағы орташа температура –63°C, ал түнде –80°C-қа дейін төмендейді. Атмосферасы өте жұқа, құрамында 95 пайыз көмірқышқыл газы бар. Бұл дем алуға жарамсыз. Сонымен қатар, Марстағы радиация деңгейі өте жоғары. Өйткені оның магниттік өрісі жоқ, ал жұқа атмосфера күн сəулелерінен қорғай алмайды. Су сұйық күйінде болмайды, тек мұз немесе жерасты қатпарларында болуы мүмкін. Осындай экстремалды жағдайларда адамдар қалай өмір сүре алады?
Ғалымдар екі негізгі шешімді ұсынып отыр. Бірінші шешім – жабық экожүйелер. Болашақ Марс тұрғындары арнайы күмбездерде немесе жер астында өмір сүруі мүмкін. Бұл құрылымдар оттегімен қамтамасыз ету жүйесіне ие болуы тиіс. Өсімдіктерді, балдырларды немесе химиялық реакцияларды пайдалану арқылы ауадағы көмірқышқыл газын оттегіге айналдыруға болады. Суды қайта өңдеу жүйесін қолдану маңызды. Өйткені ғарышта əрбір су тамшысы есептеулі. Ғалымдар несеп пен терден бөлінген ылғалды қайта өңдеу əдістерін зерттеп жатыр. Сонымен қатар, азық-түлік өсіруге мүмкіндік беруі тиіс. NASA мен SpaceX зерттеушілері гидропоника жəне аэропоника əдістерін пайдаланып, Марста өсімдіктер өсіру мүмкіндігін қарастыруда. Екінші шешім – тераформация, яғни Марсты «екінші Жерге» айналдыру. Бұл – ең үлкен ғылыми фантазия. Тераформация дегеніміз – ғаламшардың климаты мен атмосферасын өзгертіп, оны Жерге ұқсас ету процесі. Ғалымдар бұған жетудің бірнеше əдісін ұсынып отыр. Марстың полюстеріндегі мұзды еріту арқылы атмосферадағы су буының мөлшерін арттыруға болады. Бұл жылыжай эффектісін тудырып, температураны көтеруі мүмкін. Бірақ мұзды еріту үшін ядролық бомбаларды қолдану ұсынылып отыр. Атмосфераны қоюлату арқылы да температураны көтеру мүмкіндігі бар.
Қазір Марстың атмосферасы өте жұқа. Егер оған парниктік газдар жіберілсе, ол жылуды ұстап тұрып, ғаламшарды жылытуға көмектеседі. Сонымен қатар, магнит өрісін жасау идеясы да бар. Жердің магнитосферасы бізді күннің зиянды сəулелерінен қорғайды. Егер Марста да осындай қорғаныс жүйесі жасалса, ғаламшарда өмір сүру жеңілдейді. Бірақ бұл идеялардың барлығы теория жүзінде мүмкін болғанымен, оларды жүзеге асыру мыңдаған жылдарға созылуы мүмкін. Қазіргі технологиямен Марсқа ұшу 6-7 айға созылады. Бірақ басты мəселе – адамдарды аман-есен жеткізу жəне қайта Жерге қайтару. NASA 2030 жылдары алғашқы адамды Марсқа жібермек. SpaceX 2050 жылға дейін Марста миллион адамнан тұратын қала салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Қытай мен Ресей де өздерінің ғарыштық бағдарламаларын əзірлеуде. SpaceX компаниясы жасаған Starship кемесі адамдарды Марсқа арзан əрі қауіпсіз тасымалдауға бағытталған. Оның басты ерекшелігі – қайта пайдалануға болатындығы. Егер бұл технология жетілдірілсе, Марсқа саяхат айтарлықтай арзан жəне қолжетімді болмақ.
Қазіргі таңда Марсқа көшу ғылыми фантастикаға көбірек ұқсайды. Бірақ жүз жыл бұрын адамдар Айға қону да қиял деп ойлаған еді. Егер SpaceX пен NASA жоспарларын жүзеге асыра алса, онда біз жиырма бірінші ғасырда жаңа ғаламшарды игере бастаған алғашқы буын боламыз. Дегенмен, бұл оңай жол емес. Марста өмір сүру – тек технологиялық жетістік емес, адамзаттың төзімділігі мен бейімделгіштігіне үлкен сынақ. Ғалымдардың айтуынша, Марстағы алғашқы адамдар зерттеушілер ғана емес, сонымен қатар жаңа дəуірдің батырлары болмақ. Бəлкім, болашақта сіз немесе сіздің ұрпақтарыңыз Марсқа көшу туралы шешім қабылдайтын шығар. Ал сіз Қызыл ғаламшарға баруға дайынсыз ба?
Әйгерім ТҰРАРБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 4-курс студенті