
Мұны сөз етіп отырған себебіміз, кейде қала ішінде серуендеп жүріп, өзің жүріп келе жатқан жаяу жүргінші жолын (тротуар) таппай қалатының бар. Кейбірін жол бойындағы дүкен не басқа да кәсіптік бағыттағы нысан қожайындары өз мүлігіндей иеленіп алып, сол аумаққа тастөсеме не асфальт жабындысын төсеп, бастапқы деңгейінен біршама биіктетіп тастайтын жайттар кездеседі. Мұндайда мүгедектігі бар азаматтарға арналған арбаның ондай жерге шығып-түсуі неғайбыл.
Жаяу жүргіншілер жолына қатысты қолдан жасалатын кедергінің түрі өте көп. Соның бірі – жол жиегінде орналасқан дүкен не тойхана алдындағы жаяу жүргінші жолына жұртшылықтың көліктерін қойып кетуі. Ал қала мәдениеті мен қоғамдық тәртіпке деген осындай немқұрайдылық қала тұрғындарының жүріп-тұруына айтарлықтай кедергі келтіретіні сөзсіз.
Мәселен, Тараз қаласындағы «Қаратау» ықшамауданындағы Әл-Фараби көшесінің бойында орналасқан «GÜL SARAI» атты мейрамхананың алдынан кешкі мезгілде ары-бері өту мүмкін емес. Себебі тойға келген қонақтар көлігін жаяу жүргіншілер жолына қойып тастайды. Бір бағытты жол болғаннан кейін амал жоқ, көліктер ағылып жүріп жатқан жолмен жүруіңе тура келеді. Дәл осы мейрамхананың жанына келгенде жолдың жиегімен жүрмей-ақ қояйын десең, қарама-қарсы орналасқан «Қарасу» ықшамауданына қарай өтуің керек, басқа амал жоқ.
Кешкі уақытта бұл маңайда қарттар, баласын жетектеген әйелдер жүреді. Олар тап біз сөз етіп отырған мейрамхана алдымен өтпегенде, басқа қай жолмен жүруі керек? «Жаман айтпай, жақсы жоқ», қаз-қатар тізілген көлікті айналып асфальтке шыққан адамды көлік қағып кетсе, оның соңы орны толмас өкінішке айналатыны анық.
Біз баласын балабақшадан алып келе жатқан бір қала тұрғынының көз алдымыздағы жайтқа қатысты пікірін тыңдаған едік. Гүлзат Тайлақова есімді тұрғын «Қарасу» ықшамауданындағы «Назерке» балабақшасына балаларын жаяу апаратынын, кейде қаланы серуендейтінін сөз ете отырып, аталған мейрамхана алды кешке қарай ығы-жығы көлікке толып, ыңғайсыздық тудыратынын қынжыла жеткізді.
– Кешке серуендеп келе жатсаң, осы тойхананың тұсы тап бір автотұраққа айналып кеткендей әсер қалдырады. Амал жоқ автокөлік жолымен жүруге мәжбүр боламыз. Бір жолы көлік қағып кете жаздады. Осы мәселені реттейтін тиісті органдар қайда қарап отыр? Әлде тойхананың иесі мен қонақтарының «ыңғайына» бола қаланың ортақ тәртібі еленбей отыр ма? Бұл жерде тұраққа қатысты ережені бұзған әр жүргізушіге ескерту жасап, қажет болса айыппұл салса, барлығы реттелер еді. Тиісті мекеме бақылау камераларын орнатып, жүргізушілерді жүйелі түрде тәртіпке келтірмесе, мына жағдайдың қайталана беретіні анық. Қала әкімдігі, учаскелік полиция қызметкерлері бірігіп, осындай келеңсіздіктерді анықтап, нақты әрекетке көшуі тиіс деп ойлаймын. Ал тойхана иелері өз қонақтарына көліктерін жаяу жүргінші жолына қоюға болмайтын айтудан жалықпауы керек, – деді ол.
Ертесіне біз аталған «GÜL SARAI» мейрамханасына барып, телефон арқылы Күльзахира Абдезовамен сөйлестік. Айтуынша, ол дәл қазір осы мейрамханаға басшылық етіп отыр екен.
– Тойға келген қонақтарға көлігін жаяу жүргінші жолына қоюға болмайтыны жөнінде түсіндіру жұмысын жүргізетін боламыз. Негізінде қасымыздағы «Ұлбосын ана» моншасының артқы жағы бұрын ақылы автотұрақ болған, қазір бос, той қонақтары көліктерін сол жерге қойса да болады. Автотұраққа арнайы бағыт сілтейтін тақтайшалар орнатып, бұл мәселені ретке келтіреміз, – деді К.Абдезова.
Біз байқағандай, аталған моншаның артқы жағы өзгенің иелігіндегі жер болуы керек. Өйткені ол жақты жауып тастаған екен. Бірақ қарама-қарсы жолдың бойында да автотұрақ бар екен. Ол жерге де барып, Мира Байжанованы сөзге тарттық.
– Той болған кезде ол маңдағы көліктердің жаяу жүргіншілерге кедергі келтіріп жатқаны бізге де байқалады. Дегенмен біз ол жерге барып, той қонақтарына «Көлігіңізді жаяу жүргінші жолының үстіне қоймаңыз, біздің автотұраққа келіңіз» деп айта алмаймыз. Егер автотұраққа келемін десе мен орын тауып беремін. Бұл жерде көлік бір тәулікке қалдырылса да, бір сағатқа тұрса да баға – 200 теңге, – деді М.Байжанова.
Бұдан кейін Тараз қаласы полиция басқармасы полиция батальонының командирі, полиция подполковнигі Руслан Оразбаковпен тілдестік.
– Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 597-бабының 1-бөлігіне сәйкес «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» – көлік құралдарын рұқсат етілмеген немесе арнайы бөлінбеген орындарда тоқтату немесе қою, жаяу жүргіншілер жолына (тротуарға) көлік қою, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігіне кедергі келтіретін басқа да әрекеттер үшін кінәлілер айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұл мөлшеріне келсек, осы заңды бұзған жеке тұлғалар үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал заңды тұлғалар 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Сіздердің газет көтерген мәселеге байланысты, аталған аумақта жол қозғалысы ережелерін бұзуды болдырмау мақсатында бақылау және алдын алу шаралары қабылданып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Руслан Искандерұлы.
Қоғамдық тәртіпке қай кезде де бейжай қарауға болмайды. Бұл тұрғыда полицейлердің мәселені шешуге білек сыбана кірісуі орынды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ