
Баяндамашының айтуынша, биыл «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында өңірімізде 55 179 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланыпты. Бүгінге дейін 20 199 азамат әртүрлі шараларға жолданып, жылдық жоспар 36,9 пайызға орындалған. Оның ішінде 5 870 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар «Еурохим», «Talas Investment Company», «Қазпромтемір», «KORCEM», «ҚазСода» сияқты ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру бағытымен жалпы 442 жұмыс беруші мекемелермен меморандумдар жасалған.
– Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Еңбек мобильдігі орталығы» тарапынан 130-дан аса бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі және 100-ге жуық мекемеде «Ашық есік» күндерін өткізу жоспарланған. Нәтижесінде аталған іс-шараларға барлығы 4 500-ге жуық адам қатысып, оның 3 мыңға жуығы бос жұмыс орындарына жолдама алды. Биыл субдсидияланатын жұмыс орындары бойынша жоспар 17 182 адам болып белгіленіп, бүгінгі күнге жоспар 84,7 пайызға орындалды. Сонымен қатар, мүгедектерге арналған субсидияланған арнайы жұмыс орындарына 11 адам жоспарланып, оған 4 адам жолданды. 2025 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 1 636 адамға екі лекпен қайтарымсыз грант беруді көздеп отырмыз. Мамыр айының 21-інен бастап гранттың алғашқы легіне құжаттар қабылдау басталды. Сондай-ақ, жұмыссыз азаматтардың біліктілігін арттыру, жаңа мамандық беру мәселелері де қаралған. Биыл 1 315 адамды кәсіптік оқытумен қамту көзделуде. Бүгінгі күнге осы жоспарланған адамдардың 203-і оқыту курстарына жолданды. Бұл ретте әр оқытылып жатқан азаматқа айына 43 574 мың теңге, жол жүру ақысы 15 728 мың теңге шәкіртақыға дейін қаралған, – дейді Серік Айдарұлы.
Ерекше жандарға табыс табуда тең мүмкіндіктер жасаудың басты шарттарының бірі оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту екені белгілі. Бұл бағытта мүгедектігі бар жандарды және бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және пробация есебіндегі азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту мақсатында мекеме тарапынан 2025 жылы 101 адамды жұмыспен қамту көзделіп, 28 адам жұмыспен тартылған. Сонымен қатар қоғамның тағы маңызды топтарының бірі жастарды жұмысқа тарту бойынша да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл 20 903 жасты жұмыспен қамту жоспарланып, 5 761 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан.
Аян ШАДЫБЕКОВ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің 3-курс студенті