Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Еркіндіктің асқақ үні

Еркіндіктің асқақ үні
Автор
Әр ұлт, әр халық үшін елінің егемендігінен, еркіндігінен асқан құндылық жоқ. Ал тәуелсіз мемлекеттің ұлттық болмысын, дербестігі мен тәуелсіздігін айқындайтын, әлемге танытатын елдік белгілері екені белгілі. Олар - мемлекеттік рәміздер. Тәуелсіздіктің ең үлкен белгісі саналатын мемлекеттік рәміздерге биыл 33 жыл толды.

1992 жылы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі мемлекеттік рәміздерді бекітті.

Отанға, елге деген құрмет Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады. Елдігіміздің басты құндылықтары ретінде Елтаңба, Әнұран және Туымызды құрметтеу, қорғау заңмен белгіленген. Ол елдің, ұлттың ұғымында да берік қалыптасқан киелі ұғым. Ата-бабадан жалғасқан қастерлі аманат.

Заңға сәйкес Мемлекеттік рәміздердің әрқайсысының өзіндік құқықтық орны бар. Елтаңба, Ту төрде, таза орында тұруы керек.

Мемлекеттік рәміздерді қолдану Конституциялық Заңмен және Үкіметтің 3 қаулысымен және 2 мемлекеттік стандартпен  реттеледі.

Атап айтқанда, барлық мекемелердің рәміздер саласындағы қызметтері «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы №258 Конституциялық Заңы,  ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы №873 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнің мәтінін пайдалану қағидалары»,   ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 1 қазандағы №862 қаулысымен бекітілген «Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою ережесі»,   Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 22 қарашадағы №1371 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидалары»,  «ҚР СТ 988-2007 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы» Жалпы техникалық шарттары Мемлекеттік стандарты,   «ҚР СТ 989-2014 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы» Техникалық шарттары Ұлттық стандарттары талаптарына сәйкес болуы міндетті.

Конституциялық Заңның 13-бабына сәйкес әрбір азамат рәміздерді құрметтеп ұстауға, оларға ұқыппен қарауға міндетті.  Бекітілген Стандарттарға сәйкес Рәміздерді жыртылған, кірленген, тозған қалпында қолдануға жол берілмейді.

Қарапайым азаматтар білмеуі мүмкін, тіпті ескірген, жарамсыз күйге түскен Мемлекеттік рәміздерді жоюдың тәртібі мен алгоритмі заңмен белгіленген. Түсінікті тілмен айтқанда, ескірген Туды 5 мм көлемінде кесіп, Елтаңбаны да осы көлемде бөлшектеп, өртейді. Күлді аяқ баспайтын жерге көмеді. Ол үшін әрбір мекеме ішінен арнайы комиссия құрылып, процесті бақылайды және акт толтырады. Бұл Мемлекеттік рәміздеріміздің аяқасты болмауына, қоқыста жатпауына септігін тигізеді.

2018 жылғы 1 қарашадан бастап Мемлекеттік Елтаңбадағы бейнеленген «ҚАЗАҚСТАН» жазуы латын графикасындағы «QAZAQSTAN» жазуына ауыстырылды.

ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 1 қазандағы «Ұлттық стандартқа сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидаларын бекіту туралы» №862 Қаулысының күші жойылғандығына байланысты, Ұлттық стандартқа сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және Елтаңбасын ауыстыру және жою Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 8 маусымдағы № 137 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылуда.

Заңнамаларда Мемлекеттік рәміздерді дұрыс пайдаланбағаны немесе қорлағаны үшін жауаптылық мәселелері де қарастырылғанын естен шығармауымыз керек.

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу-әр адамның басты парызы.  Ал оларды қорлауға заңмен тыйым салынған. Мемлекеттік рәміздерді қорлаған адам ҚР Қылмыстық кодексінің 372-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.

Мемлекеттік Әнұран - ел азаматтарының ең бір қастерлі құндылықтарының бірі. Әнұран орындалғанда бойға жігер беріп, кеудеңде мақтаныш сезімі ұялайды. Әнұранның сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Ал музыкасын жазған – Шәмші Қалдаяқов.

Президент қызметке кіріскен кезде – ол ант бергеннен кейін, Парламент сессияларының ашылуы және жабылуында, ұлттық және мемлекеттік мерекелерде, сондай-ақ өзге де жиналыстар мен мәжілістердің, ескерткіштер мен монументтердің салтанатты ашылуы кезінде, теледидар және радио хабарларын таратуды жүзеге асырушы бұқаралық ақпарат құралдары эфирге шыққанда, спорттық іс-шараларда Мемлекеттік Ту көтерілген шақта қастерлі Әнұранымыз орындалады.

Қазақстан азаматтары оң қолын жүрек тұсына қойып, оны орнынан тұрып айтады.  Әнұранымыздың мәтіні рухты, әуені асқақ.

«Туы биік елдің – тұғыры биік» деген дана халқымыз. Мемлекеттік Тудың  көгілдір түсі, көкте  қалықтаған қыранның бейнесі, жарқыраған, шуағын шашқан күн сәулесі, тігінен салынған ою-өрнектер әр жанның ұлттық сана-сезімін асқақтатып, рухын биіктетеді. Күн – жарқын болашақтың, молшылық пен аманшылықтың, бейбітшіліктің белгісі. Көкте самғаған қыран –асқақтық пен зеректікті білдіреді. Азаттыққа, тәуелсіздікке, биік мақсаттарға, кемел келешекке ұмтылудың белгісі. Қазақы ою ұлттық ерекшелігімізді білдіретін ерекше символ ретінде бейнеленген. Тудың  авторы – Шәкен Ниязбековтың тың туындысы 600 жоба арасынан көзге түсті. Жоғары  Кеңесте талқыланып, жеңіп шықты. Сөйтіп, көк байрағымыз көк аспанда қалықтап, биік тұғырда желбіреп тұр. Көкпен астасқан  көк Туымызды көргенде көңіл шіркін тебіренбей тұра алмайды. Халқымыз үшін азаттықтан асыл, байрақтан биік құндылық жоқ. Қазақта «Туың жығылмасын!» деген жақсы тілек бар. Бабаларымыз қашанда туын биік ұстаған. Ел басына күн туған шақта бір тудың астына бірігіп, тұтастығын танытқан.

Ал, Мемлекеттік Елтаңбамыздың да символикалық кескіні өте терең, аса мағыналы. Елтаңбаның ортасындағы Шаңырақ бейнесі – қазақ ұғымындағы ең қасиетті де қадірлі символ. Қазақта шаңырақтың мазмұны терең, мағынасы кең. Қара шаңырақ – ғасырлар бойы ата-бабалардан келе жатқан қазақтың басты қонысы. «Шаңырағың биік болсын!», «Шаңырағың шайқалмасын!» сынды мағыналы тілектер қазақтың шаңырақты қаншалықты қадірлейтінін аңғартса керек. Ал бүгінде бір шаңырақ астында 100-ден аса ұлт пен ұлыстың тату-тәтті ғұмыр кешуі Қазақ елінің татулық пен достықтың құтты мекені екенін дәлелдей түседі. Қанатты қос пырақ – қазақ санасындағы ертеден келе жатқан қиял. Ол еркіндікті, биік мақсаттарды ерекше сипаттап тұр. Елтаңбаның жоғары жағында тұрған жұлдыздың бейнесінде де кең ұғым, үлкен мағына бар. Қазақта «Жұлдызың жансын!», «Жұлдызың жарық болсын!». «Жұлдызың жарқырасын!» деген жақсы бата-тілектердің де барын білеміз. Осындай мән мен мағынаға толы асқақ Елтаңбамызды өмірге әкелген авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шота-Аман Уәлиханов.

Елтаңбамызда байырғы дүниетанымымыз, бай тарихымыз, философиямыз, өткен тағдырымыз, ғажайып асқақ рухымыз, келешектегі арман-аңсар, үмітіміз түгел қамтылған.

Ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке ие болған қазақ елі 34 жылда орасан жетістікке жетті. Бізді әлем таныды. Жүздеген жылда қол жеткізетін экономикалық, әлеуметтік табыстарды еліміз қысқа мерзімде жүріп өтті. Қазақстан ең алғашқы болып атом қаруынан бас тартқан бірден –бір мемлекет. Бұл біздің әлемге бейбітшілігімізді, достыққа құшақ ашқан, дарқан көңілімізді, қонақжайлығымызды білдіреді. Ең маңыздысы, Қазақстан халық достығы берік орнаған елге айналды.

Мемлекеттік рәміздер – біздің еліміздің  бет-бейнесі. Еліміздің дер­бестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын, мемлекетіміздің өткені мен бүгіні, болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын жеткізетін құнды белгі. Ол халқымыздың тарихы мен тағдырын, ұлы мақсаттарға ұмтылысын білдіреді.

Аспан түстес Туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының алдында желбіреп, халқымыздың мәртебесін биіктетсе, Әнұранымыз Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшыларының мерейін өсіруде.

Біз тәуелсіздік­ке аңсап, зарығып жеттік. Осы ретте, Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік айшықтарды құрметтеп, қастерлей білуге тиіс. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу мемлекет тәуелсіздігін құрметтеуді нығайтып, жасөспірімдердің отансүйгіштік сезімін қалыптастырады.  

Еліміздің әрбір азаматының бойынан рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді.

Бүкілхалықтық сипатқа ие болған Мемлекеттік рәміздер күні мерекесі баршамызды біріктіре тү­седі, ұлттық сананы қалыптастырады. Сондықтан да, тәуелсіздік­ке қол жеткізу тарихында төл рәміздеріміздің дүниеге келген сәті ерекше орын алады.

Мемлекеттік рәміздер тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы. Төл құндылықтарымыз  ізгі сезімдерді адамдардың жандүниесіне сіңіруге қызмет етеді.

Қазақстан Туымен тұғырлы, Ел­таң­басымен еңселі, Әнұранымен ас­қақ. Біз Тәуелсіздік тәбәрігін де, азат­тық рухын да, ел дамуының екпінін де, биік меже, асқақ армандарымыздың өлшемін де осы үш киеміз арқылы танимыз. Танытамыз!

Тәуелсіз елі, рухты,  батыр бабаларымыз аманаттап кеткен өз жері, тілі, ұлттық құндылығы, өзімізге ғана тиесілі төл рәміздеріміз бар біз бақыттымыз!

Осыны көзінің қарашығындай қорғап, сақтап, бізге аманаттап кеткен бабаларға қалай риза болмайсың?! Тек сол ұлы бабалар аманатына өз қолымызбен қиянат жасамасақ болғаны.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Елтаңба, Ту, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі. Еліміз үшін Көк байрағымыздың, Елтаңбамыз бен Әнұранымыздың мән-маңызы айрықша. Бұл құндылықтар бойымызға зор мақтаныш және жауапкершілік сезімін ұялатады» - деп атап көрсеткендей, тұлпар тұрпатты, шаңырақ бейнелі Елтаңбамыз еңселі, көк Туымыз биік болып, Әнұранымыз асқақ шырқалып, Тәуелсіздігіміз нығая берсін деп тілейміз.

Бақытымыз ұзағынан болсын десек, бейбіт аспан астында көк туымыз желбіреп, ана тіліміз тұғырына қонып, ұрпағымыз тілін, ділін, қазақы құндылығын құметтейтін ел болайық! Елін, жерін, тілін сүйетін, рәміздерін мақтан ететін, елімізде ғана емес, әлем аспанында көк туымызды желбірететін, Қазақ елін төрткүл дүниеге паш ететін жастарымыз көп болғай!

Намысымызды қамшылап, асқақ рух сыйлайтын Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеп, болашаққа бет алып, өркендеп-өсе берейік! Олай болса, Көк Туымыз – рухтың байрағы, Елтаңбамыз - елдіктің нышаны, Әнұранымыз – еркіндіктің асқақ үні!

Асан ТІЛЕМІСОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар