
Жалпы қосымшалар түрлі бағытта жұмыс істейді. Мәселен, оқу мен жазуды үйрету, математикалық есептерді шешу, тіл үйрену, сурет салу, музыкамен айналысу, тіпті денешынықтыру мен йога сияқты физикалық белсенділікті де қамтиды.
– Соңғы қоңырау соғылып, оқушылар ұзақ күткен жазғы демалысқа шыққан сәттен бастап-ақ олардың бос уақыты көбейе түседі. Жазғы демалыс балалар үшін демалып, жаңа нәрселер үйренуге, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға және өз қызығушылықтарын дамытуға таптырмас мүмкіндік. Дәл осы сәтте біздің орталықтағы үйірмелер ерекше белсенділікпен жұмыстарын бастайды. Жазғы демалыстың алғашқы күндерінен-ақ балаларымыз қосымшалар мен үйірмелерге үлкен қызығушылықпен қатыса бастайды. Біздің орталықта балалардың жан-жақты дамуына ықпал ететін түрлі бағыттағы қосымшалар қарастырылған. Атап айтсақ қолөнер және тігін, «Ерке сылқым» би үйірмесі, «Қазына» ұлттық аспаптар үйірмесі және қыз балаларға арналған аспаздық шеберлік пен кондитерлік үйірмелер қамтылған. Орталығымыздағы қосымшаларға мектеп жасындағы оқушылар ғана емес, жасөспірімдерде қатысады. Және де тек балаларға ғана емес, бойжеткен қыздарғада арналған «Сырғалым» атты қосымша клубымыз да бар, – дейді облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының бөлім басшысы Қымбат Қаржауқызы.
Орталықтағы қосымшалар мен үйірмелер әр баланың жеке қызығушылығы мен қабілетіне сай таңдалады. Балалардың жас ерекшеліктері мен бейімділігін ескере отырып, ата-аналар оларға лайықты әрі пайдалы үйірмені таңдап береді. Әрбір бала өзіне ұнаған және бейімі бар қосымшаны таңдаған кезде үйірмеге деген қызығушылығы артып, қатысуға деген ынтасы күшейе түседі. Сонымен қатар, баланың күн тәртібі мен отбасындағы жоспарлар ескеріліп, қосымша сабақтардың уақыты икемделеді.
– Біздің орталығымыздағы ата-аналардың да, балалардың да ерекше қызығушылығын тудыратын қосымшалардың бірі– «Қазына» ұлттық аспаптар қосымшасы. Бұл үйірме тек балалардың ғана емес, ата-аналардың да ерекше ықыласына бөленіп отыр. Қазіргі таңда «Қазына» үйірмесіне 17 бала тұрақты түрде қатысады. Үйірме орталығымыз ашылған күннен бастап үздіксіз жұмыс істеп келеді және жылдан-жылға оған деген қызығушылық артып келеді. «Қазына» үйірмесі ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті арттырып қана қоймай, сонымен қатар балалардың эстетикалық, музыкалық қабілеттерін дамыту үшін жүйелі жұмыс істеп келеді. Үйірме барысында балалар халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрлі музыкалық аспаптарымен танысады. Атап айтқанда, домбыра шертуді, ұлттық ән-күйлерді орындауды, қазақ әуендерін балаларға үйретуді мақсат етеді. «Қазына» үйірмесі балалардың өнерге деген қызығушылығын оятып, сахналық мәдениетке баулиды, – дейді Қ.Қаржауқызы.
Жазғы демалыс балалар үшін жаңа нәрсені үйренуге, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және уақытты тиімді өткізуге таптырмас демалыс. Осы уақытты мазмұнды да пайдалы ету мақсатында ұйымдастырылған жазғы қосымшалар балалардың жан-жақты дамуына бағытталған маңызды құрал.
Сымбат ҚУАНЫШ