Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жамбылдық жеткіншектер көш басында

Жамбылдық жеткіншектер көш басында
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялайтын кезде «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген болатын. Тегінде еліміздің болашағын жарқын ететін білімді ұрпақ. Сол себепті алғыр ұрпақ тәрбиелеу – басты мұратымыз. Осы тұрғыда өңіріміздің дарынды жеткіншектері өздерінің қарым-қабілетін дамытып, білім жолында биік белестерді бағындыруда.

2024-2025 оқу жылында да облысымыздағы дарынды оқушылар әртүрлі бағыттағы байқаулар мен олимпиадаларда өз білімдерін дәлелдеп, республикалық, халықаралық деңгейлерде облыс намысын абыроймен қорғап шықты. Облыс әкімдігі білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының директоры Майра Есеналиеваның айтуынша, өңіріміздің дарынды өрендері осы жылы халықаралық және республикалық білім додаларында жалпы 464 медальға ие болған.

– Қоржынға түскен медальдардың ішінде 77-сі халықаралық деңгейдегі сайыста қол жеткізген олжа болғандықтан бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Себебі бұл жүйелі жұмыстың, табанды еңбектің және ұжымдық үйлесімділіктің нақты нәтижесі. Білім мен ғылым саласындағы жүйелі жетістіктердің бірі – республикалық ғылыми жобалар байқауы. Өткен оқу жылында осы байқауға облыстан 47 оқушы қатысып, оның 35-і 3 алтын, 15 күміс, 17 қола еншілеп, жүлделі орындарға ие болды. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша біздің облыстың командасы «Ең үздік команда» атанып, бірінші орынды иеленді. Ал жаратылыстану-математика бағытындағы команда екінші орынға қол жеткізді. 2-7 сынып оқушылары арасындағы республикалық «Зерде» конкурсында да жас зерттеушілеріміз жоғары нәтиже көрсетті. Бұл додада 6 алтын, 11 күміс, 6 қола медаль жеңіп алды. Ғарыш тақырыбында ұйымдастырылатын халықаралық «Ғылым әлемін ашамыз» байқауында 7 оқушы 4 күміс, 3 қола медальді олжалап, жүлдегер атанды, – деді Майра Аманқұлқызы.

Сондай-ақ ол Өмірбек Жолдасбеков атындағы математика және механика саласы бойынша өткен халықаралық ғылыми жобалар байқауы туралы да кеңінен әңгімеледі. Осы додаға облыс атынан 4 оқушы қатысып, оның үщеуі 1 күміс, 2 қола жеңіп алған.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілетін пәндік олимпиадалар да жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Мәселен, 5-6 сынып оқушылары арасындағы республикалық кезеңге 16 оқушы қатысып, олардың 13-і жеңімпаз атанған. 7-8 сыныптар арасындағы олимпиадада 7 оқушы жеңіске жетіп, командалық есепте үшінші орынды иеленген екен.

Жаратылыстану-математикалық бағыттағы 9-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық олимпиадада 34 оқушы бақ сынап, 3 алтын, 2 күміс, 10 қола медаль еншілепті. Қоғамдық-гуманитарлық бағытта 25 оқушы қатысып, олардың 17-сі 5 алтын, 4 күміс, 8 қоланы қанжығаларына байлаған.

Жалпы білім беру пәндерінен өткізілетін олимпиадалар – оқушылардың ойлау қабілетін шыңдайтын, ғылымға деген қызығушылығын арттыратын маңызды алаң. Облыс командасы биылғы оқу жылы «Ең үздік олимпиадалық команда» атанып, бірінші орынды иеленгенін сүйіншілеп айтуға болады.

Пәндік олимпиадалар қорытындысы бойынша бірқатар оқушы ерекше жетістіктерге жеткен екен. Атап айтсақ, «Білім-Инновация» лицейінің оқушысы Ғабиден Сабыралы Қазақстан тарихы пәнінен, ал Дарын Шәріпбек ағылшын тілі пәнінен ең жоғары ұпай жинап, абсолюттік жеңімпаз атаныпты. Өрендеріміздің жеңісі – өз мектептерінің ғана емес, тұтас облыстың мәртебесін көтерген көрсеткіш. Сонымен қатар Қордай ауданындағы Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Айдина Ғабидин «Үздік ауыл мектебінің оқушысы» номинациясымен марапатталып, ауыл балаларының да үлкен мүмкіндіктерге ие екенін дәлелдеген.

– Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша өңірімізден 5 мектеп «100 үздік мектептің» қатарына енді. Тарқатып айтқанда, бұл тізімге дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейі, Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейі, Тараз қаласындағы №41 гимназия, Жамбыл ауданындағы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясы, Тараз қаласындағы Ж.Жабаев атындағы №5 гимназия кірді.

Облыстағы білім беру мекемелерінің республикалық деңгейде өзін мойындатып жатқаны – білім беру ұйымдарындағы оқыту мен тәрбиенің жүйелі жүргізілуінің нәтижесі деп білеміз. Мектеп пен отбасының ынтымақтаса жұмыс істеуінің нақты жемісі осы, – дейді Майра Есеналиева.

Бұдан бөлек, шалғай елді мекендердегі дарынды балаларды қолдауға бағытталған республикалық олимпиадаға облыстан 50 оқушы қатысып, 24-і жеңімпаз атанса, бұл білім бәйгесінде білімді балаларға 2 алтын, 10 күміс, 13 қола бұйырды.

Халықаралық деңгейдегі жетістіктер де мақтан тұтарлық. 2024 жылы қазақстандық оқушылар ең беделді 7 халықаралық олимпиадада 26 медаль иеленсе, соның екеуін Әулиеата өңірінің оқушылары жеңіп алған.

Атап айтқанда, «Дарын» лицей-интернатының оқушысы Жомарт Сабыр география пәнінен Сербияның Белград қаласында өткен Еуропалық олимпиадада және Ирландияда өткен халықаралық олимпиадада қола медаль иеленді. «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Шарел Марғұлан математика пәнінен Ұлыбританияның Бат қаласында өткен олимпиадада күміс медальды олжалады.

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздарына 5 миллион теңге көлеміндегі біржолғы сыйақы берілді. Қаржылай қолдау оқушының еңбегіне, мұғалімнің табандылығына және дарындыларды қолдауға берілген үлкен серпін.

Сондай-ақ дүниежүзі тарихынан Елордада өткен олимпиадада «Білім-Инновация» лицейінің оқушысы Нұрқанат Қанат абсолюттік чемпион атанып, Париж қаласына жолдама алды. Тараз қаласындағы №13 орта мектептің оқушысы Бекарыс Қуанышев философия пәнінен Италияның Бари қаласында өткен халықаралық олимпиадаға қатысты. Ал Ташкентте өткен Әл-Хорезми атындағы халықаралық олимпиадада Абдурахман Айдайбек күміс медаль жеңіп алды, – деген Майра Аманқұлқызы өрендеріміз робототехника мен ІТ жобаларына да белсенді қатысып, өздерінің тың идеялары мен заманауи ойлау қабілетін дәлелдей білгенін тілге тиек етті.

Нақтылап айтсақ, Астана ІТ университетінің ұйымдастыруымен өткен «Smart City» технологияларына арналған республикалық ІТ жобалар конкурсында дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей оқушылары Анель Құмқай мен Дулат Исабек университет грантына ие болыпты. Сол секілді «Roboland-2025» халықаралық фестиваліне қатысқан 4 команда да жүлделі орынмен оралып, халықаралық деңгейде де өздерінің бәсекеге қабілетті екенін көрсеткен. Сонымен қатар Астана қаласында өткен «INFOMATRIX-ASIA» халықаралық компьютерлік жобалар конкурсына қатысқан 14 оқушының 12-сі жүлделі орынмен марапатталған.

Тараз қаласындағы №41 гимназияның 11-сынып оқушылары «STEM – білім берудегі инновация» халықаралық олимпиадасында бас жүлде иеленсе, №40 гимназияның оқушылары алтын медалды қанжығаларына байлаған.

Алматы қаласында өткен XVI Еуразиялық информатика олимпиадасының халықаралық кезеңінде «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушылары Марғұлан Шарел, Сұңғат Серікбай, Ердәулет Тангиркул күміс медальмен марапатталыпты.

– «Жаңа заман баласы тек академиялық біліммен шектелмеуі тиіс. Бүгінгі таңда ІТ, бағдарламалау, жасанды интеллект, робототехника бағытындағы білім – болашақтың кілті. Біздің балалар бұл салаларда да үздіктер қатарында екенін дәлелдеп отыр.

Орталық жаратылыстану немесе техникалық бағыттарды ғана емес, гуманитарлық және көркем шығармашылық салаларды да қатар алып жүреді. Содан да болар облысымыздың шығармашыл әрі талантты жастары жетістіктен кенде емес. Өнерлі өрендер көркем сөз оқу, поэзия, өнер мен әдебиет саласындағы байқауларда да биіктерден көріне білді. Абай, Мағжан, Ілияс, Әбіш оқулары сияқты ұлт руханиятына арналатын дәстүрлі байқауларға 109 оқушы қатысып, 78-і жүлдегер атанды.

Астана қаласында өткен «Ақберен» өнер байқауы, Семейдегі «Абай оқулары», Маңғыстаудағы «Әбіш оқулары» сынды республикалық жарыстарда Жамбыл облысы командалық есепте үздік нәтиже көрсетіп, «Ең үздік команда» номинациясына лайық деп танылды, – деді Майра Есеналиева.

Сол секілді «Ана тілі» республикалық зияткерлік олимпиадасына қатысқан Алина Маймышева Британдық «Coventry» университетінің грант иегері атанып, халықаралық деңгейде де мойындалған екен. Бұдан бөлек, Өскеменде өткен Қанипа Бітібаева атындағы республикалық байқауға 9 оқушы қатысып, 8-і жеңімпаз атанған. Сондай-ақ V республикалық «Абайтану» олимпиадасына өңірімізден 8 оқушы қатысса, 7 өрен жүлдемен оралған.

Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар шығармашыл дарынды балаларға арналған «Шексіз өмір» республикалық фестиваліне қатысқан 8 оқушының төртеуі жеңімпаз атанып, облыстың инклюзивті білім беру бағытында да алда келе жатқанын көрсетті.

Тараз қаласында өткен IX республикалық «Шерхан Мұртаза оқулары» да өңіріміз үшін маңызы зор шара болды. Бұл байқауда еліміздің түкпір-түкпірінен келген 50-ге жуық оқушы ақындық өнерімен, ғылыми ізденістерімен және теориялық білімдерімен сынға түсті.

«Ел үміті» корпоративтік қоры аясында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар да жамбылдық жастардың дамуына үлкен серпін беріп отыр. Бес жылдан бері іске асып келе жатқан «Мың бала» ұлттық олимпиадасына соңғы үш жылда қатысқан 32 мың оқушының 467-сі жеңімпаз атанса, оның ішінде 2024 жылы – 126, биыл 110 оқушы оза шапқанын ерекше атап өтуге болады. Қазіргі таңда 318 жеңімпаз арнайы мамандандырылған мектептерге қабылданып, жаңа сапалы білім алу мүмкіндігіне ие болып отыр.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар