Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Үміт отын жаққан орталық

Үміт отын жаққан орталық
Автор
Мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығын оңалтудың тың тәсілдерінің бірі иппотерапия десек, қателеспейсіз. Иппотерапия – жан-жануар арқылы емдеудің бір тармағы. Бұл – атқа міну арқылы жүйке жүйесін, тірек-қимыл аппаратын және психоэмоционалды жағдайды жақсартатын әдіс. Бүгінде оның тиімділігі ғылыми түрде дәлелденіп, әлемнің көптеген елінде, соның ішінде Қазақстанда да үлкен сұранысқа ие болып тұр.

Облысымызда алғаш рет иппотерапия орталығы Тараз қаласында ашылды. Қазіргі таңда бұл орталыққа күніне 20-25 бала қабылданып, иппотерапиядан өтеді.

Тараз қаласындағы орталықта аталған қызмет 2012 жылдан бері көрсетілуде. Осы уақыт аралығында жүздеген бала ем қабылдаған. Орталықтың координаторы Айжан Төлепбергенованың айтуынша, соңғы бір жылдың өзінде 100 бала қамтылып, олардың 36-сы айтарлықтай оң нәтиже көрсеткен.

– Бізде 3 ат, 1 пони бар. Күніне 20-25 бала 15-20 минуттан иппотерапиядан өтеді. Қыста бұл уақытты 10-15 минутпен шектейміз. Өйткені балалардың денсаулығы үшін күн райы мен орта өте маңызды.

Жылқымен ем қабылдайтын балалар көп. Ал жылқылар жеткіліксіз. Қазіргі таңда тек бір ғана орталық жұмыс істеп тұр. Жеке кәсіпкерлердің орталықтары болғанымен, олар мүмкіндігі шектеулі балалармен нақты жұмыс істемейді. Бізде арнайы мамандар, медициналық қызметкерлер, атқа үйретушілер және психологтар жұмыс істейді, – дейді Айжан Төлепбергенова.

Айжан Богданқызының сөзіне сүйенсек, орталық жылына кемінде 40 баланы қабылдауы тиіс. Алайда сұраныстың жоғары болуына байланысты 60-70 балаға дейін қабылдауға тура келеді. Бұл – ата-аналардың да орталыққа деген сенімінің айғағы.

– Бұрындары церебралды сал ауруына шалдыққан балалар жиі келетін. Қазір олар есейгендіктен, орталыққа келетіндердің басым бөлігі аутист балалар. Атпен емдеу олар үшін өте пайдалы. Бұлшықеттері босап, қозғалыс белсенділігі артады. Көп ата-аналар «бала бұрын жүрмейтін еді, енді қозғала бастады», «есте сақтау қабілеті жақсарды», «балам сөйлеуді бастады» деп қуанып жатады, – дейді Айжан Төлепбергенова.

Қазіргі таңда орталықта «Ten Qogam» жобасы аясында тек иппотерапия емес, 16 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі 250 адамға бағытталған 5 түрлі кәсіптік курс та жүргізіледі. Олар – массаж, визаж, аспаздық, графикалық дизайн және шаштараз өнері. Сонымен қатар сурет, тігін, вокал және биден 20 психоневрологиялық ауытқуы бар балаға арнайы бағдарлама әзірленген.

Иппотерапиядан өту үшін ата-аналар жергілікті емханадан баланың мүгедектігі туралы анықтама, «БКК» комиссиясының рұқсаты, мүгедектік куәлігі мен бір ата-ананың жеке куәлігін алып келуі қажет.

– Иппотерапия – жүйке жүйесіне әсер ететін ерекше терапия. Ат үстінде отырғанда бір мезетте адам денесіндегі жүзге жуық бұлшықет іске қосылады. Бұл тірек-қимыл жүйесін жақсартып қана қоймай, ұсақ моториканы да дамытады. Әсіресе сөйлеу қабілеті әлсіз, эмоционалды дамуы кешеуілдеген балаларға көп көмегі тиеді, – дейді орталық мамандары.

Тараз қаласындағы иппотерапия орталығы – мүмкіндігі шектеулі балалар үшін үлкен үміт сыйлаған орын. Мұнда балалар тек ем алып қана қоймай, әлеуметтік ортаға бейімделіп, өз-өзіне деген сенімі артады. Айгерім Дәулетбаева бастаған ұжымның жұмысы – нағыз жанашырлықтың көрінісі. Мұндай орталықтардың санын арттыру – уақыт талабы. Себебі, жылқы арқылы емделу тек физикалық ғана емес, рухани серпіліс сыйлайды.

Орталықтың қызметіне оң бағасын беріп жүрген ата-аналар аз емес. Солардың бірі – Тараз қаласының тұрғыны Раушан Дербісәлиева. Оның екі ерекше баласын иппотерапияға әкеліп жүргеніне үш жылдан асыпты.

– Балаларымның бірі – 11, екіншісі 12 жаста. Екеуінің де диагнозы – аутизм. Бұл орталыққа келген алғашқы кездері балалар аттан қатты қорқатын, тіпті агрессиялық мінез байқалатын. Бірақ орталықтағы психолог пен инструкторлардың тынымсыз еңбегінің арқасында қазір атқа өздері сенімді мініп, серуендейді. Үш жылда жақсы өзгерістер байқадық. Мұнда тек ем алып қана қоймай, балаларымыз өзгеше ортаға бейімделіп келеді, – дейді Раушан Мұхтарқызы.

Орталық ұжымы балалардың жай ғана емделіп кетуін ғана емес, олардың әрқайсысының мейірім мен қуанышқа бөленуін де басты назарда ұстайды. Биыл 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, балаларға сыйлықтар таратуды жоспарлап отыр.

 

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар