Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көппартиялық жүйе бәсекелестікке жол ашады

Көппартиялық жүйе бәсекелестікке жол ашады
Автор
Еліміздегі көппартиялық жүйе тәуелсіздік алғаннан кейін орнады. Себебі, ел таңдаған демократиялық жолда көппартиялық жүйенің болуы заңдылық болатын. Бұл жағдай республиканың өркендеуіне, қоғамның демократиялануына, экономиканың және халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына оң ықпал етті. Көппартиялықтың қалыптасуы, заңнамалық тұрғыда жетілуі, жаңаруы 1996 жылы қабылданған «Қоғамдық ұйымдар туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарда көрініс тапты.

Партия қоғам мен мемлекет арасындағы дәнекер буын қызметін атқарады. Партия халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға тиіс.

«Партия» термині латынның «partis» деген сөзінен шыққан, бөлу, бөлік деген мағынаны білдіреді. Партиялар тарихына үңіліп көрсек, тарихтағы алғашқы саяси партиялар Ежелгі Грецияда құрылған екен. Ол кезде партиялардың мүшелері тым аз, ұстанымдары айқын емес, тұрақтылығы жоқ, шашыраңқы топтардан құралған болса керек. Ежелгі Грециядағы партиялардың басты мақсаты негізінен құлдар мен құл иеленушілер арасындағы мәселелерді шешу болды. Бірақ шексіз әкімшілік билеген дәуірде олардың айтарлықтай маңызы болмады. Ежелгі Римде партия деп өз көзқарастарын заңды айта және қорғай білетін еркін римдіктер қауымдастығы аталды.

Қазіргі заман түріндегі партия Батыс Еуропа және Солтүстік Америка елдерінде 17 ғасырдың аяғы – 18 ғасырдың басында қалыптасқан. Негізінен партиялар 19 ғасырдың екінші жартысында ғана әлемдегі өз орнын айқындап, мемлекеттік құрылымдағы негізгі күштің иесіне айнала бастаған.

Ресейде саяси партиялардың пайда болуын 19 ғасырдың ортасы – 20  ғасырдың басына жатқызады. Партиялардың құрылуына сол кездегі буржуазиялық революциялар да әсер ете бастады. Жұмысшы тобының ұйымшылдығы көбейді. Саясатқа көптеген адамдар қосылып, әлеуметтік қайшылықтар шиеленісе бастады. Осыған байланысты саяси партиялардың рөлі одан әрі өсті. Олар саясаттың негізгі субъектісіне айналды.

Ал, Қазақстанда рулық белгілер бойынша партиялар болған. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов Қазақстанда саяси партия құруға ұмтылған алғашқы саяси қайраткер болды. Ол 1905 жылы кадеттер партиясына мүшелікке кірді. 1905 жылы қарашада Мәскеудегі Бүкілресейлік жергілікті жер және қала қайраткерлерінің съезіне қатысады. 1905 жылдың аяғында Орал қаласында 5 облыс делегаттарының съезінде «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» кұру туралы бастама жасаушылардың бірі болды.

1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін қазақтың ұлттық интеллегенциясы саяси қызметін күшейітті. 1917 жылдың сәуір айында Орынбор қаласында Орал, Ақмола, Семей, Сырдария облыстары және Бөкей Ордасы өкілдерінің қатысуымен Торғай облыстық қазақ съезі өтті. Съезге 300-ден астам адам қатысқан. Съездің бағдарламасына мемлекеттік басқару нысаны және құрылтай кеңесі, азаматтық комитеттер туралы мәселелер және басқалары енді. 1917 жылы елде  большевиктік  топтар құрылды.

1917 жылдың 21-23 шілде күндері Орынбордағы жалпықазақ съезінде «Алаш» партиясын рәсімдеу өткізілді. 1917 жылдың күзінде Қазақстанда тағы да бір ұлттық-саяси ұйым – «Үш жүз» қазақ социалистік партиясы пайда болды. Бұл партиялардың саяси тағдырлары әрқилы. Олардың көпшілігі азаматтық соғыс және большевиктік тәртіп нәтижесінде саяси сахнадан түсіп қалды. Сол кездегі партиялардың, халықтың билікке ықпал етіп, тіпті билікті өз қолына алуына революциялардың да әсері аз болмады.

Кеңес Одағының коммунистік партиясы елде билік құраушы жалғыз партияға айналды. Барлық республикаларда, оның ішінде Қазақстан да бар бір мезгілде кеңестік республиканың коммунистік партиялары жұмыс жасады, олардың басшылары партияның жоғары саяси органы, Саяси Бюроны құрады. Кеңес Одағының Коммунистік партиясы 1991 жылдың күзіне дейін жұмыс жасады. Оның таралуы бүкіл кеңестік мемлекеттік жүйесінің ыдарауына алып келген қайта айналмайтын саяси үдерістермен тығыз байланысты болды.

Тарихтың әр бедерінде, әр кезеңде замана ағымына қарай құрылған партиялардың нәтижесінде қазіргі таңдағы біз үшін өте маңызды демократиялық құндылықтар қалыптасты.

Жекелеп айтар болсақ, біріншіден, жалпыға бірдей сайлау және сайлану құқығы берілді. Екіншіден, мемлекеттік басқарудың парламенттік жүйесі, яғни парламентаризм дүниеге келді. Үшіншіден, партиялардың құрылуы арқылы бұқараның саясатқа қатысу аясы кеңейді. Төртіншіден, әлеуметтік топтардың ұйымшылдығы артып, әлеуметтік қайшылықтарды шешудің тың жолы ашылды. Бұл жағдайлар әлемдегі партиялардың рөлін өсіріп, партиялық жүйесіз ел басқару мүмкін емес екенін әйгіледі.

Ал, тәуелсіз Қазақстанда саяси қоғамдық бірлестіктерінің қызметі 1991 жылы қабылданған «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасындағы қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңымен реттеліп, республика аумағындағы барлық қоғамдық бірлестіктер қайта тіркелді. Кейіннен партия мен қоғамдық қозғалыстардың дамуы мен жұмыс істеу ережесі 1995 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Ата Заңмен, 1996 жылғы Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңымен және 2002 жылғы «Саяси партиялар туралы» Заңымен реттелетін болды.

Біздің осы көрсетілген Заңдарымыз бойынша «Азаматтардың, әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін мемлекеттік биліктің өкілді және атқарушы, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында білдіру және оларды қалыптастыру ісіне қатысу мақсатында олардың саяси еркін білдіретін Қазақстан Республикасы азаматтарының ерікті бірлестігі саяси партия деп танылады» делінген.

«Саяси партиялар туралы» Заңда партиялардың құрылу, қызметін уақытша тоқтату және мүлде тоқтау тәртіптерін құқықтық реттеу, партияны қаржыландыру, сайлау процесіне қатысу сияқты партиялардың қызмет ету тәртібінің жаңа шарттары бектілді.

Жалпы, Қазақстандағы саяси партиялар институтының дамуын шартты түрде төрт негізгі кезеңге бөлуге болады.

Бірінші кезең 1990 жылдан 1995 жылға дейінгі кезеңді қарастыру керек. «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасындағы қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңның қабылдануы, Қазақстан Компартиясының саяси аренадан кетуі, Кеңес Одағының ыдырауы елімізде көппартиялық жүйенің қалыптасуына алып келді. Республиканың саяси өмірінде «Қазақ КСР-індегі коғамдык бірлестіктер туралы» заны айтарлықтай рөл атқарды. Ол азаматтарға қоғамдық ұйымдар құру еркіндігіне кепілдік берді. Биресми саяси партиялар мен бірлестіктер занды жүмыс істеуіне мәртебе алды. Олар тіркеуден өткеннен кейін халық депутаттығына талапкерлерді ұсынуға құқы болды. Республикадағы алғашқы коғамдық-саяси құрылымдар Коммунистік партияға оппозиция ретінде пайда болды. 1990 жылдың аяғында құрамында көптеген коммунист бар Қазақстан коммунистік партиясы сан жағынан ең көп саяси күш болды. Дегенмен, елде компартияға деген халықтың сенімі азая бастады. Бұл жағдай компартияның беделінің түсуіне, әлсіреуіне айтарлықтай әсер етті. Көптеген компартия мүшелері өз еріктерімен партия қатарынан шығып жатты.

Екінші кезең 1995 жылдан 1999 жылдар аралығын қамтыды. 1999 жылы өткен Мәжіліс сайлауы депутаттық мандат үшін партияаралық бәсекелестіктің алғашқы тәжірибесі болды. 1993 жылдың соңында Қазақстанда 4 саяси партия тіркелді. Олар, Социалистік партия, Қазақстанның Республикалық партиясы, Қазақстанның Халық конгресі және Коммунистік партия. 1995 жылы қаңтарда Қазақстанның Өрлеу партиясы, 1995 жылдың басында Қазақстанның Аграрлық партиясы, 1995 жылы жазда Қазақстанның Демократиялық партиясы құрылды. Ал, 1999 жылғы қаңтарда «Отан» партиясы құрылды. Бұл партия сол кездегі еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың президенттікке кандидатурасын қолдау үшін қоғамдық штаб негізінде құрылған болатын. Қазақстандағы саяси жүйені жетілдіріп, партияларды ірілендіру үшін «Отан» өзімен мақсат-мүддесі бір «Асар» «Азаматтық» және «Аграрлық» партиялармен бірігуі нәтижесінде қайта құрылды.

Қазақстан Республикасы Парламентінің 1998 жылы 7 қазанда Қазақтан Республикасы Конституциясына партиялық тізім бойынша сайлауды елдің сайлау жүйесіне енгізуі партиялық құрылыс процесстерін тездетті. Соның нәтижесінде, 1999 жылы елімізде 14 саяси партия мен 30-ға жуық саяси қоғамдық қозғалыстар мен бірлестіктер пайда болды. 2000 жылы республикадағы ресми тіркелген партиялар саны 15-ке жетті.

Елдің партиялық жүйесінің қалыптасуы мен дамуының үшінші кезеңі 2002 жылғы шілдедегі «Саяси партиялар туралы» жаңа Заңның қабылдануымен және 2004 жылғы Парламент сайлауымен тікелей байланысты. Жаңа заңның қабылдануы елдің партиялық жүйесін одан әрі құрылымдық жағынан сапалы түрде өзгертті.

Ал, төртінші кезең – Қазақстанның партиялық жүйесінің дамуының қазіргі кезеңі. Бұл кезең 2007 жылғы 21 мамырдағы қабылданған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңы және 2009 жылы ақпандағы «Саяси партиялар туралы» заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардан кейінгі оқиғалардан бастау алады. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, елдегі саяси партиялардың мәртебесі мен рөлі күшейді.

2006 жылы желтоқсан айында «Отан» партиясының 10-съезінде партияның аты «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы болып өзгертілді. 2007 жылы тамызда өткен Парламент сайлауында «Нұр Отан» партиясы айқын басымдылықпен жеңіске жетіп, билік партиясы аталды. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті партия төрағасы болды.

Одан кейін 2022 жылғы наурыздағы партияның съезінде Мемлекет басшысы, партия төрағасы  Қасым-Жомарт Кемелұлы партияның атауын «Аманат» партиясы деп атауды ұсынды. «Аманат» партиясы құрамында ең көп мүшесі бар, саяси жағынан тәжірибелі әрі билік партиясы ретінде еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келе жатқан көшбасшы партияның біріне айналды.

Жалпылай алғанда партиялық жүйенің не екенін түсіндірер болсақ, партиялық жүйе деген ел азаматтарының, яғни әлеуметтік топтың мемлекетке, мемлекеттік билікке, саяси институттар мен ұйымдардың көмегімен ықпал етіп, өзіндік саяси көзқарасын жалпыға ортақ етуін айтамыз. Қоғамның экономикалық даму деңгейі, түрлі әлеуметтік күштердің бір-бірімен байланысы, қоғамдағы түрлі топтардың проблемаларының шиеленісуі, халықтың этникалық құрамы, діні мен тілімен ерекшеленуі, салт-дәстүрін сақтау жолындағы күресі партиялық жүйенің құрылуына ықпал етеді. Өткен ғасырдың басында «Алаш» партиясы қазақтың жоғын жоқтау үшін құрылды. Одан кейінгі саяси ұйымдардың бәрінің де сондай миссиясы болғаны рас.

Қазіргі таңда қазақ мемлекеті жас әрі тұрақты даму жолында түскен мемлекет. Бағыт бағдары айқын бірқатар партиялар жұмыс жасап жатыр. Ол партиялардың әрқайсысының өз алар орны бөлек. Мәселен, еліміз егемендік алған алғашқы жылдары елде шаңырақ көтерген партиялардың кейбірі шынайы партиялық жүйені ұстана отырып, ұзақ жылдар бойы мемлекет үшін жұмыстар істеді. Ал, кейбірінің құрылуынан құлауы, атқарған жұмыстарынан айтқан сөздері көп болды. Халық үшін ештеңе істей алмады. Ондай партиялар ел есінде де қалған жоқ. Өйткені, замана доңғалағы тынымсыз зулаған мына заманда ел үшін еңбек ете алмасаң ешкімге керек емессің. Бос айқай мен ұран, алаулатып, жалаулатқан  жиналыстар мен отырыстар ештеңе шешпейді. Сондықтан, партия ретінде құрылғаннан кейін, партиялық жүйе мен ұстанымда берік тұрып, шынайы жұмыс жасау керек.

Мәселен, «Нұр Отан» партиясы мен әр облыстардағы партияның филиалдары халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін атқарып келді. Мүмкін елдегі бас партия әрі билік партиясы болғандықтан болар, өзге партиялар көп ел көзіне түсе бермеді. Көш жүре түзеледі дегендей, қазір елдегі саяси партиялар барынша қалыптасқан, өзінің ұстанымы, мақсаты бар, бағдарламасы толыққанды, ірі саяси додаларға дайын партиялар саналады. Демократиялық даму жолында еліміз көппартиялы ел болуды қалады. Қазірдің өзінде ел Парламентінде түрлі партиялардың өкілдерінің отыруы бізге біраз жайттан хабар береді. Бұл тек қана билік партиясының ғана емес, өзге де саяси партиялардың ел өміріне, мемлекет билігіне араласып, шынайы көппартиялық жүйенің қалыптасуына жағдай жасаумен қатар, елдегі демократияның орнығуына, нығаюына берік негіз қалады.

Ата Заңда көрсетілгендей саяси партияның бұқара атынан билік жүргізуге құқығы жоқ. Саяси партиялардың бәрі де заң алдында бірдей. Солай бола тұра партияның билікке ықпалы болашақта күн санап өсе түсетін болады. Өйткені, Қазақстан Республикасының азаматтарына көзқарастары мен ұстанымдарына қарай, түрлі саяси партияларға топтасу еркіндігі берілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан» жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғыру бағдарламасын ұсынып, партиялық жүйені дамыту, саяси алаңда еркін бәсекелестікті қалыптастыру үшін Үкіметке бірқатар міндеттер жүктеген болатын.

Өз сөзінде ел Президенті: «Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алады. Осыған байланысты, біз партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайды жағдай жасауымыз керек. Партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есеге - 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады» - деп атап көрсетті.

Бұл Жолдау мән-маңызы айрықша, арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейтін, ауқымы кең, мазмұнды, қазақстандықтармен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кіріскен құжат болды. Еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғыртуға арналған бұл Жолдауда саяси жүйеміздің жаңа жағдайларға бейімделу керектігі айтылды.

Сонымен қатар, «Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Сол себепті мен «Аманат» партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім. Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет. Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз. Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да заңнамаға енгізген жөн. Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанатынын көріп отырмыз. Сол себепті әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазымды иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді» - деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елдегі саяси партиялардың арасындағы бәскелестік әділ жүруі үшін өзі төрағалық еткен «Аманат» партиясындағы өкілеттігін тоқтатты.

«Мен бұған дейін партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгінен бастап «Аманат» партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда Президент сайлауында маған сенім артып қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтқым келеді. Сондай-ақ, жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін», - деген еді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, көппартиялық жүйеде бәскелестік әділ болу үшін барлық деңгейдегі әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарына төрағалық етуге тыйым салынды.

Қазақстан қазір аяғынан нық тұрған мемлекет. Мәңгілік ел болуды мақсат тұтатын Қазақ елі қашан да елдегі саяси жүйенің орныққан, тұрақты жүйеде болғанын назарда ұстайды. Оның үстіне, өзіміз айтып отырғандай Қазақстан қазіргі таңда әлемдік аренада орныққан, төрт аяғын тең баса алатын демократиялы ел болып қалыптасқалы аз уақыт болған жоқ. Тіпті әлемдік ірі оқиғаларда алпауыт елдердің өзі Қазақстанмен санасып жатады. Біз бұның бәрін құр мақтан емес, шын мәнінде елдегі саяси жүйенің қалыптасқанының айқын дәлелі деп толыққанды айта аламыз.

Ия, Қазақстан мемлекеті тәуелсіздің алып, бірпартиялық тотолитарлық жүйені ыдыратып, демократиялық принциптер негізінде қызмет істейтін сан алуан партиясы бар елге айналғанына отыз жылдан аса уақыт өтті. Осы жылдар ішінде жоғарыда айтқандай, түрлі партиялық ұйымдар құрылды. Алдағы уақытта да, талай саяси ағымдар ел мүддесіне сай партия құра беретіні айқын.

Көппартиялы Қазақстанда саяси партиялар адамзаттың ілгерлеуінің маңызды күші ретінде дұрыс бағытты белгілеп, әлеуметтік, саяси және экономикалық мәселелерді, қарапайым қазақстандықтардың өмірін қарышты қадамдармен жақсартуды сындарлы жолмен шешуге нақты іс-қимыл арқылы ықпал жасауы қажет деп білеміз.

Ең бастысы, халықтың әл-ауқатының артуын, адамзаттың алға жылжуын қамтамасыз ету, тәуелсіз, гүлденген, демократиялық және азат Қазақстан құру, әрбір азаматтың лайықты өмір сүруі жолында қызмет етіп, өздерінің тарихи жауапкершіліктерін мойынына алу керек. Әрбір саяси партияның мақсаты мен мүддесі осы болмақ.

Алдағы уақытта бір ескеретін жағдай, бұқара арасында партия жайлы, оның халық алдындағы қызметі жайлы ортақ түсінік қалыптастыру үшін кеңінен түсіндіру жұмыстары жолға көбірек қойылса. Ортақ түсінік болмағаннан кейін ескікөз аға буын өкілдері баяғы ескі компартиясын аңсап, Кеңес Одағы кезеңіндегі партиялық жүйенің жасаған істерін санамалап, тоталитарлық заманның әлдебір жақсылықтарын тізбелеп айтып жүретінін кейде естіп жатамыз.

Сондықтан, сонау ХХ ғасырдың бас кезіндегі «Алаш» партиясынан бастап, осы кезеңге дейінгі партиялар мен саяси ұйымдардың әр ісін саралап, тарихын түсіндіріп, демократиялық құндылықтарды қастерлеп отырсақ нұр үстіне нұр болары анық.

 

Асан ТІЛЕМІСОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар