Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Қарызсыз қоғам» қиындықтан құтқара ма?

«Қарызсыз қоғам» қиындықтан құтқара ма?
Автор
«Қарызсыз қоғам» жобасы еліміздегі қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтарды қолдау, олардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында қолға алынған. «AMANAT» партиясы мен «Halyk Bank»-тің бірлескен жобасы биыл облысымызда үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда.

Қаржылық қиындықтардан көз ашпай, қарызын қарызбен жауып, несиесін өтеуге шамасы жетпей жүрген азаматтар үшін «Қарызсыз қоғам» жобасы – үлкен мүмкіндік әрі қолдау. Жарқын жоба – «AMANAT» партиясының бастамасы әрі негізгі басым бағыттарының бірі. Осыған орай партияның облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов жобаға қатысты кеңірек тоқталып, оның көздеген мақсаты мен міндеттерін жан-жақты түсіндіріп берді.

– Сананы тұрмыс билеген бүгінгідей қоғамда азаматтардың қаржылық жағынан сауатты болғандары абзал. Сондықтан өткен жылы «AMANAT» партиясы мен «Halyk Bank» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, өңір тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында «Қарызсыз қоғам» жобасы басталған еді. Ол бастамамыз өз нәтижесін де берді. Тілге тиек ете кетерлігі, өткен жылы біз «Halyk Bank»-пен ғана бірлесіп жұмыс істедік. Биыл тағы екінші деңгейлі 11 банкпен жұмыс істейтін боламыз. «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жоба басталған тұста облысымыздың 10 мың тұрғынын оқыту межесін қойған болатын. Дегенмен бастаманың тиімділігін түсінген тұрғындар өздері ұсыныс тастаған соң қосымша әр ауылдық округте 5 күндік семинарлар өткізілді. Нәтижесінде, жоспарды 11 пайызға артық орындап, 11 215 тұрғын оқытылды, – дейді Дауыл Ынтықбайұлы.

Ал жобаның негізгі бағыты мен жұмысымен кеңірек танысу мақсатында облыс бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы, сарапшы Айман Ақынбековамен тілдескен едік.

– Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам» жобасы облысымызда үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба – қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарға бағыт-бағдар беріп, сауатты шешім қабылдауға жол ашатын маңызды бастама. Жоба аясында несие бойынша берешегі бар, борышкерлер тізіміне енген ауыл тұрғындары, мерзімі өткен қарыздары бар азаматтар мен жеңілдікпен несие алуға ниетті кәсіпкерлер екі жыл қатарынан қаржылық сауаттылық курстарынан өтті. 2023 жылы – 11 000, ал 2024 жылы – 10 500 адам оқып, арнайы сертификатқа ие болды. Өткен екі жылда оқыту тек офлайн форматта жүргізілсе, 2025 жылдан бастап жобаны іске асырудың екі нұсқасы қарастырылуда. Ол – офлайн және онлайн оқудан өту. Онлайн оқуды таңдаған азаматтар үш күндік оқу бағдарламасынан өтіп, білікті мамандардан консультация алады. Ал офлайн оқуға келмейтіндер, бірақ қаржылық мәселесі барлар бірден заңгердің көмегіне жүгінеді. Сонымен қатар олар онлайн курсқа тіркеліп, оқуды аяқтаған соң сертификат алу мүмкіндігіне ие болады. Облысымызда оқыту жұмысына тәжірибелі, кәсіби дайындықтан өткен төрт қаржы сарапшысы тартылған. Олар аудандарға және ауылдық округтерге барып, тұрғындарға офлайн оқыту жұмыстарын ұйымдастырып жүр.

Бүгінгі күнге дейін өткізілген курстарда отбасылық бюджетті тиімді жүргізу, банкроттық туралы заңнаманы түсіндіру, бизнес-жоспар құру, банктік депозиттер мен несиелер жайлы кең көлемде мағлұмат берілді. Әсіресе, көпшілік азаматтар қарыздарының 90 күннен асып кеткеніне байланысты қиын жағдаймен келіп жатады. Олардың жеке шоттары бұғатталған, жалақысы қарыздарын өтеуге жетпейді, банкроттық рәсімдеріне жүгінгісі келеді. Осындай жағдайда азаматтар арнайы заңгерлерге жіберіледі. Барлық қажетті құжаттар жиналып, несиелік тарихтары тексеріледі де, ақпараттар qogamfin.kz сайтына жүктеліп, Астана қаласына жолданады. Онда бұл мәселелермен айналысатын отызға жуық кәсіби заңгер бар. Олар әрбір қатысушының жағдайын жеке бақылауға алып, әрі қарайғы жұмыстарын үйлестіреді, – дейді Айман Тұрғанғазықызы.

Қаржылық сауаттылық курстары барысында тыңдаушылар тек жалпы теориямен шектеліп қалмай, нақты жағдайларға негізделген практикалық кеңестер алады. Маманның айтуынша, оқыту кезінде «Қай несиені бірінші жабу керек?», «Қай несие ең қымбат?», «Қай несиеден құтылған жөн?» деген сияқты өзекті сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, әр азаматтың қаржылық ахуалына жеке анализ жасалады. Осы талдау нәтижесінде «Қарыз картасы» құрылады. Бұл карта арқылы әрбір қатысушының қарыздық жағдайы анықталып, тығырықтан шығу жолдары ұсынылады. Мәселен, микроқаржы ұйымдарының пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары болғандықтан, ондай мекемелерден несие алған азаматтар, сол қарызын екі есе артық төлеуге мәжбүр болады. Бұл қаржылық ауыртпалықтың басты себептерінің бірі. Әсіресе бірнеше микроқаржы ұйымына және екінші деңгейлі банктерге берешегі бар азаматтардың төлем қабілеті төмендеп, жағдайлары банкроттық талаптарына сай келетін болса, онда олар бірден банкроттық рәсіміне жіберіледі. Ал тұрақты табысы бар, берешек көлемі тым ауыр емес азаматтар үшін арнайы төлем кестесі құрастырылады. Бұл график олардың табысына қарай ыңғайланып жасалып, қаржылық тұрақтылыққа оралуына көмектеседі.

– Жобаны жүзеге асыру барысында тәжірибе көрсеткендей, көпшілік азаматтар қаржылық жағдайының тым күрделі екенін айтып, банкроттық рәсіміне жүгінуге ниет білдіреді. Тіпті кейде сарапшылар тарапынан арнайы төлем кестесі ұсынылғанның өзінде, азаматтар 80-100 мың теңге көлеміндегі айлық төлемді де өтеуге қауқарсыз екенін алға тартып, бірден банкроттыққа өтініш беруді талап етеді. Алайда жоба аясындағы көмек нақты бір қарыз сомасына шектеу қоймайды. Яғни, берешегі қандай көлемде болмасын, 90 күннен астам мерзімі өткен несиесі бар кез келген азамат жобадан көмек ала алады. Ал егер азаматтың қарызы болмаса, ол «Қарызсыз қоғам» жобасының онлайн курсына тіркеліп, қаржылық сауаттылығын арттыра алады.

2025 жылдың 17 ақпанынан бастап жоба гибридті форматта – офлайн және онлайн режимде жүзеге асырыла бастады. Аталған жоба аясында D және E санатындағы, яғни 90 күннен астам мерзімі өткен несиелері бар азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсетілуде. 2025 жылға бекітілген жоспар бойынша 7 500 адамды офлайн оқыту, 16 500 адамды онлайн оқыту көзделуде. «Қарызсыз қоғам» жобасына өтініш берген азаматтарға шотты бұғаттан шешу, берешекті қайта құрылымдау, соттан тыс және сот банкроттығы, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, алаяқтықтан зардап шеккендерге көмек беріледі.

Онлайн оқудан өту үшін «qogamfin.kz» сайтына тіркелу қажет. Сілтеме «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «Қарызсыз қоғам» парақшасында көрсетілген.

Офлайн оқу бойынша облысқа сарапшылар бекітіліп, кесте бойынша аудан және ауылдық округтерде жұмыс істеп жатқандығын айтып өттім. Сондай-ақ «АМАNАТ» партиясының жергілікті филиалына да өтінім қалдыруға болады, – дейді сарапшы.

Жемісті жоба облыс тұрғындарының да көңілінен шығып, мұндай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табу керектігін жеткізуде.

– Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамда қолымызда бар қаржыны дұрыс жарата алмаймыз. Оның үстіне, несиені де қай банктен қандай үстемемен алу керектігін де білмейміз. Сондықтан қаржылық сауаттылық бүгінгі қоғамда үлкен маңызға ие. Бұл бағытта «AMANAT»  партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының біз секілді ауыл тұрғындары үшін берері көп деп ойлаймын. Жоба өткен жылы да ауылымызда ұйымдастырылған болатын. Ол кезде уақыттың тапшылығына байланысты курстан өте алмаған едім. Міне, биыл тағы ұйымдастырылып, курсқа қатысып, қаржылық сауаттылығымды арттыруға бел буып отырмын, – дейді Мәдімар ауылының тұрғыны Мейрамгүл Бижанова.

Жобаға биыл бірқатар жаңашылдық енгізілген. Яғни, қаржылық сауаттылық негізін мектеп қабырғасынан бастап оқыту жоспарланған. Ол үшін Үкіметпен бірлесіп оқушыларға, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралдары әзірленген. Айта кетейік, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу мен жеке кабинетін ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін жасауға дейінгі көптеген сұрақ бойынша кеңес ала алады.

Биыл еліміз бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 150 мыңға жуық адамды қаржылық сауаттылығын арттыру курсынан өткізу жоспарланып отыр.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар